Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
2. Паралипоменон
Параллельные места
Мұнан кейін Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғасқа елшілерін жіберді. Осы Жоғас Ехудің немересі, Жоғахаздың ұлы еді. Амасиях оған:— Кел, бетпе-бет соғысайық! — деген шақыруын жолдады. Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Амасияхқа мынадай (мысалды келтіріп) жауап қайтарды:— Бірде Ливан тауларында өсіп тұрған бір аласа тікенді бұта Ливандағы зәулім самырсын ағашына: «Қызыңды менің ұлыма бер!» деген екен. Бірақ сол тікенді бұтаның жанынан бір ливандық аң өтіп бара жатып, оны басып, жаншып тастапты. Сен шынында да Едомды жеңдің, енді содан өркөкіректеніп кетіпсің. Мақтансаң, сарайыңда қалып, мақтана бер. Басыңа пәле іздеп, не қыласың?! Әйтпесе Яһудаңмен қоса құрып кетерсің! Бірақ Амасиях оның сақтандыруын тыңдамай қойды. Содан Солтүстік Исраилдің патшасы өзінің әскерін ертіп Амасияхқа қарсы өрлеп барды. Екеуінің арасындағы шайқас Яһуда жеріндегі Бет-Шәміш қаласының маңында болды. Яһуда әскері Солтүстік Исраилден жеңіліп, барлық жасақшылары үйлеріне қашып кетті. Жоғас патша Бет-Шәміште Яһуда елінің патшасы Амасияхты қолға түсіріп, оның астанасы Иерусалимге аттанды. Жоғас қала қамалы қабырғасының Ефрем және Бұрыш қақпаларының арасындағы үлкен бөлігін құлатып тастады. Сол бөліктің ұзындығы шамамен төрт жүз шынтақ болатын. Жоғас, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінен және патша сарайының қазына қоймаларынан тапқан алтын-күмісін және арнайы құрал-жабдықтарының бәрін тонады, әрі кепілдікке адамдар алып, Самарияға қайтып кетті.
Выбор основного перевода