Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақыра отырып былай деймін: егер осылай істейтін болсаңдар, сендер қазір Иорданның арғы жағына өтіп, иемденгелі тұрған елден жуырда-ақ аластатыласыңдар. Онда ұзақ өмір сүрмей, еш шүбәсіз қырыласыңдар. Қалғандарыңды Жаратқан Ие басқа ұлттардың арасына шашыратып жібереді. Сендер Жаратқан Ие өздеріңді жер аудартқан сол ұлттардың арасында сандарың аз болып тіршілік етесіңдер. Сонда сендер адам қолымен ағаш пен тастан жасалған, көрмейтін де естімейтін, тамақ та жемейтін, иіс те сезбейтін тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар. Жаратқан Ие өздеріңді де, билік жүргізуге өздерің таңдап алған патшаны да не сендер, не ата-бабаларың бұрын білмеген халықтың арасына айдатып жібереді. Сол жерде жалған тәңірлердің ағаштан, тастан жасалған мүсіндеріне құлшылық ететін боласыңдар. Сонымен қатар, Жаратқан Ие сендерді барлық халықтардың арасына шашыратып, жер бетінің бір шетінен келесі шетіне дейін бытыратып жібереді. Сол жерлерде сендер өздерің де, ата-бабаларың да еш білмеген бөгде тәңірлерге: ағаштан, тастан жасалған тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар. Сендерге сол халықтардың арасында да тыныштық болмайды. Аяқтарың дамыл таппай ел кезетін боласыңдар. Жаратқан Ие сендерге дірілдеп үрейленген жүрек, көз жасын төгіп, көруден қалған көз және үміті үзіліп торыққан көңіл береді. «Халқың: «Бұның бәрін Құдайымыз Жаратқан Ие бізге неге істеді екен?» деп сұрайтын болса, сен оларға: «Себебі сендер Одан бас тартып, осы елдеріңде бөтен тәңірлерге беріліп табынып кеткенсіңдер. Сол себепті енді өз елдерің емес жерде бөтен халықтың құлы боласыңдар!» деп жауап бересің». Яһуданың патшасы Езекия ұлы Манасаның Иерусалимде істеген зұлым істері үшін Мен оларды жер бетіндегі барлық патшалықтардың алдында қорқынышты көрініс етемін. Өзің бұрын танып білмеген елден жауыңды алып келемін. Өйткені қаһарымнан от тұтанып, ол сендерге қарсы лаулап жатыр.
Выбор основного перевода