Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Ақырында ол Қанахан елінде, қазір Хеброн деп аталатын Кирият-Арба қаласының маңында дүниеден өтті. Ыбырайым Сараны жоқтап қайғырып, оның шатырына кірді. Кейін ол мәйіттің қасынан шығып, сол жерде тұрған хеттік ақсақалдарға барып, олардан: — Мен араларыңызда жүрген жат жұрттық кірмемін. Үйде жатқан марқұм әйелімді жерлеуге ешқандай меншікті жерім жоқ. Маған зират үшін бір жер танабын сатсаңыздар екен, — деп өтінді. Хеттік ақсақалдардың жауабы мынау болды: — Қымбатты мырза, бізге құлақ асыңыз. Сіз арамызда Құдайдың батасы қонған көсем болып тұрып жатырсыз. Марқұмды біздегі ең жақсы қабірге апарып қойыңыз. Ешқайсымыз да зиратқа арналған жерлерімізді сізге беруден бас тартпаймыз. — Сонда Ыбырайым орнынан тұрып, хеттіктерге басын иіп былай деді: — Егер марқұм әйелімді осы маңайда жерлесін десеңіздер, мына өтінішімді Сохар ұлы Ефронға жеткізсеңіздер екен. Ол маған өзіне тиісті егістіктің шетіндегі Махпела үңгірін меншікті зират ретінде сатсын. Оған сіздердің көз алдарыңызда толық бағасын беремін. Хеттік Ефрон да қала қақпасындағы алаңда жиналған жерлестерінің арасында отырған еді. Ол бәрінің алдында Ыбырайымға жауап беріп: — Жоқ, мырзам, менің ұсынысымды тыңдаңыз. Мен сізге егістікті беремін. Мұндағы ұлттастарымның көзінше сізге егістікте орналасқан үңгірді де қоса беремін. Сонда марқұм әйеліңізді қоярсыз, — деді. Ыбырайым елдің адамдарына тағы да басын иіп, барлығының алдында Ефронға былай деді:— Тыңдаңыз, мен сізге егістік үшін тиісті құнын төлеймін, оны қолымнан қабыл алыңыз. Сонда бұл жер марқұм әйелімнің зираты болмақ. — Ефрон оған ойын білдіріп: — Мырзам, жарайды. Танаптың құны — төрт жүз мысқал күміс, бұл мен үшін де, сіз үшін де түк емес. Марқұмды сонда жерлей беріңіз, — деді. Ыбырайым келісіп, хеттіктердің көзінше Ефрон атаған құнды — төрт жүз мысқал күмісті оған саудада қолданылатын өлшем бойынша таразыға салып өлшеп берді. Осылай Мамренің шығысындағы Махпелада орналасқан Ефронның егістік жері, ондағы үңгір және сонда өсіп тұрған барлық ағаштар Ыбырайымның меншігіне айналды. Қала қақпасындағы алаңда жиналған хеттік ақсақалдардың барлығы бұған куә болды. Ыбырайым мұнан кейін Сараның мәйітін Махпела даласындағы сол үңгірге апарып қойды. Бұл жерді Хеброн деп те атайды. Сонымен хеттіктерден алынған Қанахан еліндегі егістік жер мен ондағы үңгір зират ретінде Ыбырайымның тұрақты меншігіне айналды. Жақып шатырын тіккен жер танабын Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алды. Ал Хамордың бір ұлының аты Сихем болатын. Содан кейін Жақып ұлдарына былай деп өсиеттеді:— Мен жуырда ата-бабаларымның қасына аттанамын. Менің сүйегімді хеттік Ефронның егістігіндегі үңгірге апарып қойыңдар! Бұл үңгір Қанахан елінде, Мамренің қасындағы Махпела егістігінде орналасқан. Оны (марқұм атам) Ыбырайым зират үшін жерімен қоса хеттік Ефроннан сатып алған. Сонымен Жүсіп жолға шықты. Оған перғауынның бүкіл нөкерлері — сарайындағы уәзірлері және Мысыр елінің рубасылары түгел ерді. Бұлармен бірге Жүсіптің үй іші, аға-інілері және әкесінің үйіндегі барлық адамдар ілесті. Гөшен елінде тек бала-шағалары мен ірілі-ұсақты малдары ғана қалды. Күймелер, салт аттылар да Жүсіппен бірге жүрді. Осылай бәрі үлкен көшке айналды. Олар Иордан өзенінің арғы жағында орналасқан Горен-Ғатадқа жеткен соң жеті күн бойы марқұмды зор қастерлеп еңіреп жылап жоқтады. Жергілікті қанахандықтар Горен-Ғатадтағы жоқтауды көріп: «Мысырлықтар үлкен жоқтау жасап жатыр», — десті. Сол себепті Иорданның ар жағындағы бұл жер Әбел-Мысраим («Мысырлықтардың жоқтауы») деп аталып келеді. Ал Жақыптың ұлдары әкелерінің айтқан өсиетін орындап, оның сүйегін Қанахан еліне, Ыбырайымның өз отбасының меншікті зираты ретінде хеттік Ефроннан сатып алған, Мамренің қасындағы Махпела егістігінде орналасқан үңгірге апарып қойды. Бұрынырақ исраилдіктер Мысыр елінен алып шыққан Жүсіптің сүйегін Сихемдегі қабірге қойған еді. Осы жер танабын Жақып кезінде Сихемнің әкесі Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алған болатын. Сол жер Жүсіптің ұрпақтарының мұралық үлесіне тиді.
Выбор основного перевода