Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Иеремия
Параллельные места
Седекияхтың Яһуда еліне патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айында Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанып, қаланы қоршауға алды. Ақыры Седекияхтың он бірінші жылының төртінші айының тоғызыншы күні бабылдықтар қала қабырғасының бір жерін тесіп, қалаға басып кірді. Бабыл патшасының барлық әміршілері қаланың Ортаңғы қақпасындағы билік орнында жайғасты. Олар Нергал-Шаресер, Самғар-Небо, сарай қызметкерлерінің бастығы Сарсехим, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының өзге де көптеген лауазымды қызметкерлері еді. Яһуда патшасы Седекиях және барлық жасақшылар соларды көргенде қашып кетуге тырысты. Олар қаладан түн ішінде патша бағы арқылы екі қабырғаның арасындағы қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды. Алайда халдейлердің әскері олардың соңынан аттанып, Седекияхты Иерихонның маңындағы елсіз далада қуып жетті. Олар оны қолға түсіріп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасы Набуходоносордың алдына апарды. Ол Седекияхқа үкім шығарды. Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық лауазымды адамдарын да шауып өлтіртті. Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті. Халдейлер патша сарайына да, халықтың үйлеріне де от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады. Кейінірек Бабылдың патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан қалада тірі қалған адамдарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендердің бәрін және елде қалған өзге халықты тұтқындап Бабылға айдап әкетті. Әйтсе де Набузар-Адан әмірші түгі жоқ кедейлерді Яһуда елінде қалдырып, оларға жүзімдіктер мен құдықтарды қарап күтуді тапсырды. Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады. Қала Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды. Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді. Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Бабылдық әскер қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан алқабындағы елсіз далаға қарай бет алды. Алайда Бабыл әскері патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын. Седекиях бабылдықтардың қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Сол жерде бабылдықтар Седекияхты соттап, үкімін шығарды. Олар Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті. Назар аудара көрші, қаланы басып алу үшін жау қамал қабырғасының қасына үймектер үйіп жатыр. Семсер, ашаршылық, індеттің кесірінен қала бізге қарсы тап берген халдейлердің қолына түсейін деп жатыр. Сенің айтқаның дәл келді, соны Өзің де көріп тұрсың. (Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) тоғызыншы жылдың оныншы айының оныншы күні Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: «Ей, пендем, осы күннің қай күн екенін жазып қой. Бүгін-ақ Бабыл патшасы Иерусалимге шабуыл жасауын бастап жатыр.
Выбор основного перевода