Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
О дүниенің ортасынан ең мықты батырлар Мысырға және оны қолдаған одақтастарына таңырқап былай демек: «Пай-пай, олар төмен түсіп, әділетсіздермен әрі семсерден қаза тапқандармен бірге тыныш жатыр екен!» Ассур да өзінің семсерден қаза тапқан бүкіл әскерімен бірге сонда. Олардың көрлері оны қоршап, о дүниенің ең шалғай бөліктерінде орналасқан. Осылайша Ассурдың жасақшылары оның қабірінің айналасында жатыр. Солардың бәрі тірі кездерінде өзгелерге қорқыныш сепкендер, әрі семсерден қырылып мерт болғандар. Елам да сонда жатыр, қалың қолы да оның қабірінің айналасында. Барлығы да семсерден қырылып мерт болғандар, о дүниеге сүндеттелмеген күйі аттанғандар. Олар тірі кездерінде басқаларға үрей себетін еді, ал енді басқа әділетсіздермен бірге масқараланып, көрге түсті. Еламға өзінің қалың қолымен бірге қырылғандардың арасынан төсек дайындалды. Солардың көрлері оның айналасында. Бұлардың бәрі де сүндеттелмегендер, семсерден қырылғандар. Олар тірі кездерінде өзгелерге қорқыныш туғызатын еді. Ал енді көрге түскендермен бірге өз істерінің ұяттарын арқалап, мерт болғандардың ортасына қойылды. Мешех пен Тұбал да сонда жатыр. Олардың қалың қолдарының көрлері Мешех пен Тұбалдың қабірлерінің айналасында. Сол жасақшылардың барлығы да сүндеттелмеген, семсерден мерт болған. Өйткені олар тірі кездерінде өзгелерге үрей туғызатын еді. Олар ежелде қаза тапқан батырлармен бірге жатпайды. Сол батырлар өздерінің қару-жарағымен бірге, семсерлері бастарының астында, қалқандары сүйектерінің үстінде қабірге қойылған. Бірақ едомдықтардың әділетсіздігі олардың мойындарында, өйткені олар мықты жасақшылар болып тірі кездерінде басқаларға қоқан-лоқы жасайтын. Сен де, уа, перғауын, талқандалып, семсерден қаза тапқан әділетсіздердің арасында жататын боласың. Едом да өз патшалары мен әміршілерінің барлығымен бірге сонда болады. Олар кезінде қаншама қуатты болғанмен, семсерден қырылғандармен әрі сүндеттелмеген күйінде көрге түскендермен бірге жатыр. Солтүстіктің күллі әміршілері де, сидондықтар да түгелімен сонда болады. Олар кезінде күш-қуаттарымен қатты үрей туғызғандықтан ұятқа қалады. Олар сүндеттелмеген күйі семсерден қырылғандармен бірге жатыр және көрге түскен басқалармен бірге өздеріне лайықты масқарасын арқалайды. Перғауынның өзі және оның бүкіл әскері солардың бәрін көргенде, өзінің де, қалың қолының да семсерден қырылып мерт болғандарына жұбанады. Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын. Жердегі патшалар, ақсүйектер және байлар, қолбасылар мен күштілер және күллі құл-еріктілер үңгірлерге және таудағы құздардың арасына тығылып қалды.
Выбор основного перевода