Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
Параллельные места
«Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге табыстағалы тұрған елге еніп, қоныстанатын боласың. Бұдан кейін сендер Өзіме ұнамды хош иісті тартулар ұсынатын боласыңдар. Осы тартуларды адам шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде, не өзінің Жаратқан Иеге берген сертін орындау үшін, не өз еркімен немесе белгілі мейрамға орай беретін тарту ретінде бағыштай алады. Құрбандықтар мүйізді ірі қара не ұсақ малдан бола алады. Сонда сый-тартуды ұсынушы адам шалатын құрбандығына қоса мынадай астық тартуын да әкелсін: ол пұттың оннан біріндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын екі қадақ зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсынуы керек. Түгелдей өртелетін тарту ретінде құрбандыққа шалынған әрбір тоқтыға қоса сұйық тарту ретінде екі қадақ шарап та ұсынылсын. Ал егер құрбандыққа қошқар ұсынсаңдар, оған арналған астық тартуы үш қадақ зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұны болсын. Сонымен қатар сұйық тарту ретінде үш қадақ шарап та ұсыныңдар. Бұлар Маған хош иісті де ұнамды тарту болады. Түгелдей өртелетін құрбандыққа, не берілген сертке байланысты шалынған құрбандыққа, не Өзіммен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа бір жас бұқаны әкелгенде, бұқамен бірге астық тартуы ретінде бір пұттың оннан үштей мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын төрт жарым қадақ зәйтүн майымен араластырып ұсыну керек. Соған қоса сұйық тарту ретінде бес қадақ шарап та ұсыныңдар. Бұлар Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту болады. (Құрбандыққа шалынып, өртелетін) әрбір жас бұқа не қошқарға, әрбір тоқты не ешкіге қоса осы тартулар ұсынылсын. Әрқайсыларың әкелген құрбандық малдарыңның санына қарай осылай істеңдер. Елде туған әрбір адам Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту әкелгенде, бұларын осы нұсқауға сай істеуге тиіс. Керісінше, Құдай Иеге Өзінің есімі құрметтелетін жер бетіндегі тұрағы болуға сендердің күллі руларыңның арасынан бір орынды таңдап алатын болады. Оған сиынып ғибадат етуге сол жерге баруларың қажет. Құдайға арнап өртелетін құрбандықтарың мен сый-тартуларыңды, өнімнің он бөлігінің бірін әрі арнайы, не беруге серт еткен, не өз еріктеріңмен ұсынған сый-тартуларыңды, сондай-ақ малдарыңның тұңғыш төлдерін де сол жерге алып барыңдар! Құрбандық асын отбасыларыңмен бірге сол жерде Құдай Иеміздің алдында ішіп-жеңдер. Осылайша қол тигізген барлық істеріңнің Құдайларың Жаратқан Иенің жарылқауымен жемісті болғанын тойлап шаттаныңдар. Бүгін біздің істегеніміздей, болашақта әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істемесін. Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлайтын орынға, өздеріңнің меншікті жерлеріңе әлі жеткен жоқсыңдар. Ал сендер Иордан өзенінен өтіп, Құдай Ие сендерге иемденуге беріп отырған елде қоныстанған кезде Ол қауіпсіздікте тұруларың үшін сендерге айналадағы жауларыңның бәрінен қорғап, тыныштық сыйлайтын болады. Содан соң Құдайларың Жаратқан Ие өз есімін орнату үшін қандай жерді таңдап алса, сол жерге мен сендерге тапсырып отырған нәрселердің бәрін әкеліңдер: өртелетін сый-тартуларыңды, шалынып өртелетін құрбандықтарыңды, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін, арнайы тартуларыңды және өздерің Жаратқан Иеге ант етіп бағыштаған бағалы заттарыңды алып келіңдер!
Выбор основного перевода