Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Параллельные места
Бірде Ғилақад аймағындағы Тішбенің тұрғыны Ілияс Ахаб патшаға барып, былай деп мәлімдеді: «Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Ие — Исраилдің Құдайының алдында шын айтамын: келесі бірнеше жыл бойы мен «Жаңбыр жаусын!» деп айтпайынша, елде не жаңбыр да жаумайтын, не шық та түспейтін болады!» Содан соң Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді: «Бұл жерден шығысқа қарай, Иордан өзенінің арғы жағындағы Хорат сайының маңына барып жасырын. Мен құзғын-қарғаларға сені тамақтандыруды бұйырдым, ал суыңды сайдан ішерсің». Ілияс Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес Иордан өзенінің шығысындағы Хорат сайының маңына барып, сонда тұрып жатты. Ол сайдың суын ішіп, таңертең және кеште қарғалар оған нан мен ет әкеліп отырды. Бірақ елде ешқандай жаңбыр жаумағандықтан, біраз уақыттан кейін сайдағы су тартылып, құрғап қалды. Сонда Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді: «Енді Сидонның маңындағы Сарептаға барып, сонда тұр. Сол жердегі бір жесір әйелге сені тамақтандыруды тапсырып отырмын». Ілияс Сарепта қаласына жол жүріп, қаланың қақпасына жете бергенде, сол жерде отын жинап жүрген бір жесір әйел көзіне түсті. Ол сол әйелге тіл қатып:— Маған ішуге құмырамен біразырақ су алып келіңізші, — деп сұрады. Әйел су алуға кетіп бара жатқанда, Ілияс одан дауыстап:— Маған жейтін нан да ала келсеңіз екен, — деп өтінді. Сонда әйел:— Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Ие алдында шын айтамын: менде бір күлше нан да жоқ. Үйде кеспегімнің түбінде тек бір уыс ұн мен құмырамның түбінде біразырақ май ғана қалды. Содан ұлым екеуімізге нан пісіру үшін отын жинауға осы жерге келген едім. Соны жеп болған соң бізге өлу ғана қалды, — деп жауап берді. Ілияс оған былай деді:— Уайымдамаңыз! Барып, айтқаныңыздай істеңіз! Бірақ ең алдымен өзіңіздегі бардан маған кішкентай күлше нан пісіріп алып келіңіз, содан кейін ұлыңыз екеуіңізге нан пісірерсіз. Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Жаратқан Ие жерге қайтадан жаңбыр жаудырып, өнім шығарған күнге дейін кеспектегі ұның мен құмырадағы майың еш таусылмайды! Жесір әйел үйіне кетіп, Ілиястың айтқанындай істеді. Осылайша ол да, әйел де, оның ұлы да тамақтанып жүрді. Жаратқан Ие Ілияс арқылы уәде еткендей, кеспектегі ұн мен құмырадағы май таусылмады. Осы оқиғалардан кейін үй иесі жесір әйелдің ұлы табан астынан ауырып қалды. Оның халі нашарлай беріп, ақыры демі бітіп қайтыс болды. Сонда әйел Ілиясқа тіл қатып былай деді:— Уа, Құдайдың жіберген адамы, менде неңіз кетіп еді? Жасаған күнәларымды әшкерелеп, жалғыз ұлымды өлтіруге келіп пе едіңіз? — Ілияс оған:— Маған ұлыңызды алып келіңізші! — деп жауап берді. Содан ол шешесінің қолынан баласының мәйітін алып, өзі тұрып жатқан жоғарғы бөлмеге апарып, төсегіне жатқызды. Пайғамбар Жаратқан Иеге дауыстап мінажат етіп былай деді: «Уа, Құдайым Жаратқан Ие! Маған пана берген мына әйелдің басына Сен тіпті қайғы түсіріп, баласынан айырып отырсың ғой! — Содан соң ол өлі баланың үстіне үш рет созылып жатып: — Уа, Құдайым Жаратқан Ие, мына баланы қайта тірілте гөр!» — деп сиынды. Жаратқан Ие Ілиястың мінажатына құлақ асты. Балаға жан бітіп, ол қайтадан тірілді. Ілияс баланы ұстап көтеріп алып, жоғарғы бөлмеден түсіп, үйдің ішіне алып келді. Оны шешесіне табыстап тұрып:— Міне, ұлыңыз тірі! — деді. Сонда әйел Ілияс пайғамбарға:— Сіздің расында Құдайдың жіберген адамы екеніңізге, әрі шынымен аузыңыздан Жаратқан Иенің сөздерінің шыққанына енді көзім жетіп отыр! — деді. Бірде пайғамбарлардың біреуінің әйелі Елішеге бас