Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Хазаил:— Мырзам, неге жылайсыз? — деп сұрады. Еліше:— Өйткені мен сенің Исраил халқына қандай зұлымдықтар жасайтыныңды біліп отырмын. Сен Исраилдің бекіністі қалаларын өртеп, оның жас жігіттерін семсердің жүзімен қырасың, емшектегі сәбилерін жерге лақтырып өлтіресің, жүкті әйелдерінің іштерін жарасың! — деп жауап берді. Енді Німшидің немересі, Жосапаттың ұлы Еху Жорам патшаға қарсы астыртын сөз байласты. Жорам бүкіл Солтүстік Исраилдің әскерімен Ғилақадтағы Рамот қаласын Арама патшасы Хазаилден қорғап жатқан болатын. Бірақ шайқаста арамалықтар Жорамды жарақаттап, ол жарасынан емделіп айығуға Ізрел қаласына қайта оралған еді. Еху басқа қолбасшыларға: «Егер менімен шынында ниеттес болсаңдар, ешкімнің осы жерден сытылып шығып, Ізрелге хабар жеткізуіне жол бермеңдер!» — деген нұсқау берді. Содан Еху күймесіне мініп, Жорам тынығып жатқан Ізрел қаласына барды. Яһуда патшасы Охозиях Жорамның көңілін сұрап сонда келіп жатқан болатын. Еху жасақшыларымен Ізрелге жақындап қалғанда, қала мұнарасындағы бақылаушы оларды байқап: «Бір топ жасақшыны көріп тұрмын», — деп хабарлады. Жорам былай деп бұйырды: «Олардың алдынан бір салт аттыны жібер! Ол аманшылық па деп сұрап келсін!» Салт атты Ехудің алдынан шығып:— Патша: «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған:— Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті.Сонда бақылаушы: «Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады!» — деп мәлімдеді. Жорам екінші бір хабаршыны жіберді, ол да Еху бастаған топқа келіп:— Патша «Аманшылық па?» деп сұрап жатыр, — дегенде, Еху оған:— Аманшылық па, жоқ па, ол туралы неден қам жейсің? Одан да менің соңымнан ер! — деп әмір етті. Енді бақылаушы:— Хабаршы оларға жетті, бірақ қайтпады! Алдыңғы күйменің жүрісі Німшидің немересі Ехудің күйме жүргізуіндей екен. Ол жынды сияқты зулатып айдайды, — деп мәлімдеді. Сонда Жорам:— Күймемді дайындаңдар! — деп бұйырды. Қызметшілері оның күймесін дайындап болған соң, Солтүстік Исраил патшасы Жорам мен Яһуда патшасы Охозиях әрқайсысы өз күймесіне мініп, Ехудің алдынан шығып, онымен ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесінің маңында ұшырасты. Жорам Ехуді көргенде, одан:— Аманшылық па, Еху? — деп сұрады. Сонда Еху:— Неткен аманшылық болсын?! Өз шешең Езабел әлі де (Жаратқан Иеге) опасыздық жасап жалған тәңірлерге табынып, сиқырлықпен молынан айналысуда емес пе?! — деп жауап қайтарды. Осыны ести салысымен, Жорам кері бұрылып, Охозияхқа: «Охозиях, бұл — сатқындық!» — деп айқайлап, қаша жөнелді. Ал Еху садағын бар күшімен тартып, Жорамның екі жауырынының арасын көздеп, атып жіберді. Жебе ұшып барып, оның жүрегіне дәл тиді де, Жорам күймесінің ішіне құлай кетті. Сонда Еху өзінің жеке қызметшісі Бидықарға былай деп әмір етті: «Жорамды көтеріп алып, ізрелдік Набутайдың мұралық жер үлесіне лақтырып кет! Есіңде ме, екеуіміз бірде оның әкесі Ахабқа ілесіп күйме ішінде келе жатқан едік. Сонда Жаратқан Ие (өзінің пайғамбары арқылы) Ахабқа мынадай хабарын жеткізді: Жаратқан Ие мынаны айтады: Набутай мен оның ұлдарының кеше төгілген қандары Менің назарымнан тыс қалған жоқ! Сол ісіңнің есесін саған дәл осы мұралық жер үлесінде қайтаратын боламын! Сондықтан Жаратқан Иенің сөзіне сай Жорамның өлігін алып, осы мұралық жер үлесіне лақтырып кет!» Яһуда патшасы Охозиях осыны көргенде, күймесін бұрып, бақ ішіндегі сарайға апаратын жолға түсіп, қаша жөнелді. Еху оның соңынан қуып: «Оны да өлтіріңдер!» — деп айқай салды. Мергендер Ибеламның маңындағы Ғұрға көтерілетін жол бойында Охозияхты күймесінде отырған жерінде садақпен атып ауыр жарақаттады. Ол Мегидо қаласына қашып барып, сол жерде қайтыс болды. Охозияхтың нөкерлері оның мәйітін күймемен Иерусалимге алып барып, сол жерде ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабіріне қойды. Охозиях Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он бірінші жылы Яһуданың патшасы болып тағайындалған еді. Бұдан кейін Еху Ізрел қаласына барды. Езабел бұл туралы естіп, көздерін бояп, шашын сәндеп түйіп алып, терезеден сыртқа қарады. Еху қақпадан кіргенде, Езабел оған дауыстап: «Ниетің бейбіт пе? Әй, Зімри іспетті өз қожайынын өлтіруші!» — деді. Еху терезеге қарай жоғары қарап айқайлап: «Менің жағымда кім бар? Қайсыларың? — дегенде, терезеден екі-үш сарай қызметкері көрінді. Еху оларға: — Ана әйелді төменге лақтырыңдар!» — деп әмір етті. Олар Езабелді терезеден жерге лақтырып жіберді. Сонда оның қаны қабырға мен аттарға шашырап, сол аттар оның денесін таптап тастады. Мұнан кейін Еху Ахабтың әулетіне жататын Ізрелдегі барлық адамдарды өлтірді. Солармен бірге Еху Ахабтың күллі нөкерлерін, дос-жарандары мен діни қызметкерлерін де өлімге бұйырды. Осылай Ахабпен байланысы болған бірде-бір тірі жан қалмады. Сол себепті Жаратқан Иенің қаһары Солтүстік Исраилге қарсы лап етті. Ол елді ұзақ уақыт бойы Арама патшасы Хазаилден және оның ұлы Бен-Хададтан жеңіле беретін етті. Солтүстік Исраилге Жоғахаз патшалық құрған барлық кезде Арама патшасы Хазаил елге зорлық-зомбылық көрсеткен болатын.
Выбор основного перевода