Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Біреу жақынына ақшасын не дүниесін сақтап қоюға аманаттап, олар соның үйінен ұрланып, ұры қолға түссе, ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарсын. Ал ұры табылмаса, үй иесі Құдай (тағайындаған төрешілердің) алдына барып, оның өз жақынының меншігіне қол сұқпағандығы айқындалсын. Кез келген даулы мал-дүние туралы, мүйізді ірі қара, есек, қой-ешкі, киім-кешек не басқа да жоғалған меншік жайында біреу: «Жоғалтқаным осы!» — десе, екі жақ та мәселені төрешілердің алдына алып барсын. Олар Құдай алдында кімді кінәлі деп тапса, сол жақынына екі есе етіп қайтарсын. Біреу жақынына есегін, мүйізді ірі қарасын, қой-ешкісін не басқа бір малын баға тұруға беріп, сол өліп немесе жарақаттанып қалса, яки біреу айдап кетіп, бұл жайтты ешкім көрмеген болса, онда малды бағуға алып қалған «жақынымның меншігіне қол сұқпадым» деп Жаратқан Иенің алдында ант берсін. Екеуінің арасындағы даулы мәселе осылай шешілсін. Мал иесі мұны қабылдап, анау ештеңе төлемесін. Алайда мал қорадан ұрланса, иесіне құны төленсін. Егер жыртқыш аң-құсқа таланса, онда бағушы өлімтігін дәлел ретінде көрсетіп, ол үшін ештеңе төлемейді. Біреу жақынының малын пайдалана тұруға сұрап алып, иесі жоқ кезде мал жарақаттанып не өліп қалса, оны алған адам құнын төлесін. Бұл жағдай мал иесінің көз алдында болса, онда малдың құны төленбейді. Ал егер мал пайдалана тұруға жалға алынса, онда жалдама ақысы төленген шығынның орнын толтырады. Жат жұрттық келімсектерге қысым көрсетіп, зорлық-зомбылық жасамаңдар! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болып тұрдыңдар ғой. Жесірлер мен жетімдерге жәбір көрсетпеңдер! Егер олар сендерден жәбір көргендіктен Маған жалбарынып сиынса, Мен (Жаратқан Ие) олардың зарларына құлақ салып, қаһарыма мініп, сендерді семсермен өлтіртемін. Сонда өз әйелдерің жесір, балаларың жетім қалады. Араларыңдағы халқымның мұқтаждықтағы біреуіне қарызға ақша берсең, пайдакүнем болып, бергенің үшін өсім ақша талап етпе! Егер қарыздар жақыныңның шапанын кепілдікке алсаң, оны күн бата қайтарып беріп отыр. Шапаны оның үстін жабатын жалғыз жамылғысы болғанда, сол бейшара не жамылып ұйықтамақ? Ол Маған жалбарынып сиынса, Мен оның зарына құлақ саламын, себебі Мен қайырымдымын. Егер біреу басқа бір кісінің өзіне сеніп тапсырған немесе қарамағына қалдырған нәрсесін не өтірік айтып, не ұрлап, не мәжбүрлеп иемденіп алса, немесе біреудің жоғалтып алған нәрсесін тауып алып, ол туралы айтпай, антпен де мойындамаса, немесе адам осы сияқты басқа да күнә жасаса, онда сол адамның Жаратқан Иеге де опасыздық жасағаны. Жоқшылықта өмір сүрген жалданушыларыңды, олар не исраилдік, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, еш жәбірлеме! Күн сайын оларға жалақыларын кеш түспей тұрып төлеуші бол. Өйткені олар кедей, күнделікті күнкөрісі үшін соған қарап отыр ғой. Әйтпесе, олар Жаратқан Иеге сенің үстіңнен шағымданып, Оның алдында күнәлі болып қаласың. «Сондықтан Мен сендерді тергеп соттау үшін жақындап келемін. Мен сиқыршыларға, неке адалдығын бұзушы мен ант бұзушыларға, жұмыскерлердің ақысын жеп, жетім-жесірлерге зорлық-зомбылық жасап, жат жұрттықтарды құқықтарынан айырғандарға қарсы куәлік келтіріп, әшкерелеуге ынтызармын», — деп нық айтады Әлемнің Иесі. Міне, сендер егіндеріңді жинаған жұмысшыларға төлемеген тиесілі жалақылар өздеріңе қарсы айғақ болып шағынып тұр! Орақшылардың айқайлаған дауыстары Әлемнің Иесінің құлағына жетті.
Выбор основного перевода