Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Маған: «Мырза, Ие!» дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады. Сол күні кейінірек Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды. Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, соған жайғасты. Ал барша халық жағалауда тұрды. Иса оларға мынау сияқты астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп былай деді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты. Ол сеуіп жүргенде дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып жеп қояды. Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез көктеп шығады. Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады. Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлардың біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім береді. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!» Шәкірттері Исаның қасына келіп:— Халыққа сөзіңізді арнағанда неге астарлы әңгімелер айтасыз? — деп сұрағанда, Оның жауабы мынадай болды:— Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған. Өйткені кімде (біраз түсінік) бар болса, соған тағы да беріліп, онікі асып-тасып кетеді. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады. Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де. Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! Өйткені бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім! Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көреді, құлақтарың естиді. Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар да, өзге әділ адамдар да сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады. Енді тұқым сепкен диқан туралы әңгіменің мағынасын тыңдаңдар: біреу Патшалық туралы Ізгі хабарды естіп, түсінбесе, лезде әзәзіл шайтан келіп, сол адамның жүрегіне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Жол бойына түскен тұқым — осы. Ал тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: адам Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Ізгі хабарға бола басына азап не қуғын түскенде, дереу сенімінен безіп кетеді. Тікен арасына себілген дәндер болса, мынаны білдіреді: біреу Ізгі хабарды естиді. Алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді. Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді. Иса халыққа тағы басқа бір астарлы әңгімені айтып берді: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді. Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді. Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады. Сонда қызметшілері егіндіктің иесіне келіп:— Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Онда бидайық қайдан шыққан? — деп сұрайды. Ол:— Мұны істеген дұшпан кісі, — деп түсіндіреді.— Ендеше біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба? — Жоқ, — деп жауап береді қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп, бидайды бірге жұлып тастарсыңдар. Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын». Иса халыққа тағы мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығы бір адамның егістігіне еккен қыша дәніне ұқсас: қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі майда болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығып, бұтаға айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды». Иса оларға астарлап келесі бір әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырған соң, ол барлық қамырды ашытып, көтереді». Мұның бәрін Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады. Осылай Құдайдың пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: «Астарлы әңгімелерді айтамын, әлем жаратылғаннан бері бар құпияларды ашамын». Бұдан кейін Иса халықты таратып, үйге кірді. Қасына келген шәкірттері: «Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші», — деп өтінген соң, Иса оларға былай деді: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші. Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары. Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — әзәзіл шайтан, орақ кезі — ақырзаман, ал орушылар — періштелер. Жұрттың арам шөптерді жинап, өртеп жіберетіні сияқты, ақырзаманда да солай болады: көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жібереді. Олар азғындық пен заңсыздық жасайтын адамдардың бәрін Оның Патшалығынан жинап алып, жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау! Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!» «Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады. Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп, аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады. Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлі балықтар түсетін аумен де салыстыруға болады. Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, балықтың жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды. Ақырзаманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратып, жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады», — деп сөзін аяқтаған Себебі Әкемнің еркі мынау: Өзінің рухани Ұлына назар аударып, сенім артқан барлық адамдарға мәңгілік өмір сыйлау. Мен соларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар. Құдай алдын ала білетін біздерді Өзінің рухани Ұлының үлгісіне ұқсасын, осылайша рухани Ұлы көптеген бауырластарының арасындағы тұңғышы іспетті аса қадірлі болсын деп бұрыннан белгілеп қойған еді. Ендеше ешкімге адам тұрғысынан қарамаймыз. Бұрын біз Мәсіхке солай қарағанмен, қазір олай етпейміз. Адамдарды Оған бағыштаған Мәсіх те, сол адамдар да бір Әкеден тарайды. Сондықтан да Мәсіх оларды бауырларым деп атаудан ұялмайды.
Выбор основного перевода