Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3
Параллельные места
Жаудың мұнаралы бекіністері қолға түсіп, жасақшылары қырылған кезде әр тау мен төбе басынан су бұлақтары аға жөнеледі. Ақсақ адам енді бұғыдай секіріп, сөйлей алмаған мылқау қуана айқайлайды. Шөл далада бұлақ көздері қайнап, құла түзде өзендер ағады. (Мен көрген көріністе) әлгі хабаршы мені киелі үйдің кіреберісіне қайтадан алып барды. Міне, киелі үйдің табалдырығының астынан су шығып ағып жатыр екен! Су шығысқа қарай ағып жатты, өйткені киелі үй шығыс жаққа қарай орналасқан. Содан бұлақ үйдің және құрбандық үстелінің оңтүстік жағынан өтіп шықты. Мұнан кейін хабаршы мені Солтүстік қақпа ғимараты арқылы алып шықты да, сырт жақпен айналып барып, шығысқа қарап тұрған сыртқы қақпаға апарды. Міне, су ағыны қақпаның оңтүстік жағынан өтіп ағып жатты. Әлгі хабаршы мені ертіп алып, қолындағы өлшеуіш жібімен су ағынының бойымен шығысқа қарай жүрді де, мың шынтақ қашықтықты өлшеді. Сол жерде мені су ағынынан өткізді. Су толарсағымнан келді. Хабаршы тағы бір мың шынтақты өлшеп алды да, мені тіземнен келіп тұрған ағынды судан өткізді. Ол қайтадан бір мың шынтақты өлшеп алып, енді мені белуардан келетін судан өткізді. Хабаршы тағы бір мың шынтақты өлшегенде, ендігі су ағыны мен кешіп өте алмайтындай терең болды. Өйткені су көтеріліп, адам жүзіп өтпесе, кешіп өте алмайтын тасқынды өзенге айналыпты. Хабаршы менен: «Пенде, мынаны байқап тұрсың ба?» — деп сұрады.Мұнан кейін мені қайтадан өзеннің жағасына ертіп шығарды. Мен сол жерге қайтып келгенде, міне, өзеннің екі жағында да көптеген ағаштардың өсіп тұрғанын көрдім. Хабаршы маған былай деп түсіндірді: «Мына су шығыс жаққа қарай ағып, Иордан өзенінің алқабына құлдилайды да, сол жерде Өлі теңізге құяды. Өзен суы сол теңізге құйған бойда, оның суы тұщы болып шыға келеді. Өзен қай жермен ақса, сонда аң-құстар мен өзге де тірі жануарлар қаптап кетеді. Өлі теңізде балық та өте мол болады, өйткені өзен ағысы ащы суды тұщытады. Өзен аққан жерлердің бәрінде өмір өркендейді. Бүкіл жағалауда балықшылар тұратын болады. (Теңіздің батыс жағасындағы) Ен-Гедиден (шығыс жағасындағы) Ен-Әглаимге дейінгі аралық балықшылардың балық аулап, торларын кептіретін жері болады. Осы теңіздегі балықтың түрлері Жерорта теңізіндегілер сияқты өте көп болады. Ал батпақтар мен шалшық сулар тұщымайды, олар тұз көзі болып қала береді. Өзеннің екі жағасында да әр түрлі жеміс ағаштары өсетін болады. Олардың жапырақтары еш қурамайды, жемістері де таусылмайды. Киелі орыннан шыққан су оларға ағып келетіндіктен, сол ағаштар әр ай сайын жеміс беріп тұратын болады. Олардың жемістері халыққа тамақ, жапырақтары дәрі-дәрмек болады». Сол кезде (өнімдеріңнің мол болатыны сонша,) астықты келесі жер жыртқан уақытқа дейін жинап, қамбаға құйып бітіре алмайтын боласыңдар. Әр жыл сайын жүзімдерің тез пісіп, артылып та қалатын болады. Жүзім шырыны таулардың беткейлерінен ағып, қыраттардан тамшылап түспек. Сол күннен бастап Иерусалимнен тірі су ағып шығып, бір жартысы шығыстағы Өлі теңізге, екінші жартысы батыстағы Жерорта теңізіне ағып кететін болады. Ағысы қысы-жазы толастамайды. Періште маған Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзенін де көрсетті.
Выбор основного перевода