ұрып:— Мырза, менің күйеуім қайтыс болды, оның Жаратқан Иені терең қастерлеп өткенін өзіңіз білесіз. Ал енді, бізге қарыз берген адам екі ұлымды өзіне құл етіп әкетуге келіп отыр, — деді. Еліше одан:— Сізге қандай көмек көрсетейін? Айтыңызшы, үйіңізде не бар? — деп сұрады. Әйел:— Үйімде бір құты майымнан басқа түк те жоқ! — деп жауап берді. Еліше:— Онда көршілеріңізге барып, бос ыдыстарын сұрап алыңыз, тек аз емес, барынша көп сұраңыз. Содан соң ұлдарыңызбен бірге үйіңізге қайтып, есігіңізді ішінен бекітіп алып, майыңызды сол бос ыдыстарға толтырып құйыңыз. Толғандарын бөлек алып қоя беріңіз, — деп тапсырды. Әйел одан шығып, дәл пайғамбардың айтқанындай істеді. Ұлдарының әкеліп беріп отырған ыдыстарына өзінің құтысынан май құя берді. Ыдыстардың барлығы толғанда, әйел бір ұлына: «Тағы бір ыдысты алып келші», — деп тапсырды. Бірақ ол: «Басқа бірде-бір ыдыс жоқ!» — деді. Сонда құтыдан май ақпай тоқтап қалды. Әйел Құдайдың пайғамбарына барып, болған жайтты айтып берді. Пайғамбар оған:— Майыңызды сатып, қарызыңыздан құтылыңыз. Ал қалғанын күнкөрісіңізге жаратыңыз, — деді. Бір күні Еліше пайғамбар Шунемге барды. Сол қаладағы бір ауқатты әйел Елішеден үйінде қалып тамақ ішуін өтініп, соған көндірді. Бұдан былай Еліше сол жерден өткен сайын әлгі үйден тамақтанатын болды. Әйел күйеуінен: «Осы кісінің Құдайдың қасиетті адамы екенін білдім. Ол біздің қаламыздың үстінен жиі өтеді. Оған үйіміздің жалпақ төбесінде бір шағын бөлме салып, соның ішіне төсек-орын, үстел, орындық және шам қояйықшы. Сонда ол бізге келе қалғанда сол жерде түней алатын болады!» — деп рұқсат сұрап алды. Бір күні Еліше сонда келіп, жоғарғы бөлмеде тынығып жатты. Кейін ол қызметшісі Гехәзиге: «Әлгі шунемдік әйелді шақыршы», — деп тапсырды. Гехәзи барып шақырғанда, әйел келді. Еліше қызметшісіне былай деді:— Әйелге мынаны айт: Бізге бола осыншама әбігерге түсіпсіз. Сол үшін сізге қандай жақсылық істей аламыз? Қаласаңыз, сіз туралы патшамен немесе әскер қолбасшысымен сөйлесе аламын. — Әйел:— Өз жұртымның арасында тұрып (мұқтаждық көрмей) жатырмын, — деп жауап берді. Кейін Еліше қызметшісінен:— Сонымен оған қандай жақсылық істесек болады? — деп сұрады. Гехәзи:— Оның ұлы жоқ, ал күйеуі қарт адам! — деді. Сонда пайғамбар:— Тағы да шақыршы оны, — деді. Әйелді шақырғанда, ол кіреберіске келіп тұрды. Еліше:— Келесі жылы осы уақытта құшағыңызда ұлыңыз болады, — деді. Сонда әйел:— Ой, жоқ, мырзам, сіз Құдайдың адамысыз! Алдыңыздағы пендеңізді алдай көрмеңіз, — деп сенбеді. Әйтсе де (Жаратқан Иенің рақымымен) әйел құрсақ көтеріп, келесі жылы сол уақытта Еліше айтқандай босанып, ұл туды. Бала едәуір өсіп қалған кезде бір күні астық орушылармен бірге жүрген әкесінің қасына барды. Кенеттен ол әкесіне: «Ойбай, басым! Басым ауырып тұр!» — деп айқайлап қоя берді. Әкесі қызметшісіне: «Оны шешесіне апар!» — деп тапсырды. Ол баланы үйіне апарып, бала шешесінің құшағында түске дейін отырып, қайтыс болды. Сонда шешесі Құдайдың адамының жоғарғы қабаттағы бөлмесіне көтеріліп, ұлын соның төсегіне жатқызды да, есікті жауып, шығып кетті. Әйел күйеуін шақырып алып, одан:— Мен Құдайдың пайғамбарына тездетіп барып келуім керек. Бір қызметші мен есекті жібере көріңізші! — деп өтінді. Күйеуі одан:— Неге оған бүгін барғың келе қалды? Бүгін не айдың бірінші күнгі мейрамы, не демалыс күні емес қой? — деп сұрады. Бірақ әйелі оған:— Уайымдамаңыз, бәрі де жақсы, — деді. Содан әйел есегін ерттеп мінді де, қызметшісіне: «Алға қарай айдап жүре бер, өзім айтқанша тоқтама!» — деп бұйырды. Осылай әйел жолға шығып, Қармил тауында тұрған Құдайдың адамына жетті. Пайғамбар оны алыстан көріп, қызметшісі