Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Айыпты өтейтін құрбандықты ұсыну тәртібі мынау: сол құрбандық Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі. Осы құрбандық күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалынатын жерде шалынсын. Діни қызметкер оның қанын құрбандық үстеліне барлық жақтарынан шашсын. Ал оның бүкіл майын: майлы құйрығын, ішмайы мен шарбы майын, қос бүйректегі майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті бүйректермен бірге бөліп алып қойсын. Діни қызметкер осы бөліктерді Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалатын құрбандық ретінде құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Діни қызметкерлердің отбасыларындағы әрбір ер адамның сол құрбандықтың етін жеуіне болады. Оны киелі орында жесін, ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі. Күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ережесі қандай болса, айыпты өтейтін құрбандықтың ережесі де сондай: құрбандықтың еті адамның күнәсінің арамдығын тазартатын құрбандықты ұсынған діни қызметкерге тиісті. Діни қызметкер біреудің шалынып, өртелетін құрбандығын Жаратқан Иеге ұсынғанда, сол малдың терісі де діни қызметкерге тиесілі болады. Сол сияқты, тандырда, табада не жалпақ табада пісірілген әрбір астық тартуы Жаратқан Иеге ұсынылғанда, ол соны Жаратқан Иеге ұсынған діни қызметкерге тиісті болады. Май қосылған болсын не май қосылмаған құрғақ болсын, әрбір астық тартуы Һаронның ұлдарының барлығына бірдей тиесілі. Ал егер қайсыбір адам киелі тартуды білмей жеп қойса, ол діни қызметкерге сол тартудың орнын толтырып, үстіне құнының бестен бір бөлігін қосып қайтарсын.
Выбор основного перевода