Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
2. Паралипоменон
Параллельные места
Сол кезде Сүлеймен былай деді: «Жаратқан Ие қалың бұлт ішін мекендейтінін айтқан болатын. Уа, Ием, Сенің мәңгі тұруың үшін Саған арнап осы салтанатты мекенді салдым». Мұнан кейін патша артқа қарай бұрылды да, қарсы алдында жиналып тұрған Исраилдің бүкіл қауымына батасын беріп, былай деді:— Әкем Дәуіт марқұмға берген уәдесін іс жүзінде орындаған Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мадақталсын! Ол мынаны айтқан болатын: «Мен халқымды Мысырдан құтқарып, бастап алып шыққан күннен бері өз есімімнің орнығуы үшін киелі үй салынсын деп Исраилдің ешбір руындағы бірде-бір қаланы таңдамадым. Ал халқымды басқаруға Дәуітті таңдап алдым!» — Сүлеймен сөзін жалғастырып былай деді: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің есіміне арнап киелі үй салуға әкем марқұм шын жүректен ниеттенген болатын. Ал Жаратқан Ие әкеме былай деді: «Менің есіміме арнап киелі үй салғың келгені өте дұрыс. Алайда сол үйді салатын адам сен емессің, ол — болашақта дүниеге келетін өз ұлың. Менің есіміме арнап киелі үйді салатын сол болады». Жаратқан Ие осы айтқандарын жүзеге асырды да. Оның уәдесіне сай, мен әкемнің орнын басып, Исраилдің патшалық тағына отырдым. Енді Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің құрметіне киелі үй салғыздым. Соның ішінде мен Жаратқан Иенің сандығына арнайы орын жасадым. Сол сандықтың ішінде біздің ата-бабаларымызды Мысырдан көшіріп алып шыққан кезде Жаратқан Иенің олармен жасасқан Келісімінің айғақтары сақталып жатыр. Содан соң Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінің алдында тұрып, жиналған бүкіл Исраил қауымының көз алдында қолдарын аспанға қарай жайып былай деп мінажат етті: «Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие! Жоғарыдағы көкте де, төмендегі жерде де Сен сияқты ешбір құдай жоқ! Жасаған Келісіміңе адалсың, шын жүректен тура жолыңмен жүрген қызметшілеріңе рақымың мол. Сен әкем марқұмға уәде еткеніңдей, оған сенімді болып, рақымыңды көрсетіп келдің. Бұрын Өзің сөз беріп, уәде еткеніңді бүгін іс жүзінде орындап отырсың. Ал енді, уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие, Өзіңнің қызметшің Дәуітке «Егер ұрпақтарың сен сияқты Менің көз алдымда таза жүретін болса, онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады!» деп берген уәдеңді іске асыра гөр. Сонымен, уа, Исраилдің Құдайы, Өзіңе қызмет еткен әкем марқұмға айтқан сөздеріңді орындай гөр! Алайда Құдай шынымен-ақ жер бетінде тұратын бола ма?! Тіпті ұлан-ғайыр көктің өзі Сені сыйғыза алмағанда, мен салған мына үй қайдан сыйғызсын?! Солай болса да, уа, Құдайым Жаратқан Ие, бүгінгі күні Сенің алдыңда бой ұрып сиынып жасаған өтінішіме назар аударып, жалбарына еткен мінажатыма мейіріммен құлақ сала гөр! Сен «Мына киелі үйді өз атыммен атаймын» деп сөз бергендіктен, оған күні-түні қамқор бола гөр. Уа, Ием, алдыңдағы қызметшіңнің бұл жерге қарай Өзіңе бағыштаған мінажатына құлақ аса гөр. Осы пендең және меншікті Исраил халқың бұл жерге қарай Саған сиынып дұға еткен кезде тұрағыңнан өтінішімізге құлақ салып, күнәларымызды кешіре гөр. Егер болашақта бір кісі басқа біреуге жамандық жасапты деп айыпталып, осы киелі үйдегі құрбандық үстелінің алдында ант беруге мәжбүр етілсе, онда Сен көктен құлақ асып, пенделеріңе төрелік ете гөр. Сол кісі кінәлі болса, істеген қылмысын мойнына арта гөр, ал