Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді: — Исраил халқына мынаны айт: Егер бір әйел жүкті болып, ұл туса, онда ол жеті күн бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады. Сегізінші күні оның ұлы сүндеттелсін. Содан соң әйел отыз үш күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін. Тазару кезеңі бітпейінше әйел киелі нәрселермен жанаспасын, әрі киелі орынға да бармасын. Егер әйел қыз тапса, онда ол екі апта бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады. Содан соң әйел алпыс алты күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін. Ұл не қыз тапқаннан кейінгі тазару кезеңі аяқталғаннан кейін, әйел кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жасар тоқтыны және күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас көгершінді не бір кептерді алып келсін. Діни қызметкер оларды Жаратқан Иеге тарту етіп, әйелді күнәсінің арамдығынан тазарту үшін қажетті рәсімді орындасын. Әйелдің қан ағуынан таза еместігі сонымен бітеді.Бұл — босанып, ұл не қыз тапқан әйел орындауға тиісті рәсімдер туралы ереже. Ал егер тоқты алып келуге әйелдің жағдайы көтермесе, біреуін — түгелдей өртелетін, екіншісін — күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арнап екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып келсін. Сонда діни қызметкер әйелді күнәсінің арамдығынан тазартып, сол әйел таза болып саналады. Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді: — Егер біреудің денесінде жұқпалы тері ауруы бола алатын ісік, бөртпе немесе ақтаңдақ пайда болса, ол діни қызметкер Һаронның немесе оның діни қызмет атқарушы ұлдарының біреуінің алдына әкелінсін. Діни қызметкер сол адамның терісіндегі жараны қарап шықсын. Егер жараның орнындағы түк ағарып кеткен және жара ойық болса, онда бұл — жұқпалы тері ауруы. Бұл жағдайда діни қызметкер терісінің осындай екенін анықтаған адамды таза емес деп жарияласын. Ал егер оның терісіндегі дақтың түсі ақ болғанмен, дақ теріден ойық орналасқан болмаса, әрі жара бетіндегі түк ағарып кетпесе, онда діни қызметкер терісінде жара бар адамды жеті күнге басқалардан бөлектесін. Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер терісіндегі жараның көлемі ұлғаймай, сол қалпында қалған болса, онда діни қызметкер сол адамды тағы жеті күнге бөлектесін. Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер жара көмескіленіп, теріге жайылмаса, діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Бұл — жай бөртпе ғана. Адам киімдерін жусын, содан кейін таза болып саналады. Бірақ егер адам діни қызметкерге қаралып, таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта терісіндегі бөртпелері қайтадан ұлғайып, жайыла бастаса, онда ол діни қызметкердің алдына қайтып келуі керек. Діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер терісіндегі бөртпелер ұлғайып жайылған болса, онда ол сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы. Егер біреу жұқпалы тері ауруымен ауырса, оны діни қызметкердің алдына алып келсін. Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер оның терісіндегі ісік ақтаңдақ болып, әрі сол жердің түгі ағарып кетіп, ісіктен қызыл ет көрініп тұрса, бұл — созылмалы алапес. Сондықтан діни қызметкер әлгі адамды таза емес деп жариялап, оны басқалардан бөлектесін. Себебі ол ауруының кесірінен таза емес деп саналады. Егер ауру адамның бүкіл терісіне жайылып, діни қызметкер оның басынан аяғына дейін бірде-бір сау жер көре алмай, алапестің оның бүкіл денесіне жайылып кеткенін көрсе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Өйткені толығымен ағарғаны себепті ол таза деп саналады. Бірақ егер жарадан қызыл ет көрініп тұратын болса, ол таза емес деп есептеледі. Діни қызметкер оның қызыл етін көргенде-ақ оны таза емес деп жарияласын. Қызыл ет сол адамның жұқпалы алапеспен ауыратынын, таза емес екенін білдіреді. Ал егер қызыл ет өзгеріп, ағарып кетсе, адам қайтадан діни қызметкерге баруы керек. Ол ауру адамды қарап шығып, қызыл еттің ағарып кеткенін көрсе, оны таза деп жарияласын. Сонда адам таза болады. Егер біреудің терісіне шиқан шығып, ол жазылып кетсе және шиқан орнында ақшыл ісік не ақшыл-қызғылт дақ пайда болса, ондай адам діни қызметкерге көрінуі керек. Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер шиқанның орнына шыққан нәрсе теріден ойық орналасқан болып көрінсе және ондағы түк ағарып кеткен болса, діни қызметкер адамды таза емес деп жариялауы керек. Бұл — шиқанның орнында пайда болған жұқпалы тері ауруы. Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, әрі сол жердің теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, әлгі адамды жеті күнге бөлектесін. Егер осы аралықта ісік теріде кең жайыла бастаса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — жұқпалы жара. Ал егер дақ сол күйінде қалып, теріге жайылмаса, демек, бұл — шиқанның тыртығы ғана. Діни қызметкер адамды таза деп жарияласын. Егер біреу терісін күйдіріп алып, жазылған күйіктің орнында ақшыл не қызғылт дақ пайда болса, діни қызметкер дақты қарап шықсын. Егер ондағы түк ағарып кетсе және дақ теріден ойық орналасқан болып көрінсе, демек, бұл — терінің күйген орнына шыққан алапес. Діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын, себебі бұл — алапестің жарасы. Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, оның теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, онда ол адамды жеті күнге бөлектесін. Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер дақ теріде кең жайылған болса, ол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапестің жарасы. Ал егер дақ сол қалпында қалып, теріге жайылмай, көмескіленсе, онда бұл — күйіктен пайда болған ісік. Діни қызметкер оны таза деп жарияласын, себебі бұл — күйіктен қалған тыртық қана. Егер еркектің не әйелдің басында не иегінде жара болса, онда діни қызметкер сол жараны қарап шықсын. Егер жара теріден ойық орналасса және ондағы түк сарғайып жұқарса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — қотыр, бастағы не иектегі жұқпалы тері ауруы. Бірақ діни қызметкер осындай қотыр жараны қарап шығып, оны теріден ойық орналаспаған және ондағы түкті қара емес деп тапса, онда діни қызметкер жұқпалы қотыры бар адамды жеті күнге бөлектеуі керек. Жетінші күні діни қызметкер жараны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр жайылмаса, онда сары түсті түк пайда болмаса және жара теріден ойық болып көрінбесе, онда адамның қотыры бар жерінен өзге бүкіл жерлеріндегі түкті қырып алып тастау керек. Діни қызметкер адамды тағы жеті күнге бөлектесін. Жетінші күні діни қызметкер қотырды қарап шықсын. Егер сол қотыр теріге жайылмаған болып шықса және теріден ойық болып көрінбесе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Қотыры бар адам киімдерін жусын, содан соң ол таза болады. Алайда ол таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта қотыры теріге қайтадан жайыла бастаса, діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр теріге жайылған болса, онда ол сарғайған түкті іздемесе де болады. Сол адамның таза емес екені анық. Ал егер діни қызметкерге ана адамның қотыр дағы өзгермегендей көрініп, дақ үстіне қара түк шыққанын көрсе, демек, қотырдың жазылғаны. Бұл адам таза, діни қызметкер оның таза екенін жарияласын. Егер әйел болсын, еркек болсын, біреудің терісінде ақ дақтар пайда болса, онда діни қызметкер оларды қарап