Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекия патшаның қатты ауырып қалып, сауықтырылғанын естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді. Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті бүкіл қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады. Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған:— Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия:— Олар маған алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді. Пайғамбар: — Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия:— Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді. Сонда Ишая Езекияға былай деді:— Енді Әлемнің Иесінің сөзін тыңдаңыз: Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! — Сонда Езекия Ишаяға:— Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады. Тек Бабыл патшалығының билеушілері Яһуда елінде болған ғажап керемет туралы сұрастыруға жіберген елшілері келгенде, Құдай Езекияның жүрегінің түкпір-түкпірінің бәрін білу үшін оны өз бетімен қалдырып, сынақтан өткізді.
Выбор основного перевода