Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп тіл қатты:— Неге айқайлап Мені шақырып тұрсың? Исраилдің үрім-бұтағына: «Алға қарай жылжи беріңдер!» деп бұйыр. Өзің таяғыңды ұстап, қолыңды теңіздің үстіне қарай соз. Сонда теңіз қақ айырылып, халық теңіз ортасынан құрғақ жермен өте шығады. Мен мысырлықтардың жүрегін қасарыстырамын, олар арттарыңнан қуатын болады. Сонда Мен перғауынға, оның әскеріне, барлық соғыс күймелері мен атты жауынгерлеріне Өзімнің ұлылығымды көрсетемін. Соған қарап мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді біліп мойындайтын болады. Исраил көшінің алдында жүріп келе жатқан Құдайдың періштесі сол сәтте олардың соңына барды. Бағана тәрізді бұлт та көштің алдыңғы жағынан артына қарай ығысып, Мысырдың әскері мен Исраил көшінің ортасына барып тұрды. Бұлт мысырлықтар жағына қараңғылық орнатып, исраилдік жақта түнді жарық қылып тұрды. Осылай Мысыр әскері исраилдіктерге түні бойы жақындай алмады. Мұса қолын теңіздің үстіне қарай созғанда Жаратқан Ие шығыстан қатты жел жіберді. Ол түні бойы соғып, теңіз суын әрі қарай итеріп, түбін құрғатты. Су қақ айырылған кезде Исраил халқы құрғақ жермен теңіз ортасынан өте шықты. Су оларды оң мен солынан қабырға іспетті қоршап тұрды. Ал арттарынан қуған мысырлықтар: перғауынның барлық аттары, соғыс күймелері мен атты жауынгерлері исраилдіктердің ізімен теңіздің ортасына дейін кірді. Таңғы күзет кезінде Жаратқан Ие от пен бұлт бағанасынан мысырлықтардың әскеріне қарап, оларды састырып, берекелерін кетірді. Сондай-ақ Ол күймелерінің дөңгелектерін шығарып тастап, күймелер әрең дегенде қозғалды. Сонда мысырлықтар: «Исраилдіктерден қашып құтылайық! Олар үшін Жаратқан Ие Мысырмен шайқасып жатыр!» — деп айқай салды. Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: «Қолыңды теңізге қарай соз! Сонда су қайтадан орнына келіп, мысырлықтардың күймелері мен атты жауынгерлерін басып қалсын». Мұса қолын теңізге қарай созды. Содан таң ата су орнына келді. Қашып бара жатқан мысырлықтар оған қарсы жүгіріп, Жаратқан Ие оларды теңіз ішінде суға батырды. Арнасына қайтқан су Исраил халқының соңына түсіп, теңіздің ішіне дейін қуып келген перғауынның бүкіл әскерін, күймелері мен атты жауынгерлерін көміп тастады. Олардың бірде-біреуі тірі қалмады. Ал исраилдіктер теңіздің ортасынан құрғақ жермен өте шығып, су оларды оң мен солынан қабырға іспетті қоршап тұрған еді. Осылай Жаратқан Ие сол күні Исраил халқын мысырлықтардың қолынан құтқарып алды. Кейін исраилдіктер олардың теңіз жағасында жатқан мәйіттерін көрді. «Мен сені құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайың — Жаратқан Иемін. Мен сендерге Қанахан елін сыйлап, өз Құдайларың болу үшін сендерді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Егер сендер Құдай Иелеріңнің өздеріңе өсиеттеген Келісімін бұзып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық ететін болсаңдар, онда Жаратқан Иенің қаһары сендерге қарсы лап ете өршиді. Содан сендер Оның өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елінен іздерің де қалмай лезде құрып кетесіңдер. Өздеріңе былай дегенмін: «Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Енді сендер аморлықтардың жерін мекендеп тұрсыңдар, ал олардың жалған тәңірлерінен қорқып, соларға табынбаңдар!» Бірақ та сендер Мені тыңдамадыңдар».
Выбор основного перевода