Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Бірнеше яһуди жасақ басшылары мен олардың адамдары ашық далада (бой тасалап) жүрген еді. Олардың бәрі Бабыл патшасының Ахиқам ұлы Ғодалияхты Яһуда елінің Бабылға жер аударылмаған ең кедей ерлі-зайыптылары мен балаларын басқарушы әкім етіп тағайындағанын естіді. Сол жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұл, Қареяхтың ұлдары Жоханан мен Жонатан, Танхумет ұлы Сераях, нетопаттық Офидың ұлдары және бір махалық кісінің ұлы Езаниях болатын. Олар өз адамдарымен бірге Миспадағы Ғодалияхқа келді. Сол арада Қареях ұлы Жоханан және ашық далада жүрген өзге жасақ басшылары Миспадағы Ғодалияхтың алдына келіп: «Аммондықтардың патшасы Бағалис сізге қастандық жасауға Нетаниях ұлы Ысмағұлды жіберді, соны білсеңіз екен», — деп сақтандырды. Бірақ Ғодалиях оларына сенген жоқ. Кейін Қареях ұлы Жоханан Ғодалияхпен Миспада құпия сөйлесіп, оған мынадай ұсыныс жасады:— Мен барып, ешкімге білдіртпей Нетаниях ұлы Ысмағұлдың көзін құртайын. Оның өзіңізді өлтіруіне неліктен жол береміз? Сонда сіздің арқаңызда жиналып отырған яһудилердің бәрі қайтадан қуғын-сүргінге ұшырап, Яһуданың елде қалып отырған осы бір азғантай халқы да құрып кетпек. — Бірақ Ғодалиях Жохананға:— Олай істеуші болма! Сенің Ысмағұл туралы айтып отырғаның шындық емес! — деп тыйым салды.
Выбор основного перевода