Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Олар Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап, Бағал атты жалған тәңірлердің мүсіндеріне табына бастады. Сол жаңа ұрпақ ата-бабалары сиынған, оларды Мысыр елінен алып шыққан Құдайлары — Жаратқан Иеден бас тартты, әрі айналаларында тұрып жатқан ұлттардың табынатын бөгде тәңірлерінің жолдарына түсіп, соларға иіліп құлшылық етті. Халық бұларымен Жаратқан Иенің қаһарын туғызды. Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иеден бас тартып, Бағал мен Астартаның мүсіндеріне табынатын болды. Осылай Құдайдың халқы Оның тапсырған ережелерінен де, ата-бабаларымен жасаған Келісімінен де бас тартып, ескертулеріне құлақ аспады. Соның орнына олар түкке тұрғысыз «тәңір бейнелеріне» табынып, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті. Жаратқан Ие: «Солар сияқты істемеңдер!» — деп тыйым салғанмен, олар айналаларындағы халықтардың соңынан ілесіп кетті. Себебі Солтүстік Исраилдің халқы өз Құдайы Жаратқан Иенің айтқанына құлақ аспай, Онымен жасаған Келісімдерін бұзды. Олар Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса арқылы берген өсиеттеріне мойынсұнбай, соларды не тыңдамады да, не орындамады да. Пәк таза да тура жолмен жүріп,Жаратқанның тәліміне бағынғандар бақытты! Иеміздің ережелерін ұстанып,Шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты! Олар әділетсіздік істемейді,Тек Жаратқанның жолымен ғана жүреді. Ием, тұрақты орындауымыз үшін,Өз бұйрықтарыңды шығарған едің. Сенің жарлықтарыңа бағынып менЖүре берсем, шіркін, тура жолыңмен! Сонда ден қойып бар өсиеттеріңе,Ешқашан масқара болмас та едім. Әділ шешімдеріңді үйренгендеСені дәріптеймін таза жүрекпен. Мен жарлықтарыңды ұстана берем,Жалғыз қалдыра көрме мені мүлдем. Жастар қалай таза жолмен жүре алады?Сөзіңе бағынып соны істей алады. Шын жүректен Саған бет бұрып келемін,Тайдыра көрме мені өсиеттеріңнен. Күнә жасамауым үшін Саған қарсы,Жүрегіме сақтадым айтқандарыңды. Даңқталуға лайықсың, уа, Жаратқан,Үйрете гөр жарлықтарыңды маған. Мен дауыстап айтып та отырамынБар шешімдеріңді Өзің шығарған. Жұрт шаттана қуанғандай мол байлыққа,Мен ережелеріңмен жүремін шаттана. Бұйрықтарың жайлы терең ойланамын,Сенің жолыңа мұқият ден қоямын. Жарлықтарыңды қуана орындаймын,Сөздеріңді ешқашан ұмытпаймын. Уа, Ием, мол мейірім көрсете гөр маған,Сонда аман болып, сөзіңді сақтай аламын. Рухани көзімді аша гөр менің,Тәліміңнен кереметтер көрейін. Бұ дүниеде жат жерлік кірмедеймін.Өсиеттеріңді жасыра көрме менен. Шешімдеріңді үйренуді сағынып,Жаным әрдайым шөліркейді зарығып. Сөгіп ескертесің тәкаппар адамдарды,Өсиеттеріңнен тайған сол қарғалғандарды. Масқара, қорлықты алып тастай гөр менен,Ережелеріңді ұстанып келемін мен. Әкімдер жиналып, мені өсектегенмен,Жарлықтарың жайлы толғанамын, уа, Ием. Ережелеріңнен рақат табамын,Олар маған ақыл береді әрдайым. Ажал аузында жанымның жатқаны-ай,Аман сақтай гөр берген уәдеңе сай! Жүрген жолдарымды айтып бергенімдеӨзің құлақ салып, жауап бердің де,Жарлықтарыңды маған үйрете гөр енді. Ұқтыра гөр бұйрықтарыңның мағынасын,Кереметтерің