Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Ал араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын тойлағысы келсе, алдымен сол адамның үйіндегі барлық еркек кіндіктілерін сүндеттеңдер. Сонда ол елдеріңнің жергілікті тұрғыны іспетті мейрам асына қатыса алады. Ал бірде-бір сүндеттелмеген адам одан ауыз тимеуге тиіс. Жергілікті халық үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де заң біреу болмақ». Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа өз адамыңдай қара. Өзіңді қалай сүйсең, оны да солай сүй! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болдыңдар ғой. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Елдің жері жеребе арқылы үлестірілсін. Ол әркімге өзінің әкесінің руының аты бойынша беріледі. Әрбір мұралық жер үлкенірек және кішірек әулеттердің арасында жеребе арқылы бөлінетін болады». Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағына аяушылық танытып, Исраил халқын тағы да Өзінікі қылып таңдап алып, оларды өз елінде қайтадан орналастырады. Жат жұрттықтар да мұнда келіп, Жақыптың үрім-бұтағына қосылмақ. Өзін Жаратқан Иеге түбегейлі арнаған басқа ұлт адамы: «Жаратқан Ие, сірә, мені өз халқынан бөлек қояр», — деп уайымдамасын. Белінен айырылған еркек: «Мен қурап қалған ағашқа ұқсаймын», — деп те қайғырмасын. Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Егер белінен айырылғандар Менің еркімді орындауды таңдап, демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса, онда Мен оларға ғибадатханамнан және оның алаңдарынан орын беріп, мәңгі өшпейтін ат пен абырой сыйлаймын. Бұл, ұл-қыздар арқылы қол жеткізуге болатын абыройдан да артық. Сол сияқты, егер басқа ұлт адамдары Маған ғибадат етіп, Мені сүйіп, қызметшілерім болуға өздерін түбегейлі арнаса, әрі демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса, онда Мен, Жаратқан Ие, олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион тауына келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін. Сол басқа ұлттық сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебі Менің киелі үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады». Елді руларға мұралық меншік етіп үлестіргендеріңде, ұзындығы жиырма бес мың, ені жиырма мың шынтақ болатын жер көлемін Жаратқан Иеге ерекше бағышталған қасиетті аудан ретінде бөліп, ұсыныңдар! Сол аудан түгелдей қасиетті болады. Бұл жерде яһудилер мен басқа ұлттардың араларында айырмашылық жоқ, олардың жалғыз бір Жаратқан Иесі бар: Ол Өзіне сиынғандардың бәріне де шексіз рақымды. Бұл жерде яһуди мен басқа ұлт адамының, құл мен еріктінің, еркек пен әйелдің арасында айырмашылық жоқ, себебі барлығың Иса Мәсіхпен тығыз байланыста біртұтассыңдар. Ол кезде сендер Мәсіхтен мүлдем алшақ болып, Исраил халқынан тыс және Құдайдың Келісімдерінде берген уәделерінен шет қалдыңдар. Құдайды танымай, үмітсіз өмір кештіңдер. Алайда Иса Мәсіхтің қанын төгіп, құрбан болғандығы арқылы бұрын алшақ жүрген сендер енді Құдайға жақындадыңдар. Мәсіх — татулығымыздың Бастауы: Ол екі топқа бөліп тұрған қабырғадай өштестікті жойып, алып тастап, екі жағын біріктірді. Сонымен сендер енді не бөтен, не келімсек сияқты емес, Құдайдың халқы болып келген яһуди сенушілерімен бірдей, сол халықтың азаматысыңдар, тіпті «Құдайдың отбасысының мүшелерісіңдер»! Оның мазмұны мынау: басқа ұлттар Ізгі хабардың арқасында яһуди сенушілерімен бірге Құдайдың жарылқауын қабылдайды және олармен бірге Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері болып, Тәңір Иеміздің берген уәдесінен өз үлестерін алмақ. Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдік не көшпенді скиф, құл не ерікті жоқ, қайта, Мәсіх барлық сенушілердің өмірлерінде басты орында.
Выбор основного перевода