Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
— Исраил халқына мынаны айт: жетінші айдың он бесінші күні Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамы басталады; ол жеті күнге созылады. Мейрамның бірінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп ешқандай жұмыс істеулеріңе болмайды. Жеті күн бойы Жаратқан Иеге өртеу арқылы тартулар ұсынып, сегізінші күні де соны істеп, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Жаратқан Ие белгілеген мейрамдар осылар. Сол кездерде сендер бағышталған жиналыстар жариялаңдар және Оған арнап мына сый-тартуларды өртеу арқылы ұсыныңдар: шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын, басқа құрбандықтар мен сұйық тартуларды. Бұлардың әрқайсысын белгіленген әр күні Жаратқан Иеге ұсынуларың қажет. Осы мейрамдарды Жаратқан Ие белгілеген демалыс күндерінен басқа қосымша сақтауға тиіссіңдер. Сондай-ақ, бұл тартулар — сендер Жаратқан Иеге ұсынатын өзге де сый-тартулардан, әрі Оған ант еткен және өз еріктеріңмен беретін тартуларыңнан басқа, қосымша ұсынатын құрбандықтарың мен тартуларың. Осылайша сендер елдің өнімін жинап болған соң, жетінші айдың он бесінші күнінен бастап жеті күн бойы Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамын өткізіңдер. Оның бірінші күні мен сегізінші күні толықтай тынығатын демалыс күндері болсын. Бірінші күні таңдаулы ағаштардың жемістерін, пальма бұтақшаларын әрі жапырағы мол өзге ағаштардың және өзен жағасындағы талдардың бұтақшаларын жинап, күркелер жасап алыңдар. Құдай Иелеріңнің алдында жеті күн бойы шаттана тойлаңдар. Осы мейрамды Жаратқан Иенің құрметіне арнап жыл сайын жеті күн бойы өткізіңдер. Бұл — өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже: мейрамды жетінші айда тойлауларың керек! Жеті күн бойы бұтақшадан жасалған күркелерде тұрыңдар. Исраилдік болып туған әркім осыны істеуге тиіс. Сонда сендердің келер ұрпақтарың да Менің Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққанда оларды күркелерде тұрғызғанымды білетін болады. Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін. Осылайша Мұса исраилдіктерге Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарын жариялап айтып берді. Жетінші айдың он бесінші күні де Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіп, сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер. Жеті күн бойы Жаратқан Иеге арнап мейрам өткізіңдер. Сонда Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде он үш жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын. Оларға тиісті астық тартуын: он үш жас бұқаның әрқайсысы үшін — пұттың оннан үш бөлігі, екі қошқардың әрқайсысы үшін — пұттың оннан екі бөлігі, он төрт тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыну керек. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Мейрамның екінші күні он екі жас бұқа, екі қошқар, бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Мейрамның үшінші күні он бір жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Мейрамның төртінші күні он жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Мейрамның бесінші күні тоғыз жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Мейрамның алтыншы күні сегіз жас бұқа, екі қошқар, бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені де шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Мейрамның жетінші күні жеті жас бұқа, екі қошқар және бір жылдық он төрт еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, ұсыныңдар. Олардың бәрі де мінсіз болсын. Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Мейрамның сегізінші күні салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер. Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту ретінде бір жас бұқа, бір қошқар және бір жылдық жеті еркек тоқтыны құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберіңдер. Құрбандықтардың бәрі де мінсіз болсын. Сол жас бұқаларға, қошқарлар мен тоқтыларға тиісті астық және сұйық тартуларын белгіленген мөлшерде ұсыныңдар. Өздеріңнің жасаған күнәларыңның құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалып, ұсыныңдар. Сондай-ақ, күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты, оған тиісті астық және сұйық тартуларын да әкеліңдер. Белгіленген мейрамдарыңның кезінде аталып өткен құрбандықтар мен сый-тартуларды Жаратқан Иеге ұсыныңдар. Оларды өздеріңнің Жаратқан Иеге ант еткен құрбандықтарыңа, ерікті сый-тартуларыңа, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарыңа, астық және сұйық тартуларыңа әрі Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңа қоса ұсыныңдар!» Астық бастырып, жүзім шырынын сығып болғаннан кейін жеті күн Күркелер мейрамын өткізіңдер. Мейрамды ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, жат жұрттықтармен, жетім-жесірлермен бірге шаттана тойлаңдар. Осы мейрамды Құдайларың Жаратқан Иенің құрметіне Өзі тағайындаған орында жеті күн бойы өткізіңдер. Себебі Құдай Ие сендерге мол өнім беріп, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сондықтан зор шаттыққа кенелесіңдер. Сонымен барлық ер адамдарың Құдайларың Жаратқан Иенің алдына, Өзі таңдап алған орынға жылына үш рет барулары керек: Ашымаған нан мейрамы, Жеті апта мейрамы және Күркелер мейрамы кезінде. Олар Жаратқан Иенің алдына құр қол бармай, әрқайсысы Құдай Иеміздің өздеріңді жарылқағанына сәйкес, хал-жағдайына қарай сый-тартулар ұсынсын. Құдайларың Жаратқан Ие сендерге табыстап отырған елді мекендеріңнің бәрінде барлық руларыңа арнап төрешілер мен басқарушылар тағайындаңдар. Олар халыққа әділ билік айтуға міндетті болады.
Выбор основного перевода