жайлы терең ойланамын. Жаныма қайғы батып, шаршап-шалдыққам,Уәдеңе сәйкес күш сыйлай гөр маған. Тәліміңді маған сыйлап рақымменен,Жалғандық жолын алшақтата гөр менен. Шындық жолымен жүруді таңдап алдым да,Шешімдеріңді ұстаймын мен көз алдымда. Берік ұстанамын Сенің ережелеріңді,Уа, Жаратқан, ұятқа қалдыра көрме мені. Менің жүрегімді азат еттің Сен,Жүремін өсиеттеріңнің жолымен. О, Ием, үйретсеңші жарлықтарыңның жолын,Оны соңына дейін берік ұстанбақпын. Түсінік сыйлашы, тәліміңді сақтамақпын,Оған шын жүректен мойынсұнбақпын. Жүргізе гөр мені өсиетіңнің жолымен,Содан зор қуаныш тауып келемін мен. Жан дүнием пайдақорлыққа салынбасын,Оны ережелеріңе құштар етсең, шіркін! Бос нәрселерге түсірмей көзімді,Өз жолыңда жаңарта гөр өмірімді. Ием, орындай гөр маған берген сөзіңді,Содан бәрі терең қастерлесін Өзіңді. Менен алшақтата гөр үрейлі масқараны,Себебі шешімдерің сондай жақсы! Қалаймын бұйрықтарыңа бағынуды,Әділдігіңмен сергіте гөр жанымды. Уа, Жаратқан, маған рақымыңды түсіре гөр,Берген сөзіңе сай мені құтқара гөр. Сонда сөккенге жауап бере аламын,Сенің сөзіңе сенімімді артамын. Шындық сөзін алып қойма аузымнан,Шешімдеріңе үмітімді артамын, Тәліміңді мен ұдайы ұстанамын,Әрдайым оны орындайтын боламын. Содан жүрісім де болады емін-еркін,Себебі бұйрықтарыңа бет бұрып келемін. Патшалар алдында ережеңді айтамын,Сонда ешқандай қаймықпайтын боламын. Өсиеттеріңді қатты ұнатамын,Олардан жұбаныш пен рақат табамын. Өсиеттеріңді сүйіп, қабылдаймын,Жарлықтарың жайлы үңіле ойлаймын. Ескере гөр пендеңе берген уәдеңді,Өзің қалайсың соған үміттенуімді. Сенің сөзің мені жандандырады,Бұл мені жапа шеккенде жұбатады. Паң жандар мені мазақтай бергенмен,Тағылымыңнан тайып кетпедім мен. Ежелгі шешімдеріңді еске аламын,Уа, Жаратқан, содан жұбаныш табамын. Тағылымыңнан безген зұлымдардыКөргенімде ашу кернейді бойымды. Жат жерлік болып тұрған жақтарда менЖарлықтарыңды жырлап жүремін. Уа, Жаратқан, түнде атыңды есіме саламын,Сенің тәліміңді ұдайы ұстанамын. Бұл менің берік әдетіме айналды:Іске асырамын берген бұйрықтарыңды. Уа, Жаратқан, Өзіңсің менің үлесім,Сөздеріңді сақтаймын деп уәде бердім. Шын жүректен сиынып келемін Саған:Уәдеңе сай рақымды бола гөр маған. Жүрген жолдарыма түңіле толғандым,Ережелеріңмен жүруге бел будым. Мен өсиеттеріңді тез орындап,Кешеуілдеткен жоқпын жалтақтап. Зұлымдар шырмап алды айналамды,Ал мен ұмытпадым тағылымыңды. Сені әділ шешімдеріңе болаДәріптеймін, тұрып түн ортасында. Мен Сені терең қастерлеген жандардыңӘрі бұйрықтарыңды ұстанғандардыңБарлығымен де жақын жолдаспын. Жер мейіріміңе толы, о, Жаратқан,Жарлықтарыңды үйрете гөр маған. Берген сөзіңе сай, уа, Жаратқан,Көп жақсылық жасап келесің маған. Мені үйретші дұрыс түсінік пен білімге,Себебі сенемін Сенің өсиеттеріңе. Мен азап шекпес бұрын жолдан адасқан едім,Ал енді Сенің сөзіңді сақтап жүремін. Ізгісің Сен, істейсің игі істеріңді,Үйрете көрші маған ережелеріңді. Тәкаппарлар жапса да маған жалаларын,Мен шын жүректен бұйрықтарыңа бағынамын. Олардың жүрегі сезімсіз боп қасарысқан,Ал мен рақат табамын тағылымыңнан. Үйренуім үшін