Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Иеремия
Параллельные места
Ұста екі қола бағана жасады. Екеуінің де биіктігі он сегіз шынтақтан, айналдыра ұзындығы он екі шынтақтан болды. Ұста қоладан құйып әрбір бағананың басына қойылатын үстіңгі иықтарын да жасады. Олардың биіктігі бес шынтақтан болды. Әрбір бағананың үстіңгі иығы алқа іспетті оралып тұратын жеті шынжыр тормен әшекейленген және әрбір тор екі қатар қола анарлармен көмкеріліп безендірілген болатын. Ұста екі бағананың үстіңгі иығын да бірдей етіп жасады. Киелі үйдің ашық кіреберісінің алдына орналастырылған бағаналардың үстіңгі иықтары лалагүлдерге ұқсас етіп жасалып, биіктігі төрт шынтақтан болды. Екі бағананың да басына, оның тостаған тәріздес бөлігінің үстіңгі жағына, тордың қасына айналдыра қатар-қатармен екі жүз анар жасалып бекітілді. Ұста осы екі бағананы киелі үйдің кіреберісіне тұрғызды. Оң жағындағысы Жахин («Берік Орнатушы»), сол жағындағысы Боғоз («Құдірет Иесі») деп аталды. Бағаналардың жоғарғы жағындағы қола иықтары лалагүл тәрізді жасалған еді. Осымен бағаналарды жасау жұмыстары аяқталды. Ұста бір дәу қазанды да қоладан балқытып, құйып жасады. Оның сырт пішіні дөңгелек, ернеуінің бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралығы он шынтақ, биіктігі бес шынтақ болды. Дәу қазанды айналдыра өлшеп шығу үшін ұзындығы отыз шынтақ жіп қолданылды. Осы дәу қазан теңіз деп те аталатын. Оның ернеуінен төменірек асқабақ тәрізді мүсіншелер бейнеленген еді. Олар әрбір шынтақ сайын он-оннан екі қатар болып қазанмен қоса құйылды. Дәу қазан бұқа кейіптес он екі тұғырдың үстіне орнатылды. Сол бұқа мүсіндерінің бас жақтары тысқа: үш-үштен солтүстікке, батысқа, оңтүстікке және шығысқа, ал арт жақтары қазанның ортасына қарай бағытталып орналасты. Дәу қазанның қалыңдығы қолдың тұтамындай, ернеуі кесенің ернеуіндей, сырт кейпі қызғалдақ гүлі іспетті болды. Оның ішіне екі жүз күбі су сыятын. Хурам-Аби (қазандарға арнап) қоладан жылжымалы он тұғыр да жасады. Әрбір тұғырдың ұзындығы мен ені төрт шынтақтан, биіктігі үш шынтақ болды. Тұғырлар жақтауларға бекітілген төрт бұрышты қола тақталардан жасалды. Тақталар мен жақтауларға арыстан, бұқа және күзетші періштелердің бейнелері салынды. Тақталардың шет жақтары арыстан мен бұқа бейнелерінің үстіңгі және астыңғы жағынан шір бейнесіндегі қақталған нақыштармен безендірілген еді. Әрбір тұғырдың төрт қола дөңгелегі және қола біліктері болды. Әрбір тұғырдың төрт бұрышында балқытылып құйылған бір-бір тіректен шығып тұрды. Тіректердің әр тұсы құйылған шірлермен өрнектелді. Тұғырдың иық тәріздес төрт тірегінің үстіне қазан орнатылды. Тұғырдың үстіңгі бетінде тереңдігі бір шынтақтай болатын қола қазанға арналған дөңгелек ойық бар еді. Сол ойық тұғырдың бетінен жоғары қарай биіктігі бір шынтақ, төмен қарай бір жарым шынтақ болды. Тұғырдың үстіңгі бетінде де оюлы нақыштар бар еді.Тұғырдың бүйір тақталары дөңгелек емес, төрт бұрышты болды. Тұғырдың тақталарының астында дөңгелектер орналасты, олардың біліктері тұғырдың қаңқасына бекітілді. Дөңгелектердің биіктігі бір жарым шынтақтан еді. Дөңгелектердің сыртқы пішіні күйме дөңгелегі сияқты болды. Дөңгелектердің білігі, шеңбері, шабақтары және күпшегінің барлығы да қоладан құйылып жасалды. Әрбір тұғырдың төрт бұрышында бір тұтқадан болды. Олар тұғырдан шығып тұрды. Тұғырдың үстіңгі бетінде биіктігі жарты шынтақ болатын шеңбер болды. Ол тұғырдың