Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Болашақта Мен сендерге айтып берген барлық баталар мен қарғыстар бастарыңа түсіп, Құдайларың Жаратқан Ие сендерді бытыратып шашып жіберген түрлі жат халықтардың арасында тұрып жатсаңдар, осы нұсқауларымды естеріңе алыңдар! Егер сендер және балаларың Құдайларың Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиеттерге сай Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен мойынсұнсаңдар, онда Құдай Иеміз сендерді құлдықтан қайтарып алып, аяп-мүсіркейді. Ол сендерді Өзі шашыратып жіберген халықтардың арасынан қайтадан жинап алмақ. Тіпті жердің қиыр шеттеріне аластатылған болсаңдар да, Құдай Иеміз сендерді сол жақтан да жинап, ата-бабаларың иемденген елге қайтарып алып келеді. Содан осы елге тағы да ие боласыңдар. Құдай Ие сендерді ата-бабаларыңнан да асқан дәулетті әрі сансыз көп етеді. Сендер Құдайларың Жаратқан Иені шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сүйіп, қайтадан елдеріңде өмір сүре алуларың үшін Ол сендердің және ұрпақтарыңның жүректеріңді жаңартып, күнәдан тазартатын болады. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сол қарғыстардың бәрін сендерді жек көріп, қудалаған жауларыңның бастарына түсіреді. Сендер қайтадан Жаратқан Иеге құлақ салып, мен бүгін өздеріңе беріп отырған өсиеттерінің бәрін орындайсыңдар. Содан Құдай Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді молынан жарылқап, сендерге көп бала, сансыз мал, ағыл-тегіл өнім сыйлайды. Жаратқан Ие ата-бабаларыңа істегеніндей, сендерге де қайтадан игілік сыйлап, сонысына қуанатын болады. Егер сендер Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұнып, осы Таурат заңы кітабында жазылған Оның өсиеттері мен ережелеріне бағынып, шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен Оған қайтадан бет бұрсаңдар, осылай болады. Шөлдегі кеуіп қалған өзендердіЛезде-ақ суға толтыратының секілді,Уа, Жаратқан Ие, игіліктеріміздіБіздерге қайтадан сыйлай гөр енді. Қорықпа, Мен саған жар боламын, ұрпақтарыңды шығыстан алып келемін, батыс елдерінен де сені жинаймын. Солтүстіктегі халықтарға: «Босатып жіберіңдер!» — деп, оңтүстіктегілерге де: «Жолынан қалдырмаңдар!» — деп бұйырамын. «Рухани ұл-қыздарымды алыстан, тіпті жердің қиыр шетінен де алып келіңдер! «Қайтыңдар Маған, уа, тұрақсыз балаларым! — дейді Жаратқан Ие. — Өйткені Мен сендердің қожайындарыңмын. Әр қаладан біреуден, әр рудан екеуден таңдап алып, сендерді Сионға әкелемін. Мен «отарымның» тірі қалғандарын Өзім айдап жіберген елдерден жинап аламын да, өздерінің еліне қайтарамын. Олар сонда өсіп-өнетін болады. Өйткені былай деп уәде беремін: Мен өз халқым (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы жер аударылудан қайтарып алып келемін. Сонда Өзім ата-бабаларына мұралық меншікке тапсырған елді олардың иемденетін уақыты жетеді. —
Выбор основного перевода