жарлықтарыңды,Азап шеккенім маған жақсы болды. Мыңдаған алтын-күміс ақшаларданАузыңнан шыққан тәлімің қымбат маған! Сенің қолың мені жаратып қалыптастырды,Енді түсінік сыйлап, үйрете гөр бұйрықтарыңды. Сені қастерлейтіндер мені көргенде шаттансын,Себебі Сенің сөзіңе сенімімді артамын. Сенің шешімдеріңнің әділдігін мойындаймын,Мені жазалағаның да әділ, уа, Жаратқаным. Осы пендеңе берген уәдеңе сай мейіріміңМаған ұдайы жұбаныш бола берсін. Рақымың түсіп, мен аман болайын,Тағылымыңнан қуаныш табайын. Мені себепсіз езген паңдар масқаралансын,Ал мен бұйрықтарың туралы толғанамын. Қастерлеп Сені, ережелеріңді білетінКісілер маған бет бұрып, қосылса, шіркін! Масқара болмауым үшін жүрегім меніңЖарлықтарыңа түгел адал бола берсін! Құтқаруыңды аңсап шаршап келемін,Бірақ Сенің сөзіңе үміттенемін. «Мені қашан жұбатасың?» деп зарығып,Көзім талды сөзіңнің іске асуын тосып. Түтінге қақталған торсықтай менЕш нәрсеге жарамсыз көрінгенмен,Шығармадым жарлықтарыңды есімнен. О, Ием, мен тағы қанша уақыт тосайын,Мені қудалағандарды қашан соттайсың? Сол тәкаппарлар Сенің заңыңа қарсыМені құлатпақ болып терең ор қазды. Күллі өсиет атаулың адал да ақиқат,Жар бола гөр, жау артымнан қуады нақақ! Олар мені аластата жаздады жерден,Бірақ Сенің бұйрықтарыңнан безбедім мен. Сақтауым үшін шығарған ережелеріңді,Рақымыңа сай нығайта гөр өмірімді. Сенің айтқан сөздерің, Жаратқан Ием,Көкте тұр мәңгілікке бекітілген! Күллі келер ұрпаққа адал боласың,Жер бола береді, Сен оны орнаттың. Шешімдеріңе сай бұған дейін бәрі тұрады,Бір Өзіңе барлығы да қызмет қылады. Сенің тәлімің мені жұбатып қуантпағанда,Құрып кеткен болар едім мүшкіл жағдайымда. Ешқашан ұмытпаймын ережелеріңді,Солармен аман сақтайсың өмірімді. Құтқара гөр мені, себебі Сенікімін,Мен бұйрықтарыңа көңіл бөліп келемін. Зұлымдар аңдып жүр мені құртуға,Мен болсам үңілемін жарлықтарыңа. Әр кемелдіктің шегі бар екенін түсіндім,Ал аясы шексіз Сенің өсиеттеріңнің! Сенің тәліміңді сондай қатты сүйемін!Күні бойы сол жайлы ойланып та жүремін. Өсиеттерің есімде мәңгі бақи қалады,Олар мені жауларымнан парасатты қылады. Бар ұстазымнан терең ұға аламын,Себебі жарлықтарың туралы толғанамын. Тіпті жасы үлкендерден де білімдірекпін,Себебі бұйрықтарыңды сақтап келемін. Сенің сөздеріңді ұстанып келемін,Сол үшін теріс жолдан аулақ жүремін. Сенің шешімдеріңнен тайып кетпеймін,Өйткені Өзің маған тәлім беріп келесің. Қандай тамаша Сенің сөзіңнің дәмі,Ол тіпті тіл үйірген балдан да тәтті! Ақыл-кеңес табамын бұйрықтарыңнан,Бар жалған жолдар сондай жексұрын маған! Сенің сөздерің қадамдарымды жарқыратады,Өмір жолыма шам-шырақтай нұрын шашады. Мен ант еттім әділ шешімдеріңді сақтауға,Сөзімде тұрып, сертімді орындаймын да. Уа, Жаратқан Ие, қиналып жүрмін тым қатты,Берген сөзіңе сай өмірімді жаңартсаңшы! Аузымнан шыққан мадақтауымды, уа, Жаратқан,Ерікті сый-тарту деп менен қабылдасаң,Әрі өз шешімдеріңді үйретсеңші маған, Әрқашан жанымды қиюға дайынмын,Сенің тәліміңді есімнен шығармаймын! Зұлымдар маған тор салып, тұзақ құрған,Ал мен тайып кетпедім бұйрықтарыңнан. Ережелеріңді қабылдадым мәңгі мұраға,Жүрегімді