Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Олар қомағай, тоюды білмейтін төбеттерге ұқсас! Түсінігі жоқ осы бағушылардың бәрі өз беттерімен жүріп, әрқайсысы өз пайдасын ғана ойлайды. — Халқымды жетелейтін бағушылар да ақылдарынан айырылып, Жаратқан Иеге бет бұрып сиынбайды. Сондықтан да олар ешқандай табысқа жетпей, қарауларындағы бүкіл халық шашырап қаңғып кеткен. Ей, «бақташылар», жылап-сықтаңдар, «отардың жетекшілері», қатты қайғырып күлге аунаңдар! Сендердің қырылып, бытырап кететін уақыттарың келді. Сендер құлап, қымбат ыдыстай сынып қаласыңдар. Менің халқым қойлар сияқты жоғалып кетті. Бағушылары азғырып, тауда адастырып жіберген олар тау-төбелерді кезіп, өздерінің тынығатын жерін ұмытқан. «Ей, пендем, Менің хабарымды жеткізгенсіген Исраилдің пайғамбарсымақтарына сен хабарымды жеткіз. Өз қиялдарынан пайғамбарлық сөз ойлап шығарып жүрген оларға былай де: «Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: (Мен көрсеткен) аянды көрмей, өз қиялдарына еріп жүрген ақымақ пайғамбарсымақтар қасіретке қалады! Уа, Исраил, сол пайғамбарларың қираған үйінділердің арасын кезіп жүрген шибөрілер сияқты. Жаратқан Иенің соты күні туып, шайқас болғанда қамал қабырғасы Исраил халқының айналасында шайқалмай берік тұруы үшін сол қабырғаға шығып, ондағы жарықтар мен бұзылған жерлерді жамап-жөндеу керек болар еді. Бірақ сол жалған пайғамбарлар бұған еш кіріспеді. Олардың көрген аяндары өтірік, айтқан сәуегейліктері құр бос сөз. Себебі өздерін Мен, Жаратқан Ие, жібермесем де, олар: «Бұл — Жаратқан Иенің айтқаны!» деп жариялайды. Және сол сөздері қалайда орындалады деп дәмеленеді. Мен сендерге сөзімді арнап, ештеңе айтпасам да, «Бұл — Жаратқан Иенің айтқаны» деулерің өтірік аян мен жалған болжам емес пе?!» Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Сендердің өтірік сөз айтып, жалған аян көргендеріңе бола, Мен сендерге қарсы боламын! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мұны нық айтамын. Жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтатын пайғамбарларға қарсы қолымды созамын. Енді қайтып Менің халқымның қауымында оларға орын болмайды. Сөйтіп олар Исраил халқының шежірелеріне тіркелмейді де, Исраил еліне қайтып келмейді де. Сонда сендер Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білетін боласыңдар. Себебі сол жалған пайғамбарлар тыныштық жоқ кезде халқымды «Тыныштық бола береді!» деп адастырды. Бұл, әлсіз қабырға тұрғызып, оны әкпен сылап әсемдеумен бірдей. Солай әктейтіндерге былай де: Қабырға құлайды! Жаңбыр қатты құйып, дәу бұршақ жауып, жойқын дауыл көтеріледі, сонда қабырға құлап түседі. Қабырға құлаған кезде халық сендерден: «Қабырғаны әктеген едіңдер ғой, неге құлап түсті?» деп сұрамай ма?» Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен қатты ашуланып, алапат дауыл жіберемін. Қаһарым лаулап, бұршақ пен жаңбырды жойқын күшпен жаудырамын. Сендер әкпен сылаған қабырғаны Мен құлатып, жермен-жексен қыламын. Осылайша оның түп негізі ашылып қалады. Ол құлағанда, онымен бірге өздерің де құрисыңдар. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар. Осылай Мен қаһарымды қабырғаға және оны әкпен сылағандарға төгемін. Сендерге: «Қабырға да құрыды, оны әктегендер де құрыды» дейтін боламын. Олар — тыныштық жоқ кезде «Иерусалимде тыныштық бола береді!» деп пайғамбарлық сөз айтқансып, аян көргенсіген жалған пайғамбарлар! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыларды нық айтамын». «Пендем, Исраилдің «отарын бағушы» жетекшілеріне қарсы Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Ей, өздерін ғана бағатын Исраилдің бақташылары, сендер қасіретке қаласыңдар! Қойды баққан отарын қамқорлауға міндетті емес пе? Сендер оның майлы сүтін ішіп, жүнінен киім киесіңдер, қоңдыларын сойып жейсіңдер, бірақ отарларыңды дұрыс бақпайсыңдар. «Осылайша сендер Менің жайылымымда бағып жүрген «отарым» — адамдарымсыңдар, ал Мен сендердің Құдайларыңмын!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. Оларды сатып алып кеткендер қырып салып, жазасыз қала береді. Ал оларды сатып жібергендер: Жаратқан Иеге шүкірлік, байып алдық! — дейді. Тіпті бақташылардың өздері баққан малын аямайды. Отарын тастап кеткен жаман бақташы қасіретке қалады-ау! Семсер оның қолы мен оң көзіне қадалсын! Сонда оның қолы әбден солып, оң көзі мүлдем көрмей қалады!» Ал бағушы емес жалданған адам қойлар өзінікі болмағандықтан, қасқырды көрсе, отарын тастай қашады. Қасқыр қойға шауып, оларды жан-жаққа бытыратып жібереді. Жалшы отарын тастай қашады, өйткені ол — жай жалданушы, қойлардың қамын ойламайды.
Выбор основного перевода