Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: — Исраил халқына мынаны айт: Менің тағайындаған мейрамдарым төмендегідей. Оларды Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған жиналыс күндері деп жариялаңдар! Аптаның алты күнінде еңбектеніп жұмыс істеулеріңе болады, ал жетінші күн — тынығатын демалыс және киелі жиналыс күні. Сол күні ешқандай жұмыс жасамаңдар! Барлық мекендеріңде бұл күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні. Ал (демалыс күнінен басқа) Жаратқан Иенің жиналуға тағайындаған киелі мейрамдары мыналар, оларды жыл сайын белгіленген уақытында өздерің жариялаңдар! Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күнінің кеш батқан кезінен бастаңдар. Осы айдың он бесінші күні Жаратқан Иенің Ашымаған нан мейрамы басталады. Сол күннен бастап жеті күн бойы тек ашытқысыз пісірілген нан жеңдер! Мейрамның бірінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар! Жеті күн бойы Жаратқан Иеге құрбандық-тартулар әкеліп, өртеп ұсыныңдар. Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Еңбектеніп жұмыс жасамаңдар! Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: Исраил халқына мынаны тапсыр: Мен өздеріңе табыстағалы отырған осы елге еніп, егін өнімін жинайтын кездеріңде жинаған алғашқы егіннің бірінші бауын діни қызметкерге алып келіңдер. Жаратқан Ие оны мақұлдап қабылдау үшін діни қызметкер сол бауды Оның алдында демалыс күнінен кейінгі күні әрі-бері тербеп ұсынсын. Бауды әрі-бері тербеп ұсынған күні мінсіз бір жасар тоқтыны түгелдей өртелетін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалып, өртеп жіберіңдер. Соған тиісті астық тартуы ретінде зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын Жаратқан Иеге арналған хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберіңдер. Сұйық тарту ретінде бір шағын құмыра шарап ұсыныңдар. Осы тартуларды Құдайыңның алдына алып келген күнге дейін (алғашқы өнімнен пісірілген) ешқандай нан, ешбір қуырылған не жаңадан піскен арпа жемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде келер ұрпақтарыңа да тапсырылған тұрақты ереже болады. — Сендер егіннің бірінші бауын әрі-бері тербеп ұсынған Құтқарылу мейрамынан бастап жеті апта мен бір күнді (яғни елу күнді) санап шығыңдар. Осылай жетінші демалыс күні өтіп, елуінші күн басталғанда Жаратқан Иеге жаңа өнімнен астық тартуын алып келіңдер. Тұрған мекендеріңнен алғашқы өнімнің әрі-бері тербеп ұсынылатын тартуы ретінде пұттың оннан екісіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнынан ашытқы қосылып пісірілген екі бөлке нанды алып, Жаратқан Иеге ұсыныңдар. Осы екі нанға қоса сендер (жамағат болып бірігіп) бір жасар, ешбір мінсіз жеті еркек тоқтыны, бір жас бұқаны және екі қошқарды алып келіңдер! Осының бәрі астық әрі сұйық тартуларымен қоса Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық болады. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды сый-тарту болады. Содан соң күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір текені және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық ретінде бір жасар екі тоқтыны құрбандыққа шалыңдар. Діни қызметкер сол екі тоқтыны алғашқы өнімнен дайындалған нанмен бірге Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі тарту — діни қызметкерге тиесілі үлес. Сендер халыққа дәл сол күнді Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс күні деп жариялап, еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Бұл — барлық мекендеріңде өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже. Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды: — Исраил халқына мынаны жеткіз: жетінші айдың бірінші күні демалып, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Мейрамның басталуын керней тартып жариялаңдар. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер, Жаратқан Иеге өртеу арқылы тарту ұсыныңдар. Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді: — Жетінші айдың оныншы күні — халықты және кездесу шатырын күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалатын күн. Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер; Оған ерекше бойсұнып ораза ұстаңдар әрі өртеу арқылы тарту ұсыныңдар. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Себебі ол күн — күнәнің арамдығынан тазартылу күні. Сонда сендер Құдайларың — Жаратқан Иенің алдында күнәнің арамдығынан тазартыласыңдар. Сол күні Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстамаған әрбір адам халқының арасынан аластатылсын. Жаратқан Ие — Мен сол күні жұмыс істеген әркімді халқының арасынан құртамын. Сонымен сол күні ешқандай жұмысты істемеңдер! Бұл барлық мекендеріңде өздеріңе және болашақ ұрпақтарыңа арналған тұрақты ереже болады. Осы күн — өздерің толықтай тынығатын демалыс күні, онда Құдайға ерекше бойсұнып ораза ұстауларың керек. Жетінші айдың тоғызыншы күнінің кешінен бастап келесі күннің кешіне дейін осы демалыс күнін ұстануларың қажет. Жаратқан Ие тағы да Мұсаға тіл қатып былай деді: — Исраил халқына мынаны айт: жетінші айдың он бесінші күні Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамы басталады; ол жеті күнге созылады. Мейрамның бірінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп ешқандай жұмыс істеулеріңе болмайды. Жеті күн бойы Жаратқан Иеге өртеу арқылы тартулар ұсынып, сегізінші күні де соны істеп, Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер! Жаратқан Ие белгілеген мейрамдар осылар. Сол кездерде сендер бағышталған жиналыстар жариялаңдар және Оған арнап мына сый-тартуларды өртеу арқылы ұсыныңдар: шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен астық тартуларын, басқа құрбандықтар мен сұйық тартуларды. Бұлардың әрқайсысын белгіленген әр күні Жаратқан Иеге ұсынуларың қажет. Осы мейрамдарды Жаратқан Ие белгілеген демалыс күндерінен басқа қосымша сақтауға тиіссіңдер. Сондай-ақ, бұл тартулар — сендер Жаратқан Иеге ұсынатын өзге де сый-тартулардан, әрі Оған ант еткен және өз еріктеріңмен беретін тартуларыңнан басқа, қосымша ұсынатын құрбандықтарың мен тартуларың. Осылайша сендер елдің өнімін жинап болған соң, жетінші айдың он бесінші күнінен бастап жеті күн бойы Жаратқан Иеге арналған Күркелер мейрамын өткізіңдер. Оның бірінші күні мен сегізінші күні толықтай тынығатын демалыс күндері болсын. Бірінші күні таңдаулы ағаштардың жемістерін, пальма бұтақшаларын әрі жапырағы мол өзге ағаштардың және өзен жағасындағы талдардың бұтақшаларын жинап, күркелер жасап алыңдар. Құдай Иелеріңнің алдында жеті күн бойы шаттана тойлаңдар. Осы мейрамды Жаратқан Иенің құрметіне арнап жыл сайын жеті күн бойы өткізіңдер. Бұл — өздеріңе және келер ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже: мейрамды жетінші айда тойлауларың керек! Жеті күн бойы бұтақшадан жасалған күркелерде тұрыңдар. Исраилдік болып туған әркім осыны істеуге тиіс. Сонда сендердің келер ұрпақтарың да Менің Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққанда оларды күркелерде тұрғызғанымды білетін болады. Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін. Осылайша Мұса исраилдіктерге Жаратқан Иенің тағайындаған мейрамдарын жариялап айтып берді. Сол күні өртеліп ұсынылатын тартулар мен құрбандықтардың көп болғаны сонша, киелі үйдің алдындағы қола құрбандық үстелі олардың барлығын сыйғыза алмай қалды. Сондықтан патша Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы ауланың ортаңғы бөлігіне ерекше тазарту рәсімін жасатып, оны да сол мақсатқа бағыштады. Осылай бұл жерде де толығымен өртелетін құрбандықтар, астық тартулары және ризашылық білдіру үшін шалынған құрбандықтардың майлы бөліктері өртеліп ұсынылды. Яһуда патшасы Езекия жиналған халық үшін құрбандыққа шалуға мың өгіз бен жеті мың қой, ал әміршілер тағы да мың бұқа мен он мың қой-ешкі берген болатын. Бұл жолы діни қызметкерлер көптеп тазару рәсімінен өтіп қойған еді. Жосия халыққа Құтқарылу мейрамына арнап отыз мың тоқты-текешік, сонымен қатар үш мың мүйізді ірі қара малды сыйлады. Мұның бәрі өзінің жеке малы болатын. Осы жеті күн өткеннен кейінгі сегізінші күннен бастап әрі қарай, діни қызметкерлер сол құрбандық үстелінде сендердің шалынып, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңды ұсынатын болсын. Сонда Мен сендерді рақыммен қабылдаймын», — деп уәде етеді Жаратушы Тәңір Ие. Әміршінің демалыс күні Маған, Жаратқан Иеге, арнап алып келетін, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтары мінсіз алты еркек тоқты және мінсіз бір қошқар болсын. Қошқарға қоса ұсынылатын астық тартуы бір пұт бидай ұны, ал тоқтыларға қоса берілетін астық тартуы әміршінің өз еркіне қарай болсын. Әмірші әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майын қоса ұсынуы керек. Айдың алғашқы күні әмірші бір жас бұқаны, алты тоқты мен бір қошқарды құрбандыққа ұсынуы керек. Малдардың бәрі де мінсіз болуға тиіс. Әмірші жас бұқаға және қошқарға қоса бір пұттан бидай ұнын тарту етсін. Ал тоқтыларға қоса ол астық тартуын өз еркіне қарай барынша берсін. Оның әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майын қоса беруі де қажет. Әмірші қақпа ғимаратына кіргенде, соның бағаналы кіреберісі арқылы өтіп, сол жолмен кері шығып кететін болсын. Елдің халқы белгіленген мейрамдарды тойлауға Жаратқан Иенің алдына келгенде, Солтүстік қақпа ғимаратынан кіргендері Оңтүстік қақпа ғимаратынан, ал Оңтүстік қақпа ғимаратынан кіргендері Солтүстік қақпа ғимаратынан шығатын болсын. Әркім кірген қақпа ғимаратынан шықпай, қарама-қарсы қақпа ғимаратынан шығатын болсын. Сол мейрамдарда әмірші халықтың арасында болып, аулаға олармен бірге кіріп, бірге шығатын болсын. Сонымен ғибадатханадағы арнайы жиындарда және белгіленген мейрамдарда құрбандыққа шалынатын әр бұқа мен қошқарға қоса ұсынылатын астық тартуының мөлшері бір пұттан болсын. Тоқтыларға қоса ұсынылатын бидай мөлшері құрбандық шалушының еркіне сай болмақ. Тарту етілген әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майы қоса әкелінсін. Әмірші Жаратқан Иеге арнап не шалынып, түгелдей өртелетін, не Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықты ерікті тарту ретінде ұсынбақ болғанда, оған ішкі ауланың шығысқа қарап тұрған қақпа ғимараты ашылуы керек. Ол өзінің құрбандықтарын демалыс күні жасалатындай етіп ұсынсын. Содан соң әмірші шығып кетіп, қақпа қайтадан жабылсын.
Выбор основного перевода