шығуы керек. Егер дақтардың түсі ақшыл сары болса, онда бұл — терідегі зиянсыз ақтаңдақ, ондай адам — таза. Егер ер адамның басындағы шашы таздықтан түсіп, айна таз болып қалса, ол бәрібір таза күйі қалады. Егер оның басының алдыңғы жағындағы шашы таздықтан түсіп қалса, ол қасқа таз. Бірақ оның айна таз басында немесе қасқа таз маңдайында ақшыл-қызыл жара пайда болса, онда оның басында немесе маңдайында жұқпалы аурудың бар болғаны. Діни қызметкер оны қарап шықсын. Егер маңдайындағы не басындағы ісіп тұрған жарасы жұқпалы аурудың жарасындай ақшыл-қызыл болса, онда сол адамда жұқпалы ауру бар. Оның басында пайда болған жарасына бола діни қызметкер оны сөзсіз таза емес деп жариялауы керек. Осындай жұқпалы аурумен ауырған адам көйлегінің өңірін айыра жыртып, шашын жинамай жайып жіберіп, бетінің төменгі бөлігін жауып алып, «Таза емеспін! Арамданғанмын!» деп айқайлап жүретін болсын. Адам жұқпалы ауруынан айықпайынша таза емес қалпы қала береді. Ол ел қонысының сыртында оңаша тұруға тиіс. Егер киімнің жүннен не кенептен жасалған кез келген түріне, немесе матаның жүннен тоқылған не зығырдан иірілген кез келген түріне, немесе былғарыға не былғарыдан жасалған кез келген бұйымға зең түсіп, көгеріп кеткен болса, әрі сол киімге, былғарыға немесе есілген не иірілген жіптен тоқылған матаға түскен зақымданудың түсі жасыл немесе қызыл болса, онда бұл — зеңнің белгісі. Зақымданған бұйымды діни қызметкерге көрсету керек. Діни қызметкер сол бұйымды қарап шығып, жеті күнге бөлек қойсын. Жетінші күні ол соны қайтадан қарап шықсын. Егер зең киімге, иірілген не есілген жіптен тоқылған матаға, былғары не былғарыдан жасалған бұйымға жайыла түскен болса, бұл — кетпейтін, зиянды зең. Зақымданған бұйым арамданған. Діни қызметкер аталған заттардың бірінен жасалып, зеңмен бұзылған бұйымды өртеп жіберуі керек. Себебі сондағы кетпейтін, зиянды зеңді өртеп құрту қажет. Ал егер діни қызметкер сол бұйымды жетінші күні қарап шығып, ондағы зақымдану жайыла түспей, киім болсын, иірілген не есілген жіптен тоқылған мата болсын, былғарыдан жасалған бұйым болсын бұрынғы қалпында қалған болса, онда ол бұйымды жақсылап жууға бұйырсын. Содан кейін діни қызметкер бұйымды тағы жеті күнге бөлек қойсын. Зақымдана бастаған бұйым жуылғаннан кейін діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер шіріген жер өзінің көзге көрінісін өзгертпесе, тіпті үлкеймеген болса да, ол бәрібір арамданған. Шіру жұқарып кеткен бұйымның бір жағына ғана жайылса да, оны өртеп жіберулерің керек. Ал егер діни қызметкер бұйым жуылғаннан кейін қарағанда шіру тиген жердің көмескіленгенін байқаса, ол бұйымның зақымданған жерін жыртып алып тастасын. Бірақ зең сол бұйымда қайта пайда болса, демек, ол жайылып жатыр. Зең жайлаған сол нәрсені тұтастай өртеп құртуларың қажет. Ал егер жуып тазалағаннан кейін мата не былғары бұйымның зеңі жоғалып кетсе, ондай бұйымды тағы бір рет жуу керек, содан соң ол таза болып саналады. Жүн не кенеп киімдегі, иірілген не есілген жіптен тоқылған матадағы, немесе кез келген былғары бұйымдағы зеңнен болатын зақымдану туралы, әрі сондай нәрселерді таза немесе арам деп жариялау туралы ережелер, міне, осылар. Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы нұсқау беріп былай деді: — Исраил халқына мынаны айтыңдар: егер біреудің денесінен ірің бөлінетін болса, сол адам таза емес болып саналады. Ірің не ағып жүрген, не іркіліп тоқтап қалған екі жағдайда да адамды арамдайды. Денесінен ірің ағатын адамның жатқан төсегі әрі ол отырған нәрселердің бәрі арамданады. Оның төсегімен жанасып кеткен әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. Денесінен ірің ағатын адамның отырып кеткен жеріне отырған басқа адам да киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. Егер біреу ірің ағып жүрген адамның денесімен жанасып кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. Егер денесінен ірің ағатын адамның түкірігі таза біреуге шашырап кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. Денесінен ірің ағатын адам отырған аттың ері де арамданады. Оның отырған кез келген нәрсесімен жанасқан немесе соны көтерген әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. Денесінен ірің ағатын адам қолын жумай біреуге қолын тигізетін болса, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. Денесінен ірің ағатын адам ұстаған әр қыш ыдысты сындырып тастау керек. Ал егер ол ағаш ыдыс болса, сумен жуылып-шайылсын. Сол адам ірің ағудан сауығып кеткенде, өзінің тазаруы үшін жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін адам киімдерін жуып, өзі ағынды сумен жуынсын. Содан кейін ол таза болып саналады. Сегізінші күні ол екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына келіп, құстарды діни қызметкерге табыстасын. Діни қызметкер олардың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында сол адамды денесінен ірің аққандықтан болған арам күйінен тазартады. Егер ер адамның шәуеті ағып кетсе, ол денесін түгелдей сумен жусын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. Оның шәуеті тамған әрбір киім мен былғары бұйымды сумен жуу керек. Сол киім не бұйым кешке дейін арамданған болады. Еркек әйелмен жақындасып, шәуеті ағып кетсе, екеуі де сумен жуынуға тиіс. Олар кешке дейін таза емес болып саналады. Егер әйелдің әдеттегідей айлық етеккірі келіп жүрген болса, оның таза емес деп саналатын уақыты жеті күнге созылады. Сол кезде онымен жанасқан әр адам кешке дейін таза емес болып саналады. Етеккірі келіп жүрген әйел жатқан әрі отырған нәрселердің бәрі де арам болып саналады. Сондай әйелдің төсегімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де суға түсіп шомылсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады. Әйелдің отырған нәрселерімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады. Әйелдің жатқан төсегінің не отырған бұйымының үстіндегі кез келген нәрсесімен жанасқан әркім кешке дейін таза емес болып саналады. Егер ер адам әйелімен бір төсекте жатып, оның етеккірі бұған жұғып қалса, онда сол адам жеті күн бойы таза емес болып саналады. Ол жатқан әрбір төсек те арамданған болады. Егер әйелдің етеккірі әдеттен тыс басталып, көпке созылса немесе етеккірі әдеттегіден ұзақ уақытқа созылса, онда әйел сол кезең бойы таза емес болып саналады. Сол аралықта әйел жатқан әр төсек не отырған әр нәрсе оның әдеттегі келетін етеккірімен арамданған төсегі не отырған нәрселері сияқты арам болып саналады. Осы нәрселермен жанасқан әркім таза емес болып саналады. Ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Адам кешке дейін таза емес болып саналады. Әйел етеккірі тоқтағанда жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін ол таза болып саналады. Сегізінші күні әйел екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге апарсын. Діни қызметкер екі құстың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша діни қызметкер сол әйелді етеккірінен болған таза емес күйінен тазартады. Осылайша сендердің Исраил халқын өздерін арамдайтын нәрселерден бөлек ұстауларың қажет. Әйтпесе олар араларыңдағы Менің киелі шатырымды арамдап, соның кесірінен өледі. Денесінен ірің не шәует ағып кеткендіктен таза емес еркектерге және етеккірі келіп жүрген әйелдерге, денесінен түрлі сұйықтық ағатын еркек не әйелге және таза емес болған әйелімен бір төсекте жатқан ер адамға арналған заң, міне, осы.
Выбор основного перевода