кенелтеді олар қуанышқа. Жүрегімде нық шешім қабылдадым бағынуғаАқырына дейін Сенің жарлықтарыңа. Жалтақтайтын жандарды еш жақтырмаймын,Сенің тәліміңді қатты ұнатамын! Сен қорғанымсың әрі қалқаным,Сенің сөзіңе сенімімді артамын. Әй, әділетсіздер, аулақ кетіңдер қасымнан,Құдайымның өсиеттерін ұстанатын болам. Тірі қалуым үшін мені қолдасаңшы,Берген уәдең бойынша нығайтсаңшы,Үмітім Өзіңде: ұятқа қалдырмасаңшы. Мені қолдай гөр, сонда аман қаламын,Жарлықтарыңа ұдайы ден қоямын. Жарлықтарыңнан безгендерді құлатасың,Құр бекер — айлалы қылықтары олардың. Қоқыстай шығарасың жердің бар зұлымдарын,Ережелеріңді сондықтан қатты ұнатамын. Тұла бойым дірілдеп Сенен қорқамын,Шешімдеріңді елемеуден шошынамын. Қуғыншылардың қолына түсіре көрме мені,Жасап келемін ғой әділ де дұрыс істерді. Осы пендеңді игілікке жеткізіп, қолдай гөр,Паң жандардың жәбірінен мені сақтай гөр! Әділ уәдеңнің іске асуын тосып,Көзім талды құтқаруыңды аңсай күтіп. Осы пендеңе рақымшылықпен қарай гөр,Жарлықтарың жайлы тәлім бере гөр. Пендеңмін, түсінік сыйлай гөр маған,Сонда ережелеріңді ұғына аламын. Уа, Жаратқан, шара қолданатын уақытың жетті:Адамдар Таурат заңыңа бағынбай кетті! Ал мен Сенің өсиеттеріңді алтыннанАртық көремін, әрі саф алтыннан! Содан бар бұйрықтарыңды әділ деп санаймын,Бүкіл бұрыс жолдарды да жақтырмаймын. Сондай керемет — Сенің ережелерің,Сондықтан оларға шын жүректен көнемін. Мәнісі ашылғанда сөздерің нұрын шашады,Білімсіздердің де санасын оятып ашады. Аузын ашып, ауаға зәру болған кісідей,Мен шексіз құштармын Сенің өсиеттеріңе. Есіміңді сүйген өзгелерге істегеніңдей,Маған да бет бұрып, көрсете гөр мейіріміңді. Қадамдарымды табанды ете гөр сөзіңмен,Еш жамандық жүргізбесін маған өктемдігін! Мені құтқара гөр адамдардың езгісінен,Сонда бұйрықтарыңды сақтай аламын мен. Уа, Ием, маған нұрын төгіп бет-жүзіңнің,Үйрете гөр ережелеріңді Өзіңнің. Көпшілік көнбегендіктен тағылымыңа,Көз жасым менің көл болып ағылуда. Уа, Жаратқан Ие, Сен әділсің,Әрі әділетті күллі шешімдерің! Әділдікпен және шексіз адалдықпенЕрежелеріңді белгілеп бердің Сен. Сөздеріңді менсінбейді дұшпандарым,Соған қатты налып, шаршап-шалдығамын. Уәделеріңнің шындығы іс жүзінде сыналған,Уа, Ием, оларды қатты ұнатамын сондықтан. Жұрт менсінбей, кішік болғаныммен,Бас тартпаймын Сенің ережелеріңнен. Сенің әділдігің — мәңгі бақи хақ,Әрі тағылымың — нағыз ақиқат. Ауыртпалыққа ұшырап, қысылып қалдым,Ал өсиеттеріңнен жұбаныш пен рақат таптым. Мәңгілік әділетті ережелерің Сенің,Түсінік сыйлай гөр шын өмір сүруім үшін. Уа, Ием, шын жүректен Саған сиынамын:Құлақ сала гөр, жарлықтарыңа бағынамын. Мені құтқара гөр деп Саған жалынамын,Ережелеріңді ұстанатын боламын. Таң атпас бұрын Сені көмекке шақырамын,Сенің берген сөзіңе сенімімді артамын. Сөзіңе терең үңілу мақсатындаҰйқыдан бас тартамын таң алдында. Уа, Ием, рақыммен үніме құлақ сала гөр,Әділдігіңе сай өмірімді нығайта гөр! Сұм жоспар құрғандар таяп қалды маған,Олар алшақтап кетті тағылымыңнан. Ал, Жаратқан Ие, Сен маған жақынсың,Нағыз шындық — күллі өсиет атаулың. Баяғыда-ақ мен Сенің ережелеріңненОларды