Гехәзиге: «Анаған қара, шунемдік әйел келе жатыр! Тез жүгіріп, алдынан шық та, одан хал-жағдайын, өзінің, күйеуінің, ұлының амандығын сұрап білші», — деді. Қызметші оның айтқанын істеп, әйел оған: «Аманшылық», — деп жауап берді. Әйел тау беткейіндегі Құдайдың адамының қасына келгенде, жерге жата кетіп, оның аяғынан құшақтай алды. Гехәзи жақындап барып, әйелді итеріп жібермекші болғанда, пайғамбар: «Оған тиме! Зор қайғыдан оның жаны жапа шегіп тұр. Ал Жаратқан Ие соны менен жасырып, айтпады!» — деді. Әйел пайғамбарға: «Мырзам, сізден ұл сыйлаңыз деп сұрап па едім? Мені алдай көрмеңіз деп сізден өтінбеп пе едім?» — деп мұңын шақты. Сонда Еліше Гехәзиге: «Беліңді буып, менің таяғымды алып, тез жолға шық! Біреумен ұшыраса қалсаң, онымен амандасып жатпа. Біреу өзіңмен амандасып жатса, оған жауап та берме. Дереу балаға жет те, мына таяғымды оның бетіне қой!» — деп бұйырды. Бірақ баланың шешесі пайғамбарға: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында, сіздің де алдыңызда шын айтамын: Мен сіздің қасыңыздан кетпеймін!» — деп қоймады. Сонда пайғамбар әйелмен бірге жүретін болды. Гехәзи олардан бұрын жетіп, таяқты баланың бетіне қойды. Бірақ баладан ешқандай дыбыс та естілмеді, әсері де болмады. Сонда қызметші Елішеге қайта оралып: «Бала оянған жоқ», — деді. Үйге келгенде, Еліше өзінің төсегінде өліп қалған баланың жатқанын көрді. Ол бөлмеге кіріп, есікті жауып алды да, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті. Содан соң Еліше төсекке көтеріліп, баланың үстіне оның аузымен аузын, көздерімен көздерін, қолдарымен қолдарын түйістіріп жатты. Осылайша ол үстінде созылып жатқанда, баланың денесі жыли бастады. Еліше қайтадан тұрып, үйдің ішінде олай-бұлай біраз жүріп, төсекке көтеріліп, баланың үстіне қайтадан созылып жатты. Сонда бала жеті рет түшкіріп, көздерін ашты. Пайғамбар Гехәзиді шақырып, шешесін алдыртты. Әйел бөлмеге кіргенде Еліше: «Міне, ұлыңызды алыңыз!» — деді. Әйел бөлмеге кіріп, пайғамбардың аяғына жығылып, жерге дейін иіліп тағзым етті. Содан соң ұлын алып, шығып кетті. Еліше Ғылғалға қайтып келгенде, сол жерді аштық жайлаған екен. Пайғамбарлардың шәкірттері оның алдында отырған кезде ол қызметшісіне: «Үлкен қазанды асып, мына адамдарға тамақ пісіріп бер!» — деді. Солардың бірі далаға тамаққа жарамды шөп теруге шығып, жабайы асқабақтың жемістерін етегіне толтырып алып келді. Олардың не екенін білмесе де, майдалап турап, қазандағы көжеге салып жіберді. Көже адамдарға құйылып берілді. Олар тамақты татып көре салысымен, айқай салып: «Уа, пайғамбар, мынау бір улы зат қой!» — деп, тамақты жей алмады. Бірақ пайғамбар: «Маған біраз ұн алып келіңдерші!» — деп тапсырды. Ол ұнды қазанға салып: «Енді адамдарға берсеңдер болады!» — деді. Сонда қазандағы удан ештеңе қалмады. Сол кезде Бағал-Шалишадан бір адам келіп жетті. Ол Құдайдың пайғамбарына өзінің сол жылы жиған алғашқы арпасынан пісірілген жиырма таба нан әрі жаңа жиналған бидайдың масақтарын дорбасына салып ала келді. Еліше өзінің қызметшісіне:— Мына нанды шәкірттерге жеуге бер! — деді. Қызметшісі:— Қалайша, бұлар жүз адамға не болады? — дегенде, Еліше былай деп тапсырды:— Нанды адамдарға үлестіріп бер, жесін! Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Олардың барлығы тойып жейді, тіпті артылып та қалады. — Сонда қызметші нанды үлестіріп, олар жеп тойды. Жаратқан Иенің айтқан сөзі дәл келіп, нан артылып та қалды. Жасақшылар оның аяқ-қолдарын байлап болып, қамшылайын деп жатқанда, қасында бақылап тұрған жүзбасынан Пауыл:— Соттың үкімінсіз-ақ Римнің азаматын қамшылап соғуыңызға бола ма? — деп сұрады.
Выбор основного перевода