Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғамның патшалық құрған жиырма жетінші жылы Амасиях ұлы Ұзиях Яһуда елінің патшасы болды. Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған екінші жылы Ұзиях ұлы Жотам Яһуда елінің патшасы болды. Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған он жетінші жылы Жотам ұлы Ахаз Яһуда елінің патшасы болды. Сол кезде оның жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады. Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді. Ахаз тіпті өз ұлын (жалған тәңірге арнап) құрбан етіп өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде исраилдіктердің алдынан елден қуып шыққан азғын халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді. Бұл уақытта Араманың патшасы Ресин және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах (Яһуда елінің астанасы) Иерусалимге өрлеп аттанып, оған қарсы шабуыл жасады. Олар қаланы қоршап алғанмен, Ахаз патшаны жеңе алмады. Сол кездері Арама патшасы Ресин (Ақаба шығанағындағы кеме тоқтайтын) Елат қаласын қайтадан иемденіп алып, қаладан яһудалықтарды толығымен аластатты. Едомдықтар сонда көшіп барып, күні бүгінге дейін тұрып жатыр. Содан Ахаз Ассур патшасы Тығылат-Пеләсерге елшілерін жіберіп, мынадай сәлемін жолдады: «Сіздің құлыңызбын, сізге балаңыздай мойынсұнамын! Осында аттанып келіп, мені Арама мен Солтүстік Исраилдің патшаларының қолынан құтқарсаңыз екен! Олар маған қарсы шабуыл жасауда!» — Ахаз, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінің және патшалық сарайдың қазына қоймаларынан табылған алтын-күмісті жинап алып, Ассур патшасына сыйлыққа жіберді. Сонда Ассур патшасы оның тілегін орындап Дамаскіге жорыққа аттанып, қаланы басып алды. Содан қаланың бүкіл халқын шығыстағы Кир аймағына жер аударып, Ресин патшаның өзін өлтіріп тастады. Бұдан кейін Ахаз патша Ассур патшасы Тығылат-Пеләсермен кездесуге Дамаск қаласына барды. Дамаскідегі (жалған тәңірге бағышталған) құрбандық үстелін көргенде, Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға құрбандық үстелінің бейнесін және оны тұрғызудың толық жобасын жіберді. Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның Дамаскіден жіберген күллі нұсқауларына сәйкес құрбандық үстелін жасатып, оны патша қайтып келерінің алдында бітіріп қойды. Дамаскіден қайта оралғаннан кейін патша жаңадан салынған құрбандық үстелін қарап шығып, жанына көтеріліп барды. Оның үстінде өзінің түгелдей өртелетін құрбандығы мен астық тартуын өртеп, сұйық тартуын және ризашылық білдіретін құрбандығының қанын төгіп (жалған тәңірлерге) ұсынды. Ал Жаратқан Иеге бағышталған қола құрбандық үстелін Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы өз орнынан, яғни жаңадан орнатқызған құрбандық үстелі мен Жаратқан Иенің киелі үйінің арасынан, алып тастап, оны жаңа құрбандық үстелінің солтүстік жағына қарай жылжытып қойды. Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға былай деп нұсқау берді: «Жаңадан салынған дәу құрбандық үстелінде таңертең шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар, кеште астық тартулары ұсынылсын! Онда патша мен халықтың өртелетін құрбандықтары мен астық тартулары және халықтың сұйық тартулары да ұсынылып, үстіне құрбандыққа шалынған барлық малдардың қаны төгілетін болсын! Ал қола құрбандық үстелі менің болашақ жайттарды болжап білуіме арналмақ». Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның осы нұсқауларының барлығын бұлжытпай орындады. Содан соң Ахаз жылжымалы қола тұғырлардың шеттерін кестіріп, үстіндегі қазандарды алдыртып тастады. Патша дәу қазанды да он екі бұқа мүсіні тәрізді қола тұғырдан алдыртып, оны тас төселген басқа негізге орнатты. Ассур патшасына жағыну үшін ол, сондай-ақ, киелі үйдің ауласындағы демалыс күнге арналған жабық жолды алып тастап, патшаның Жаратқан Иенің киелі үйіне апаратын сыртқы кіреберісін жауып қойды. Ахаздың қалған істері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды. Құдайдың Яһуда елі мен Иерусалим қаласы туралы Амос ұлы Ишаяға аян арқылы білдірген хабары: Яһуда елінде Ұзияхтың немересі Жотамның ұлы Ахаз патшалық құрған кезде Арама патшасы Ресин мен Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах екеуі Иерусалимге қарсы аттанып, шабуыл жасады. Алайда олар қаланы басып ала алмады. Кейін тағы да «Арама Солтүстік Исраилмен бізге қарсы одақтасты!» деген суық хабар Дәуіттің әулетіне жетті. Содан Ахаз патша мен оның халқының қорыққаны сонша, дауыл шайқаған орман ағаштарындай дірілдеді. Ал Жаратқан Ие Ишаяға бұйрық беріп былай деді: «Сен ұлың Шеяр-Язубты ертіп алып, қаланың сыртында Ахазбен жолық. Оны Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың соңынан, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жол бойынан табасың. Ахазға мына хабарымды жеткіз: Абай болып, тыныштық сақта! Ана бықсып, шала жанған екі отындық ағашқа ұқсайтын жауларыңнан қорықпа! Ресин мен Араманың және сол бір Ремалиях ұлының лаулаған қаһарынан зәрең ұшпасын!» Рас, Арама Ефреммен, оның патшасы Ремалиях ұлымен бірге саған қарсы зұлым жоспар құрды: «Кәне, Яһудаға қарсы аттанып, үрейін ұшырайық! Елді өзара бөлісіп алып, оған Табеил ұлын патша етіп тағайындайық!» дейді. Алайда Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Бұл ешқашан да жүзеге аспайды! Себебі Дамаск тек Араманың бас қаласы, ал Ресин небәрі Дамаскінің басы ғана болады. Ефремге келсек, ол алпыс бес жылдың ішінде талқандалып, халық болудан қалады. Самария тек Ефремнің бас қаласы, ал Ремалиях ұлы небәрі Самарияның басы ғана бола береді.Ал егер сенімдеріңде берік тұрмасаңдар, онда (жауға қарсы) берік тұра алмайсыңдар!» Жаратқан Ие Ахаз патшаға тағы бір хабар жіберіп: — Осыны істейтіндігімді саған дәлелдеуім үшін Менен, Құдайың Жаратқан Иеден, бір керемет жасауымды сұра! Бұл керемет іс жердің терең тұңғиығынан немесе аспанның қиыр шетінен болса да, сұрай бер! — деп бұйырды. Бірақ Ахаз:— Жоқ, мен соны сұрамаймын! Жаратқан Иені осылайша сынағым келмейді, — деп бас тартты.
Выбор основного перевода