тіректері мен тақталарының жоғарғы жағына бекітілді. Тіректер мен тақталар сыйғанынша күзетші періште, арыстан, құрма ағашының бейнелерімен әшекейленіп, шірлермен нақышталды. Патша екі бағана жасатып, киелі үйдің алдына тұрғызды. Олардың биіктігі отыз бес шынтақтан, ал үстіңгі иықтарының биіктігі бес шынтақтан болды. Бұдан кейін Сүлеймен қоладан құрбандық үстелін жасатты. Оның ұзындығы мен ені жиырма шынтақтан, биіктігі он шынтақ болды. Бір дәу қазанды да қоладан балқытып құйғызды. Соның сырт пішіні дөңгелек, әрі ернеуінің бір шетінен екінші шетіне дейінгі аралығы он шынтақ, биіктігі бес шынтақ болды. Дәу қазанды айналдыра өлшеп шығу үшін ұзындығы отыз шынтақ жіп қолданылды. Осы дәу қазан «теңіз» деп те аталатын. Оның ернеуінен төменірек шағын өгіз мүсіндері бейнеленген еді. Олар әрбір шынтақ сайын он-оннан екі қатар болып қазанмен қоса құйылды. Дәу қазан өгіз кейіптес он екі тұғырдың үстіне орнатылды. Сол өгіз мүсіндерінің бас жақтары тысқа: үш-үштен солтүстікке, батысқа, оңтүстікке және шығысқа, ал арт жақтары қазан ортасына қарай бағытталып орналасты. Дәу қазанның қалыңдығы қолдың тұтамындай, ернеуі кесенің ернеуіндей, сырт кейпі лалагүл іспетті болды. Оның ішіне үш жүз күбі су сыятын. Патша мұнан басқа тағы он қазан жасатып, оларды бес-бестен киелі үйдің оң және сол жақтарына орнатқызды. Шалынған құрбандықтардың өртелетін бөліктерінің бәрі алдымен солардағы сумен жуылып-шайылатын. Ал діни қызметкерлердің тазару рәсімі үшін дәу қазанның суы қолданылды. Сүлеймен алтыннан он шам қойғыш жасатып, киелі үйдің ішіне, бес-бестен оң және сол жақтарына орнатқызды. Мұны (Мұса пайғамбарға) көрсетілген үлгіге сәйкес істеді. Патша он үстел де жасатып, оларды киелі үйдің ішіне, бесеуін оң, бесеуін сол жағына қойды. Сонымен қатар су не қан бүркуге арналған жүз тостағанды да алтыннан дайындатты. Сүлеймен діни қызметкерлерге арналған ауланы және үлкен аула мен оның қақпаларын жасатып, қақпаларды қоламен қаптатты. Бұдан кейін дәу қазанды киелі үйдің оң жағына, оның оңтүстік-шығыс бұрышына жақын орнатқызды. Соңында күлсалғыштар мен қалақтарды және тостағандарды жасатты.Сонымен Хурам-Әби Сүлеймен патша үшін Құдайдың киелі үйіндегі жұмыстарын тамамдады. Оның жасап дайындағандары мыналар: екі бағана мен олардың үстіңгі иығындағы екі үлкен тостаған кейпі және соларға ілінген шынжыр тәрізді әшекейлер, сол шынжырларға екі қатардан ілінген анар жемісінің төрт жүз мүсіні, он жылжымалы тұғыр мен олардың үстіндегі он қазан, дәу қазан және оның астындағы өгіз мүсінді он екі тұғыр, Өйткені Әлемнің Иесі ғибадатханадағы екі қола бағана, оның ауласындағы «теңіз» деп аталатын дәу қола қазан, жылжымалы қола тұғырлар және киелі үйдің әлі де қалада қалған басқа да бұйымдары туралы хабарын жіберген болатын. Себебі Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, Яһуда мен Иерусалимнің басшыларын Иерусалимнен Бабылға айдап әкеткенде ғибадатхананың көптеген бұйымдарын тонап алып кеткен болса да, кейбіреулері қалып қойған еді. Иә, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Өзінің киелі үйінде, Яһуда патшасының сарайында және Иерусалим қаласында қалып отырған құнды бұйымдар туралы мынаны айтады: Олар Бабылға әкетіледі, әрі Мен оларға қайтадан назар аударғанша сол жақта қала береді! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Ал содан соң Мен осы бұйымдарды өз орнына қайтарып алып келемін!
Выбор основного перевода