мәңгілік орнатқаныңды білгенмін. Мүшкіл халіме көз салып құтқарсаңшы,Есімнен шығармадым тағылымыңды. Сен мені жақтап, мүддемді қорғасаңшы,Уәдеңе сәйкес өмірімді сақтасаңшы. Құтқарылу тым алыс зұлымдардан,Өйткені олар безеді жарлықтарыңнан. Уа, Ием, ұлан-ғайыр — Сенің мейірімің,Шешіміңе сай нығайта гөр өмірімді менің. Мені қудалауда жаулар сонша көптеген,Бірақ мен бас тартпаймын ережелеріңнен. Опасыздарды көргенде жиренемін,Олар сақтамайды сөздеріңді Сенің. Бұйрықтарыңды қалай сүйетініме қарасаңшы,О, Ием, рақымыңа сай өмірімді нығайтсаңшы. Түп-тамырымен ақиқат Сенің сөздерің,Әділетті де мәңгілік әрбір шешімің. Басшылар жазықсыз мені қудалайды,Ал жүрегім сөздеріңді қастерлеп қалтырайды. Зор олжаға тап болған адам сияқты,Сенің сөздеріңе қуанамын сондай қатты! Жалғандықты жек көріп, одан жиренемін,Өзіңнің тағылымыңды қатты сүйемін! Өзіңді әділетті шешімдерің үшінСені күніне жеті рет дәріптеудемін. Тәліміңді сүйгендер тыныштыққа кенелер,Ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүрер. Уа, Ием, өсиеттеріңді іске асырамын,Мені құтқарасың деп үміттене тосамын. Ережелеріңді жан дүниемде сақтап келемін,Өйткені мен оларды қатты сүйемін. Мойынсұнамын ережелерің мен заңдарыңа,Барлық жүрген жолдарым Сенің көз алдыңда. Жалбарынған үнім құлағыңа жетсе екен,Түсінік сыйлай гөр уәдеңе сай, уа, Ием. Өтінішім Өзіңнің алдыңа жетсінші,Берген сөзіңе сай мені құтқара көрші. Сен маған үйреткендіктен ережелеріңді,Лайым аузым мадақтай берсін Өзіңді. Тілім сөздеріңді ән-жырға қоса берсін,Өйткені әділ күллі өсиеттерің Сенің. Бұйрықтарыңды орындаймын деп шешкенмін,Құдіретті қолың маған көмектесе көрсін. Уа, Жаратқан Ием, құтқаруыңды аңсап тосамын,Сенің тағылымыңнан зор қуаныш табамын. Жаным аман қалып, Сені дәріптей берсін,Шешімдерің тірек болып мені қолдай көрсін. Жоғалған қой іспетті адасып келемін,О, Ием, іздеп мені, қасыңа қайтарсаң екен,Өсиеттеріңді енді шығармаймын есімнен. О, түйсіксіз аңқау ғалаттықтар-ай, сендерді біреу сиқырлап қойды ма? Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімін көз алдарыңнан кетпестей етіп суреттеп беріп едім ғой! Маған мынаны ғана айтыңдаршы, Киелі Рухты қалай қабылдадыңдар: Таурат заңын орындау арқылы ма, әлде Ізгі хабарды тыңдап, сену арқылы ма? Сондай түйсіксіз бе едіңдер: рухани өмірді Киелі Рухпен бастап, өз күштеріңмен кемелденбек екенсіңдер ғой? Сонда қалай, бастарыңнан өткізгендеріңнің бәрі бекер болғаны ма? Ол шынымен бекер болмады, солай емес пе? Құдайдың сендерге өз Рухын беріп, араларыңда керемет істер жасағанының себебі — Таурат заңын орындауларың ба, әлде Ізгі хабарды тыңдап, сенулерің бе? Ыбырайыммен де солай болды: ол Құдайға сенді, сондықтан Оның алдында ақталды. Көздерің жетіп тұр: Тәңір Иеге сенім артқандар ғана — Ыбырайымның нағыз ұрпақтары. Киелі жазбалар Құдайдың басқа ұлттарды сенім арқылы ақтайтынын алдын ала білдірді. Ол Ыбырайымға: «Сен арқылы Мен барлық ұлттарды жарылқаймын» деген Ізгі хабарды мәлімдеді. Сондықтан Тәңір Иеге сенім артқандар ежелде Оған сенген Ыбырайым арқылы жарылқанады. Ал өздерінің Таурат заңын ұстанғандарына сүйенушілердің