Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
— Едом еліндегі Босорадан келе жатқан, қан қызыл шапан жамылған мына Кісі кім екен? Сән-салтанатпен киініп, зор күшпен алға басқан Бұл кім Өзі? — Ол:— Мен әділдікті айтамын, құтқаруға құдіреттімін, — дейді. — Неліктен киімдеріңіз бен шапаныңыз қып-қызыл? Олар арнайы шұңқырда жүзімді таптап, қызыл шырынын сығып шығаратын кісінің киіміндей қан қызыл ғой? — Мен «жүзімдерді» жалғыз таптадым, халықтардан ешкім қасымда болып көмектеспеді. Ашуға мініп, зұлым жауларымды таптап, қаһарлана басып-жаншыдым. Солардың қаны шапаныма шашырап, барлық киімдерім де ластанды. Мен халқымды езгіден құтқаратын жыл келді, арамза жауларыма жазаларын тартқызатын мезгіл жетті деп ұйғардым. Айналама қарасам, Маған көмектесіп, сүйеніш болатын ешкімнің жоқтығына қатты таңғалдым. Сонда құтқаруды өз құдіретті қолыммен іске асырдым, өз қаһарым Өзіме сүйеніш болды. Мен ашуға мініп, зұлым халықтарды таптадым. Оларды қаһарыммен мас қылып теңселтіп, қандарын жерге төктім. Алайда осы күн — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеге тиесілі күн! Ол сол күні өз жауларын қатаңдықпен соттап, оларға лайықты жазаларын тартқызады. Семсер тойғанша, шөлін қанға қандырып болғанша жалмай беретін болады. Өйткені Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сол жауларды солтүстіктегі жерде Евфрат өзенінің бойында құрбандық шалғандай қырып тастайды. Әлемнің Иесі Едом туралы мынаны айтады: «Теманда даналықтың қалмағаны ма? Ондағы данышпандар ақыл-парасаттан айырылып, даналықтан құр қалған ба? Кері бұрылып, қашыңдар, ей, Деданның тұрғындары! Терең үңгірлерге жасырыныңдар! Әйтпесе Мен Есаудың үрім-бұтағын жазалап, жермен-жексен қылғанда, сендер де соның кесірін тартып жүрерсіңдер. Жүзім жинаушылар жүзімді жинағанда біразын қалдырып отырады. Түнде ұрылар түссе, олар сондағы дүниені өздеріне керегінше ғана ұрлап әкетеді. Бірақ Мен Есаудың елін толығымен жалаңаштаймын. Бас сауғалайтын жерлердің бәрін ашып, сонда оған жасырынатын орын қалмайды. Күллі балалары мен бауырлары, көрші-қолаңдары қырылып, Едом халқы ғайып болады. Жетім балаларыңды Маған қалдыр, Мен олардың жанын аман сақтаймын. Жесірлерің де Маған сенім артатын болсын!» Жаратқан Ие мынаны айтады: «Тіпті Менің қаһарыма толы тостағаннан дәм татуға бұйырылмаған жазықсыздарға содан дәм татуға тура келсе, сен неліктен қасірет шекпеймін деп ойлайсың? Жоқ, сен де жазасыз қалмай, соның қасіретін шегетін боласың! (Едомның астанасы) Босора қирап, елсіз бос қалып, үйіндіге айналады. Ол басқаларға қорқынышты көрініс болып, олардың келекесі мен қарғысына қалады! Оған қарасты елді мекендер де біржола қирайды, — деп өз атыммен ант етемін». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. Жаратқан Иеден жеткен бір хабарды естідім, халықтардың арасына бір шабарман жіберілді. Ол: «Жиналып, аттаныңдар! Оған қарсы шайқасуға шығыңдар!» деп жариялайды. (Жаратқан Ие Едомға былай деп ескертеді:) «Біліп қой, Мен сені ұлттардың арасында шағын әрі жұртқа елеусіз қыламын. Басқаларға сес көрсетіп кеуде көтеріп, соған алданып кеттің. Жартастардағы қорғандарда тұрып, биік қыраттарды иемденіп келесің. Алайда тіпті ұяңды бүркіттей қияға салсаң да, бәрібір Мен сені сол жерден де құлатып түсіремін! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Осылай Едом елі қорқынышты көрініске айналады. Өткен-кеткен адамдардың бәрі оның қирап жатқанын көргенде аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып табалайтын болады. Едом елі ежелгі Содом мен Ғомора және оларға көршілес қалалар сияқты құрып, жермен-жексен болады. Онда ешкім қоныстанбайды, адам баласы оны мүлдем мекендемейді». — Жаратқан Ие осыны нық айтады. «Мен Иорданның бойындағы ну тоғайлардан шыға келіп, шұрайлы жайылымдағы ұсақ малға бас салатын арыстан сияқты, әп-сәтте Едомды өз жерінен қуып жіберемін. Бұл үшін Мен тағайындайтын таңдаулым кім екен? Менімен теңдес болып, Мені жауапқа тарта алатын ешкім жоқ. Маған қарсы тұра алатын ешбір бақташы да жоқ. Сондықтан Мен, Жаратқан Ие, Едомға және ондағы Теман қаласының тұрғындарына қарсы не жоспарлағанымды тыңдаңдар: Едом халқы, тіпті олардың балалары да міндетті түрде басқа жаққа айдалып әкетіледі. Істеген қылықтарының кесірінен олардың мекендері сөзсіз қаңырап бос қалады. Олардың құлдырағанынан жер бетіндегі халықтар дірілдейді, қиналған айқайлары тіпті Ақаба шығанағына дейін де жаңғырып естіледі. Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып, шарықтап, шүйілген бүркіт секілді Босора қаласына бас салмақ. Сол күні Едомның батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады». — Мен сендерді сүйіп келемін, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Бірақ сендер: «Сен бізді қалайша сүйіп келесің?!» деп сұрайсыңдар. — Жаратқан Ие: — Есау Жақыптың туған ағасы емес пе еді? Бірақ Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, ал Есауды таңдамадым. Оның қыратты аймағын қаңыраған бос далаға айналдырып, меншікті жерін құла түздің шибөрілеріне қалдырдым, — деп жауап береді. Едом:— Біз қирасақ та, үйінділерімізді қайта тұрғызып ала аламыз! — десе де, Әлемнің Иесі мынаны айтады:— Олар тұрғызса да, Мен қайтадан қиратып тастаймын. Олардың жері — «Зұлымдық елі», халқы — «Жаратқан Иенің наразылығына ұдайы іліккен халық» деп аталып кетеді.
Выбор основного перевода