Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Жаратқан Ие өздеріңді де, билік жүргізуге өздерің таңдап алған патшаны да не сендер, не ата-бабаларың бұрын білмеген халықтың арасына айдатып жібереді. Сол жерде жалған тәңірлердің ағаштан, тастан жасалған мүсіндеріне құлшылық ететін боласыңдар. Өйткені сендер бар игіліктерге кенелген кездеріңде Құдайларың Жаратқан Иеге шат жүрекпен мойынсұнып, қуана қызмет етіп жүрмедіңдер. Сондықтан енді арып-ашып, шөлдеп, жалаңаш жүріп, қай нәрсеге де тарығып, Жаратқан Ие сендерге қарсы аттандырған жауларыңа қызмет ететін боласыңдар. Ол сендерді құртып жібергенше мойындарыңа құлдықтың «темір қамытын» салып қояды. Соны көріп, күллі халықтар да: «Жаратқан Ие неліктен осы елге мұны істеді екен? Неден оған қаһарын соншама төкті?» — деп сұрайтын болады. Сонда оларға мына жауап беріледі: «Бұл елдің адамдары өз ата-бабалары сиынған Құдай — Жаратқан Иенің Келісімінен бас тартты. Ол өздерін Мысырдан құтқарып алып шыққан кезінде сол Келісімді олармен жасаған болатын. Алайда олар өз беттерімен кетіп, бұрын танып-білмеген және Жаратқан Ие өздеріне белгілемеген (жалған) тәңірлерге бас ұрып, құлшылық ете бастады. Осы киелі үй қазір салтанатты болып тұрғанмен қиратылып, үйінді болып қалады. Сонда оның қасынан өткен-кеткен әркім аңтарыла жаны түршігіп: «Жаратқан Ие неліктен бұл ел мен мына киелі үйге осындай қорқынышты нәрсені істеді екен?» — деп мұрнын шүйіріп, ысқыратын болады. Сонда жұрт: «Себебі олар ата-бабаларын Мысырдан бастап алып шыққан Құдайы — Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, бөтен тәңірлерге бет бұрды да, соларға табынып, құлшылық ететін болды. Сондықтан Жаратқан Ие олардың бастарына осы бақытсыздықтың барлығын үйіп-төкті!» деп мысалдайтын болады. Осының бәрі менің басыма неліктен түсті деп іштей толғансаң, біліп қой: Жасаған ауыр күнәларыңның кесірінен жауыңның сені зорлап, абыройыңды төгуіне жол берілді. Осының бәрін сен халыққа айт! Олар сенен: «Жаратқан Ие соншама азапты біздің басымызға не үшін төгейін деп отыр? Құдайымыз Жаратқан Иеге қарсы қандай күнә жасадық? Оның алдындағы айыбымыз қандай?» деп сұрайтын болса, оларға былай деп жауап бер: «Өйткені сендердің ата-бабаларың Менен бас тартып кетті, — дейді Жаратқан Ие. — Олар бөгде тәңірлердің жолын қуып, соларға қызмет етіп иіліп, табынып кетті. Осылайша Мені тастап кетіп, Таурат заңымды сақтамады. Бірақ сендер бұл жағынан тіпті ата-бабаларыңнан да асып кеттіңдер. Әркім өзінің қасарысқан жүрегінің қалауымен жүріп, Мені тыңдаудан бас тартып жүр. Сондықтан Мен сендерді осы елден өздерің де, ата-бабаларың да бұрын танып білмейтін бір елге жіберемін. Сол жерде сендер күні-түні бөгде тәңірлерге құлшылық ететін боласыңдар. Ал Мен сендерге еш мейірім көрсетпеймін».
Выбор основного перевода