Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Жаратқан Ие Мұсаға Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында тіл қатып былай деді: «Исраилдіктерге мына бұйрықты жеткіз: Олар өздерінің үлесіне тиген мұралық жерлерінен леуіліктерге тұруға бірнеше қаланы айналаларындағы жайылымдарымен қоса бөліп берсін! Сол қалалар леуіліктерге қоныс, ал айналаларындағы жерлер олардың отар-табындары мен басқа да малдарына жайылым болады. Леуіліктерге берілетін қалалардың қамалынан айнала мың шынтақ қашықтықта жатқан жердің барлығы сол қалаға тиісті жайылым болып саналсын. Яғни қаланың сыртынан шығыс, оңтүстік, батыс, солтүстік жақтарының ұзындығы екі мың шынтақ болып табылатын үлкен төртбұрышты өлшеңдер. Қаланың өзі соның ортасында орналассын. Осы аумақ леуіліктер қоныстанатын қалалардың жайылымдары болсын. Леуіліктерге тұруға берілетін қалалардың алтауы абайсызда кісі өлтіріп алған адамдарға арналған бас сауғалау қалалары болуға тиіс. Соған қоса леуіліктерге тағы қырық екі қала беріңдер. Ал барлығы леуіліктерге жайылым жерлерімен қоса қырық сегіз қала берулерің керек. Леуіліктерге қалаларын белгілеп бергенде, үлкенірек жер үлесін алған руларың қаланы көбірек, кішірек үлес алған руларың азырақ берсін. Демек, рулардың беретін қалаларының саны әрқайсысының алған мұралық жер үлесінің аумағына сай болсын». «Жаратқан Ие Мұса арқылы бізге өзіміз мекендейтін қалалар және малымыз жайылатын өрістер беру туралы айтқан болатын», — деген өтініш жасады. Сонда исраилдіктер Жаратқан Иенің берген бұйрығына бағынып, оларға өздерінің мұралық жер үлестерінен төмендегі қалаларды жайылымдарымен қоса белгілеуге ұйғарды. Алғашқы жеребе қахат әулеттеріне түсті. Діни қызметкер Һароннан тараған леуіліктерге Яһуда, Шимон, Бунямин руларының жерінен он үш қала тиді. Қахаттың қалған ұрпақтарына жеребе бойынша Ефрем, Дан және Манаса руының (батыстағы) жартысының жерінен он қала тиді. Герсонның ұрпақтарына жеребе бойынша Исашар, Ашир, Нафталим руларынан әрі Манаса руының Башан аймағындағы өзге жартысынан он үш қала тиді. Мераридің ұрпақтарына әулеттері бойынша Рубен, Ғад, Забулон руларынан он екі қала берілді. Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай осы қалаларды жайылымдарымен қоса леуіліктерге жеребе бойынша үлестіріп берді. Яһуда руы мен Шимон руынан исраилдіктер төмендегі қалаларды аттарын атап бөліп берді. Олар Леуі руының Қахат тармағына жататын Һаронның ұрпақтарына белгіленді, себебі бірінші жеребе соларға түсті. Осылайша Һаронның ұрпақтарына Яһуданың таулы жеріндегі Кирият-Арба, демек, Хеброн қаласы айналасындағы жайылымдарымен қоса берілді. (Қаланың атауындағы) «Арба» алып Анақтың арғы атасының есімі болатын. Ал Хебронға қарасты егістік жерлер мен елді мекендер Ефунне ұлы Халептің иелігіне бөлініп берілді. Сонымен, осы екі рудан діни қызметкер Һаронның ұрпақтарына Хеброн қаласы белгіленді. Ол абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын қала болуға да таңдалған еді. Һаронның ұрпақтарына одан басқа Либна, Ятир, Ештемоға, Холон, Дебир, Аин, Юта, Бет-Шәміш — барлығы тоғыз қала да жайылымдарымен қоса белгіленді. Бунямин руынан оларға Гибеон, Геба, Анатот, Алмон атты төрт қала жайылымдарымен қоса белгіленді. Һароннан тараған діни қызметкерлердің жайылымды қалаларының ұзын саны — он үш болды. Леуі руының Қахат тармағының қалған бөлігіне Ефрем руының жерінен бөлінген қалалар мыналар болды: Ефремнің таулы өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Сихем қаласы және Гәзер, Кипсаим, Бет-Хорон — барлығы төрт қала жайылымдарымен қоса берілді. Дан руынан Елтеке, Гибетон, Аялон, Ғат-Риммон атты төрт қала жайылымдарымен қоса, әрі Манаса руының (Қанахан еліндегі) жартысынан Тағанах пен Ғат-Риммон атты екі қала жайылымдарымен қоса берілді. Осы он қала мен олардың жайылымдары Қахат тармағының қалған әулеттеріне үлестірілді. Леуі руының Герсон тармағына мына қалалар берілді: Манаса руының жартысынан екі қала: Башан аймағында орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Ғолан қаласы және Бе-Ештера, екеуі де жайылымдарымен қоса; Исашар руынан: Қишион, Даберат, Ярмут, Ен-Ғанним атты төрт қала жайылымдарымен қоса; Ашир руынан: Мишал, Абыдон, Хелқат, Рехоб атты төрт қала жайылымдарымен қоса; Нафталим руынан Ғалилея өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Кедес қаласы, Хамот-Дор, Қартан атты үш қала жайылымдарымен қоса. Сонымен Леуі руының Герсон тармағына әулеттері бойынша барлығы он үш қала жайылымдарымен қоса үлестірілді. Леуі руының қалған тармағы — Мераридің әулеттеріне мына қалалар берілді: Забулон руынан Жоқнеам, Қарта, Димна, Нахалал атты төрт қала жайылымдарымен қоса; Рубен руынан: Бесер, Жахса, Кедемот, Мефағат атты төрт қала жайылымдарымен қоса; Ғад руынан: Ғилақадта орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Рамот қаласы, Маханайым, Хешебон, Жазер атты төрт қала жайылымдарымен қоса. Осылайша Леуі руының қалған үшінші тармағы — Мерариге әулеттері бойынша белгіленген қалалардың саны он екі болды.
Выбор основного перевода