Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Жаратқан Ие оған алғаш рет Яһудаға Амон ұлы Жосия патшалық құрған он үшінші жылы сөзін арнады. Бұдан соң Жаратқан Ие қолын созып, аузыма тигізді де: — Міне, сенің аузыңа сөздерімді салып беріп отырмын. Бүгін сені ұлттар мен патшалықтарға үстемдік жүргізуге тағайындадым. Сен оларды түп-тамырымен жұлып ойсыратып, құлатып жоясың, әрі қайтадан тұрғызып, егіп отырғызатын боласың, — деді. — Яһудаға Амон ұлы Жосияның патшалық құрған он үшінші жылынан бастап осы күнге дейін — барлығы жиырма үш жыл бойы Жаратқан Ие маған сендерге арналған хабарларын жолдап келеді. Мен олардың бәрін өздеріңе әлсін-әлсін айтып жеткізіп жүрмін, бірақ сендер тыңдамайсыңдар. солтүстіктің барлық ұлттары мен тайпаларын және Менің еркімді іске асыратын Бабыл патшасы Набуходоносорды осы ел мен оның тұрғындарына және оның айналасындағы күллі халықтарға қарсы аттандырып алып келемін. Мен осы елдерді түгелдей қиратып тастаймын. Олар ұдайы қаңырап бос қалады, ал басқалар оларға қарап аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып келекелейтін болады. Олардан қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу жігіт пен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын. Қол диірменінің үні де өшіп, шам-шырақтары сөніп қалады. Бүкіл ел қорқынышты құлазыған айдалаға айналады, ал осы ұлттар Бабыл патшасына жетпіс жыл бойы басыбайлы қызмет ететін болады. Бірақ жетпіс жыл өткен соң, Мен Бабыл патшасын да, оның халқын да ауыр кінәлары үшін жазалап, халдейлердің елін мәңгілікке қаңыраған қу далаға айналдырамын. Мен сол жерге қарсы айтқанымның барлығын: Еремия пайғамбардың басқа ұлттарға қарсы жариялап, осы шиыршық кітапта жазылған жазаларымның бәрін де жүзеге асырамын. Бабылдықтар көп халықтар мен ұлы патшалардың құлдығына түседі. Мен бабылдықтарға жасаған іс-әрекеттеріне сай тиісті жазаларын тартқызамын!» Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды:— Ернеуіне дейін «қаһарымның шарабына» толған мына «тостағанды» ал да, Өзім сені жіберетін халықтардың бәріне содан «ішкіз!» Олар «ішіп алып», тәлтіректейді. Мен олардың арасына семсерді жібергенімде мүлдем естері ауысып кетеді! Мен Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағанды» Оның қолынан қабылдап, Өзі мені жіберген халықтардың бәріне «ішкіздім»: Иерусалим мен Яһуданың басқа қалалары, оның патшалары мен әміршілері осылай күйреп, бөтен халықтардың бұларға қарап жандары түршігіп ысқырып, келекелеп, қарғауына ұшырайтын болды. Олар әлі күнге дейін сол күйде. Сондай-ақ Мысыр патшасы перғауынға, нөкерлері мен әміршілеріне, бүкіл халқына, сол патшалықта тұрып жатқан барлық жат жұрттықтарға да сол «тостағаннан» ішкіздім. Мұнан кейін шығыстағы Ус жерінің күллі патшаларына, філістірлер елінің бүкіл патшаларына әрі Ашқалон, Газа, Әкронның халқына және Азоттың тірі қалғандарына да, Едом, Моаб және Аммонның халқына, Тир мен Сидонның барлық патшаларына, теңіздің ар жағындағы аралдар мен жағалауларындағы жерлердің патшаларына да, Дедан, Тема, Буздың халықтарына, шалғайда тұратын бүкіл көшпенділерге, Арабияның және иен даланы мекендейтін әр түрлі ұлттардың барлық патшаларына, Зімри, Елам және Мидия патшаларының бәріне, алыс-жақын солтүстік елдерінің барлық патшаларына, бірінен кейін біріне, жалпы, бүкіл жер жүзінің патшалықтарына Жаратқан Иенің қаһарына толы «тостағаннан ішкіздім». Бәрінің соңынан Шешах патшасы да содан «ішетін» болады. — Бұдан кейін оларға былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «ішіңдер, тоя ішіп, құсып тастаңдар!» Мен араларыңа жіберіп отырған семсерден құлап, қайтып тұрмаңдар! Ал егер олар сенің қолыңнан «тостағанды» алып, «ішуден» бас тартса, оларға былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сендер одан міндетті түрде ішесіңдер! Ойлаңдаршы, Мен тіпті Өзімнің атыммен аталған қаланың басына да апат түсіремін. Сонда өздеріңді жазадан құтыламыз деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, құтылмайсыңдар, өйткені жер бетінің күллі тұрғындарына семсерді жіберемін! — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзіңе айтқан сөздерімнің бәрін шиыршық кітапқа жазып қой! Сондықтан сен халық ораза ұстаған күні сонда бар да, мен өзіңе жаздырған Жаратқан Иенің сөздерін кітаптан халыққа оқып бер! Өз қалаларынан жиналып келген бүкіл яһудалықтарға да сол хабарларды дауыстап оқып бер! Еһуди кітаптың үш немесе төрт бағанасын оқып бола салысымен, патша хатшының қағаз кесетін пышағымен оқылғанды кесіп алып, алдындағы ашық пешке салып отырды. Ақыры осылайша кітаптағы бүкіл жазба отқа өртелді. — Тағы бір шиыршық кітапты ал да, Яһуда патшасы Жохақым өртеп жіберген кітапта болған сөздердің бәрін соған жазып қой. Мұнан кейін жоғары қарасам, бір шиыршық кітап ұшып бара жатыр екен.
Выбор основного перевода