Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Амнон қарындасы Тамар үшін қиналғаны сонша, тіпті ауырып та қалды. Тамар пәк болатын, әрі Амнон ешқашан онымен бірге бола алмаймын деп түңілді. Бірақ Амнонның Жонадаб есімді өте қу досы болды, ол Дәуіттің туған ағасы Шаммахтың ұлы еді. Жонадаб Амноннан:— Не болды? Патшазадасың, неге күн өткен сайын сонша көңілсізсің? Маған айтпайсың ба? — деп сұрады. Амнон:— Мен бауырым Абессаломның қарындасы Тамарға ғашық болып қалдым, — деп жауап берді. Сонда Жонадаб оған мынадай ақыл берді:— Ауырып қалғандай төсегіңде жата бер. Әкең халіңді білуге келгенде, оған: «Қарындасым Тамар келіп, маған тамақ берсінші. Оны көз алдымда дайындасын, мен оның қолынан жеп алайын» деген өтінішіңді білдір. Сондықтан Амнон төсегінде жатып, қатты ауырғансыды. Патша оның халін білуге келгенде, Амнон одан: «Қарындасым Тамар келіп, менің көз алдымда бір-екі нан пісіріп берсінші. Оның қолынан жеп алайын», — деп өтінді. Дәуіт сарайдағы Тамарға: «Ағаң Амнонның үйіне барып, оған тамақ дайындап бер!» — деген сәлем жіберді. Содан Тамар ағасы Амнонның үйіне, оның жатқан жеріне барды. Қыз қамыр алып, иледі де, Амнонның көз алдында тәтті нан жасап пісірді. Табаны алып, нанды Амнонның алдына қойды. Бірақ ол жеуден бас тартып, қызметшілеріне: «Бәрің қасымнан кетіңдер!» — деп бұйырды. Содан Амнон Тамарға: «Тамақты ішкі бөлмеме алып баршы. Сонда мен сенің қолыңнан жейін», — деп тапсырды. Тамар пісірген тәтті нандарын алып, ағасы Амнонның ішкі бөлмесіне апарды. Бірақ қыз тамағын алдына қойып жатқанда, Амнон оны ұстап алып:— Кәне, сүйікті қарындасым, екеуіміз бірге болайық, — деді. Ол оған жалынып:— Жо-жоқ, ағатай! Маған күш көрсетпеңізші! Бұл Исраилде ешқашан істелмейтін іс! Мұндай жетесіздікті істей көрмеңіз! Мен қалайша осындай масқарамнан арылар едім? Өзіңіз де Исраилдегі ұятқа қалған ақымақ боласыз! Өтінемін, патшамен сөйлесіңізші, ол мені сізге беруден бас тарта қоймас! — деді. Бірақ Амнон Тамарды тыңдағысы келмеді. Күштірек болғандықтан, зорлықпен көндіріп, онымен жақындасты. Осыдан кейін Амнон Тамарды қатты жек көріп кетті. Оған деген жеркеніші тіпті бұрынғы ғашықтығынан да әлдеқайда басым болды. Амнон оған:— Тұр да, жоғал! — деп бұйырды. Бірақ Тамар оған:— Жо-жоқ, ағатайым! Мені қуып жіберуіңіз маған жаңағы істегеніңізден бетер жаман болар еді! — деп жауап берді.Алайда Амнон тыңдамай, өзіне қызмет ететін бір жас жігітін шақырып алып, оған: «Мына әйелді қасымнан әкет те, артынан есікті бекітіп қой!» — деп бұйырды. Қызметші Тамарды сыртқа шығарып жіберіп, артынан есікті бекітіп алды. Тамар патшаның отау құрмаған қыздары киетін етек-жеңі ұзын, сәнді көйлек киіп жүретін. Содан ол басына күл сеуіп, үстіне киіп алған ұзын көйлегінің өңірін айыра жыртты да, бетін қолдарымен жауып алып, еңіреп жылап кете берді. Тамардың туған ағасы Абессалом оған: «Ағаң Амнон сенімен бірге болды ма? Тынышталшы енді, қарындасым. Ол сенің ағайының ғой, қапаланбай-ақ қой», — деді. Сонда Тамар жалғыз қалып, ағасы Абессаломның үйінде тұратын болды. Болған оқиға туралы естіген Дәуіт патша қатты ашуланды. (Бірақ ол тұңғыш ұлы болғандықтан ерекше жақсы көрген Амнонды жазаламай қоя салды.) Абессалом да Амнонға не жақсы, не жаман бір сөз айтпады. Алайда ол туған қарындасын масқаралаған Амнонды қатты жек көріп кетті.
Выбор основного перевода