Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сонымен сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған күллі өсиеттерін сақтап орындайтын болсаңдар, Ол сендерді жер бетіндегі барлық халықтардан жоғары қояды. Иә, Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарын тыңдайтын болсаңдар, мына жарылқаулардың барлығы сендерге қонып, сендердікі болады: Қалада да, далада да жарылқаулы боласыңдар. Сендердің ұл-қыздарың, жерлеріңнің өнімдері, малдарыңның төлдері: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарың жарылқаулы болады. Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарың да жарылқанады. Келіп-кету жолдарың да жарылқаулы болады. Жауларың сендерге қарсы көтерілсе, Жаратқан Ие оларды көз алдарыңда тізе бүктіреді. Олар сендерге қарсы бір жолмен аттанса, жеті жолмен кері қашады. Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе беріп жатқан елінде сендерді жарылқап, қамбаларыңа және қолға алған барлық іс-әрекеттеріңе ақ батасын жаудырады. Егер де Құдайларың Жаратқан Иенің өсиеттерін сақтап, Оның тура жолымен жүретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие ант еткеніндей, сендерді Өзіне бағышталған қасиетті халқы етіп бекітеді. Сонда жер бетіндегі күллі халықтар Жаратқан Иенің атымен аталғандарыңды көріп, сендерді қастерлеп, сендерден қаймығатын болады. Жаратқан Ие ата-бабаларыңа сендерге табыстауға ант еткен елінде әр түрлі игіліктерді молынан сыйламақ: сендердің ұл-қыздарыңа, малдарыңның төлдеріне, жеріңнің өніміне Ол ағыл-тегіл молшылық дарытады. Жаратқан Ие Өзінің «игілікті қазынасын», яғни «аспанның қақпаларын», ашып, еліңе мезгілінде жаңбыр жаудырып, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады.Сендер көп халықтарға қарыз беріп, өздерің ешқайсысынан қарыз алмайсыңдар. Егер де Құдай Иелеріңнің өсиеттеріне құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерді көштің аяғы емес, басы етеді. Сендер төменде емес, тек жоғарыда жүретін боласыңдар. Сонымен, мен бүгін сендерге тапсырған өсиеттердің ешқайсысынан да не оңға, не солға бұрылмаңдар, әрі жалған тәңірлердің жолына түсіп, оларға құлшылық етпеңдер! Жұрт былай дер: «Рас, әділ жан сыйын алады,Жерде шынымен Құдай үкім шығарады!» Зұлым адам тіпті жүздеген қылмыс жасап, ұзақ өмір сүре берсе де, мен мынаны білемін: Құдайды терең қастерлеп, Оның көз алдында адал жүргендер игілікке кенелетін болады. Әділдіктің жемісі амандық пен бейбітшілік болмақ. Иә, әділдік мәңгі бақи тұрақты тыныштық пен қауіпсіздік әкелмек. Сонымен, сүйікті бауырластарым, табанды болып, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істей беріңдер! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігін біліп алдыңдар. Татуластырушылар «тыныштық тұқымын» себушілер іспетті. Бұл «тұқымның» жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады. Сол кезде мен көктен былай деген дауысты естідім:— Мынаны жаз: Бұдан былай Жаратқан Иемен тығыз байланыста болып қайтыс болғандар бақытты! — Киелі Рух соны бекітіп былай дейді:— Иә, олар өздерінің ауыр еңбегінен кейінгі демалыстың рақатын көрмек. Істеген игі істерінің жемісі олардан айырылмайды.
Выбор основного перевода