Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3
Параллельные места
Бұл — Мысыр туралы ауыр хабар:Біліп қойыңдар, Жаратқан Ие ұшқыр бұлтқа мініп алып, Мысырға аттанбақ. Мысырдың жалған тәңірлері Оның алдында дірілдеп, мысырлықтар да сужүректеніп қорқады. (Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Мен мысырлықтарды өзара қарсыластырып қоямын. Бірге туған бауырлар да, көршілер де бір-бірімен тартысып, қалалар да, патшалықтар да өзара соғысатын болады. Сонда мысырлықтар жүрексініп, түңіліп, Мен олардың жоспарларын шатастырамын. Олар өздері табынған жалған тәңірлері мен аруақтарынан, жынын шақырған бақсылар мен сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрайтын болады. Мен мысырлықтарды қатыгез қожайынның қолына табыстаймын, сол қайырымсыз патша оларға үстемдік жүргізетін болады». — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады. Ніл өзеніндегі судың деңгейі төмендеп, оның арнасы кеуіп, құрғап қалады. Өзен салалары мен арықтар сонда саси бастап, қалаларды қоршаған орлардың суы да жоқ болады. Қамыс пен қоға кеуіп, семіп қалады. Нілдің жағалауындағы басқа да өсімдіктер, өзеннің жағасындағы егістіктердегі егіннің бәрі де қурап, желмен ұшып, ғайып болады. Нілден балық аулап күн көріп жүрген әрбір адам күрсініп жыламақ. Олардың қармақтары мен ауларынан енді еш пайда болмайды. Зығырдан мата тоқып, бәтес жасап шығарушылар да үміттерін үзеді. Тігіншілер мен жалдамалы жұмысшылардың сағы сынып, тұнжырайды. Елдің астанасы Соғанның басшылары зердесіздер! Мысырдың ең кемеңгерлері ақымақ кеңес береді. Қалай ғана олардың дәттері барып патшаға: «Мен ежелгі кемеңгерлер мен патшалардың ұрпағымын» деп мақтана алады? Уа, Мысыр патшасы, сенің сол бір ақылды кеңесшілерің қайда? Олар Әлемнің Иесінің Мысырға не жоспарлап отырғанын біліп алып, саған айтып берсін! Соғанның басшылары ақымақ болып, Мемфистің басшылары да алданып қалды! Мысырдың руларының басты адамдары халықты адастырып, басын айналдырды. Жаратқан Ие араларына оларды шатастыратын рух төкті. Соның нәтижесінде Мысыр барлық нәрсені қате жасап, өз құсығына тайып теңселген мас адамдай болады. Мысырдағы әркім де, не бастық, не жарлы болсын, не атақты, не қарапайым болсын, қай-қайсысы да шарасыз болмақ. Сол кезде Мысыр елі Әлемнің Иесінің өздеріне қарсы созылған қолынан әйел заты іспетті қорқып дірілдейтін болады. Яһуда елінен Мысырдың зәрелері ұшпақ. Яһуданың аты аталғанда мысырлықтар қалтырап, жандары түршігетін болады. Себебі Әлемнің Иесі Өзінің мысырлықтарға қатысты жоспарын дайындап қойды. Осылай семсерім аспандағы күштерді қырып тастайды. Бұдан кейін ол Едомды, Өзім жойылуға арнаған халықты шабады, (— деп ескертеді Жаратқан Ие). Өзіңнің бауырлас елің Жақыпқа жасаған зорлығың үшін сен масқара болып, біржола құрисың.
Выбор основного перевода