кінәсіз болса, әділдігін әшкерелеп, ақтай гөр. Егер де халқың Исраил Сенің алдыңда күнәға батқандықтан, жауларынан жеңіліп қалса, ал кейін Саған қайтып, Құдайлық билігіңе мойынсұнса, әрі осы киелі үйіңе қарай сиынып, рақым көрсетуіңді сұрап жалынса, онда Сен көктен оларға құлақ сала гөр. Халқың Исраилдің күнәларын кешіріп, ата-бабаларына сыйлаған осы елге қайтара гөр. Егер олар көз алдыңда күнәлі болғанда Сен өздерін жазалап, аспанды жаңбыр жауғызбай жауып тастасаң, әрі олар бұл жерге қарай Саған сиынып, билігіңе мойынсұнып, күнәларынан бас тартса, онда Сен көктен олардың дұғаларына құлақ сала гөр. Қызметшілеріңнің және бүкіл халқың Исраилдің күнәларын кешіре гөр. Оларға тура жолмен қалай жүру керектігін үйретіп, Өзің халқыңа мұралық меншікке берген осы еліңе қайтадан жаңбыр жібере гөр! Болашақта елді ашаршылық не індет жайлап, егінді өсімдік таты басып немесе көгеріп шірісе, құрт-шегіртке жалмап, не болмаса елге жау шауып, қалаларын талан-таражға салса, яки халықтың арасында қандай да бір апат болып не ауру-сырқау жайылса, онда олардың Өзіңе сиынып еткен мінажаттарына құлақ сала гөр. Азап шегіп жатқан жеке біреу болсын не бүкіл халқың Исраил болсын, егер осы киелі үйіңе қарай қолдарын жайып Саған сиынып жалбарынса, онда Сен көктегі тұрағыңнан құлақ сала гөр. Оларды кешіріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай лайықтысын бере гөр. Әр адамның жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой. Өзің осы елді ата-бабаларымызға сыйлаған едің. Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп тура жолыңмен жүретін болсын. Тіпті халқың Исраилге жатпайтын жат жерлік адам алыс елден ұлы есімің мен зор құдіретің туралы естігендіктен осында келіп, Саған бұл киелі үйге қарай сиынса, онда Сен көктегі мекеніңнен құлақ салып, оның барлық өтініштерін орындай гөр. Осылайша жер жүзінің күллі халықтары Сенің Құдай екеніңді мойындасын. Халқың Исраил сияқты олар да Сені терең қастерлеп, мен салғызған осы ғибадатхананың Өзіңе бағышталып, есіміңмен аталғанын білсін. Халқың Сен жіберген бір жаққа қарай жауларына қарсы соғысқа шыққан кезде, Өзіңнің таңдап алған қалаңа және мен Сенің есіміңе арнап салғызған осы киелі үйге қарай Саған, уа, Жаратқан Ие, сиынып мінажат етсе, онда Сен көктен олардың мінажаттары мен жалбарыныштарына құлақ салып, оларды қолдап-қорғай гөр. Егер олар Сенің алдыңда күнә жасаса, себебі күнә жасамайтын пенде жоқ, әрі Сен оларға қаһарланып, жау қолына бере салып, жау оларды өзінің не алыс, не жақын бір еліне айдап әкетсе, ал олар тұтқында жүрген сол жау елінде өкініп, теріс жолдарынан қайтып, «Біз күнәға баттық, жасаған істеріміз бұрыс та жексұрын болды!» — деп Сенің алдыңда мойынсұнса, әрі тұтқындап, жер аударған жауларының елінде Саған шын жүректен бет бұрып қайтып келсе, Өзің ата-бабаларына сыйлаған еліңе, таңдап алған қалаңа және мен Сенің құрметіңе салғызған осы ғибадатханаңа қарай Саған сиынса, онда көктегі тұрағыңнан олардың мінажаты мен жалбарынышына құлақ асып, оларды қолдап-қорғай гөр! Олардың Өзіңе қарсы шығып, күнәға батып, жасаған теріс қылықтарының бәрін де кешіре гөр. Жеңіп шыққан жауларының жүректерін оларға мейіріммен қарайтындай етіп жібіте гөр. Сендер ата-бабаларымыз іспетті көріп-естуге болатын мынадай жайтты бастарыңнан өткізбедіңдер: олар от болып лаулап жанып жатқан Синай тауына жақындады. Айнала қара түнек болып, сұрапыл дауыл соғып,
Выбор основного перевода