бәріне қарғыс тиеді! Сол туралы мынадай сөздер жазылған: Таурат заңының кітабындағы барлық ережелерді сақтап орындамағанды қарғыс атады! Ендеше Таурат заңын орындаған ешкімнің сол арқылы Құдай алдында ақтала алмайтыны анық. Өйткені «сенімі арқылы ақталған адам шынайы өмірге ие болады». Осы сенім жолы Таурат заңының жолынан өзгеше: соның ережелерін «бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді». Алайда айқыш ағашқа шегеленіп ілінген кезде Мәсіх бізге тиісті қарғысты Өз мойнына алып, бізді Таурат заңы мәлімдеген қарғыстан құтқарды! Себебі Тауратта «ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады» деп жазылған. Осылайша Құдай Ыбырайымға уәде еткен ақ батаны Иса Мәсіх арқылы басқа ұлттарға да берді. Енді Мәсіхке сенген бәріміз уәделенген Киелі Рухты сенім арқылы қабылдаймыз. Қымбатты бауырластар, күнделікті өмірден мысал келтірейін: бекітілген келісімнің күшін жоюға немесе оған бір нәрсе қосуға болмайды. Бұл жерде де солай: Тәңір Ие уәдесін Ыбырайымға және оның ұрпағына берді. Ол «ұрпақтарыңа» деп көпше түрде емес, «ұрпағыңа» деп жекеше түрде айтты. «Ұрпағың» Біреуді білдіреді, Ол — Мәсіх. Айтайын дегенім мынау: төрт жүз отыз жылдан кейін берілген Таурат заңы Құдай бұрын бекіткен Келісімнің күшін, яғни Оның Ыбырайымға Мәсіх жөнінде берген уәдесінің күшін, жоя алмайды! Себебі егер мұрагерлік Таурат заңына байланысты болса, онда ол уәде арқылы берілмес еді. Алайда Құдай мұраны Ыбырайымға рақыммен уәде етті. Онда Таурат заңының атқаратын қызметі қандай? Ол күнәларды әшкерелеу үшін қосымша ретінде берілді. Тәңірдің уәдесі Ыбырайымның Ұрпағы Мәсіхке байланысты; Ол келгенше, Таурат заңы күшінде тұрды. Періштелер мұны халыққа арада жүрген Мұса пайғамбар арқылы жеткізген еді. Ал жалғыз біреу іс жүргізетін болса, онда арада жүрушінің керегі жоқ: Ыбырайымға уәдені берген — Құдайдың жеке Өзі! Сонымен, Таурат заңы Құдайдың бұрын берген уәдесіне қайшы келіп тұр ма? Жоқ, мүлдем олай емес! Себебі егер мәңгілік өмірге қол жеткізетін заң берілген болса, онда адамдар оны орындап ақтала алар еді. Алайда Киелі жазбалар бүкіл адамзаттың күнәнің тұтқынында екенін мәлімдейді. Ондағы мақсат — Иса Мәсіхке сену арқылы табыс етілетін уәделі сыйдың (яғни күнәдан ақталудың) тек сенетіндерге ғана берілуі. Осы сенімнің заманы туып, келуге тиісті Мәсіхке сене алғанға дейін біз Таурат заңының бақылауында болып, тұтқынында жүрдік. Басқаша айтқанда, Таурат заңы «тәрбиелеушіміз» болып бізді Мәсіхке әкелді, осылай Оған сеніп, ақталдық. Ал енді, сенімнің заманы туғаннан бері «тәрбиелеушінің қарамағынан шықтық». Өйткені барлығың Иса Мәсіхке деген сенімдерің арқылы Құдайдың рухани баласысыңдар. Мәсіхпен тығыз байланысып, шомылдыру рәсімінен өткен бәрің де Мәсіхтің рухани қасиеттеріне бөлендіңдер. Бұл жерде яһуди мен басқа ұлт адамының, құл мен еріктінің, еркек пен әйелдің арасында айырмашылық жоқ, себебі барлығың Иса Мәсіхпен тығыз байланыста біртұтассыңдар. Және сендер Мәсіхтікі болғандықтан, Ыбырайымның рухани ұрпағысыңдар, әрі Құдайдың оған уәде еткен игіліктерін иемденесіңдер.
Выбор основного перевода