Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сонда Петір Исаның қасына жақындап:— Мырза, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе? — деп сұрады. Иса:— Саған айтамын: жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін, — деп жауап берді. — Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас: Бір патша қызметкерлерінен есеп алмақшы болады. Есеп ала бастағанда оның алдына он мың ат басындай күміске борышты қызметкерін алып келеді. Қарызын төлейтін ештеңесі болмағандықтан, патша оның өзін, әйелін, бала-шағасы мен мал-мүлкін түгел сатып, содан түскен ақшамен қарызын өтеуге бұйырады. Сонда қызметкер патшаның аяғына жығылып: «Тақсыр, маған сәл мұрсат бере көріңіз, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады. Қызметкеріне жаны ашыған патша оны босатып, бүкіл қарызын да кешіреді. Қызметкер далаға шыққан соң, бір қызметтес жолдасын кездестіреді. Бұл адам оған тек бір жүз күміс теңгеге ғана борышты еді. Алайда қызметкер оны алқымынан алып, қылғындыра бастап: «Дәл қазір маған берешегіңді қайтар!» деп талап етеді. Қарыздар жолдасы аяғына жығылып: «Маған сәл мұрсат бере көр, мен бәрін де төлеймін!» деп жалынады. Бірақ ол күткісі келмей, әлгіні қарызын төлегенше түрмеге жапқызады. Мұны көрген өзге жолдастары қатты наразыланып, патшаға барып, болған оқиғаны айтып береді. Сонда патша сол қызметкерін шақырып алып: «Әй, зұлым қызметші! Сен өтінгендіктен, мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой! Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге тиіс емес пе едің?!» дейді. Патша қаһарланып, оны қарызын толық өтегенше жазалаушыларға тапсырады. Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!
Выбор основного перевода