Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Алайда егер оны ешқандай арам ниетсіз, Құдайдың жол беруімен істеген болса, онда ол Өзім белгілейтін бас сауғалау жеріне қашсын. Құдайларың Жаратқан Ие әлгі азғын халықтарды құртып, жерлерін сендерге табыстамақ. Сонда сендер олардың қалалары мен үйлеріне ие болып, қоныстанып аласыңдар. Сол кезде Құдай Иеміздің өздеріңе мұралық меншікке берген сол еліндегі үш қаланы арнайы мақсатқа бөліп қойыңдар. Бұл үшін елді үш аймаққа бөліп, әр аймақта бір қаладан белгілеңдер. Осы қалаларға апаратын жолдарды жақсылап салыңдар. Біреуді өлтірген әр адам сол қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алатын болсын. Бұл туралы ереже мынау: бұрын өшікпеген бір кісіні абайсызда өлтіріп алған адам осындай қалаға бас сауғалауға қашып барып, сонда тұруына болады. Мысалы, екі адам орманға ағаш дайындауға барып, біреуі ағаш шабу үшін балтасын сілтей бергенде, балтаның басы сабынан ұшып кетіп, екінші адамға тиіп, оны өлтіріп алды дейік. Абайсызда кісі өлтіріп алған адам сол белгіленген қалалардың біріне қашып барып, бас сауғалай алады. Әйтпесе, егер арақашықтық тым үлкен болса, онда мерт болған кісінің жазалаушы туысқаны еш өшпенділіксіз өлтіріп алған адамды қатты ашумен өкшелей қуып жетіп, көзін құртады. Ал сол адамның өлімге бұйыратындай жазығы болған жоқ қой. Сондықтан да сендерге былай деп бұйырып отырмын: үш бас сауғалау қаласын бөліп белгілеп қойыңдар! Құдайларың Жаратқан Ие ата-бабаларыңа ант еткендей, иемденген жерлеріңді кеңейтіп, оларға уәде еткен елдің барлығын сендерге табыстамақ. (Ал Оның сендерге осы бүкіл елді табыстауының шарты —) мен бүгін өздеріңе жеткізіп отырған «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, лайым Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиетімді мұқият орындауларың. (Сонымен Жаратқан Ие бүкіл Қанахан елін қолдарыңа тапсырғанда) осы аталып өткен үш қалаға қоса тағы үш қаланы бас сауғалау үшін белгілеңдер. Сонда Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде жазықсыз кісінің қаны төгілмейді де, соның кінәсі мойындарыңда болмайды да. Бірақ егер сондай адам өлтірген кісісіне бұрыннан өшігіп, аңдып келіп, сәті түскен кезде бас салып, оны өлтіргеннен кейін бас сауғалау қалаларының біріне қашып барса, онда оның өз қаласының ақсақалдары ол бас сауғалаған қалаға адамдарын жіберіп, қайтарып алдыртсын. Сол адам өлген кісінің жазалаушы туысқанының қолына тапсырылуы керек. Осылай ол жазасын тартып өлуге тиіс. Мұндай адамға аяушылық көрсетпеңдер. Қайта, Исраил елін жазықсыз төгілген қанның кінәсінен осылайша тазартуларың керек. Сонда игілікті өмір сүретін боласыңдар. «Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге Мұса арқылы бұйырғанымдай, өздеріңе бас сауғалау қалаларын белгілеңдер. Егер бір адам ешқандай қара ниетсіз абайламай біреуді өлтіріп алса, ол сонда қашып барып, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқанынан бас сауғалай алатын болады. Сондай адам осы қалалардың біріне қашып барсын да, қақпасының алдына келіп, қаланың ақсақалдарына болған істі баяндап айтып берсін. Олар сол адамды қалаға қабылдап, паналайтын жер беріп, ол араларында тұратын болсын. Егер қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оның соңынан қуып келсе, қала тұрғындары кісі өлтірген адамды оған ұстап бермесін. Себебі ол оны бұрыннан бері өшігіп жүргендіктен емес, абайсызда өлтіріп алыпты. Ал кісі өлтірген адам өзінің ісі жамағаттың алдындағы сотта қаралғанға дейін, әрі сол кездегі бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін осы қалада қалуға тиіс. Содан соң ол өзінің қашып келген қаласы мен отбасына қайтып бара алады».
Выбор основного перевода