Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Дәуіт:— Қорықпа! Әкең Жонатан үшін мен саған ұдайы мейірім көрсететін боламын. Атаң Саулдың мал-мүлкін саған қайтарамын. Сен әрдайым менің дастарқанымнан тамақ жейтін боласың, — деді. Сен өзің, ұлдарың және қызметшілерің оның жерін өңдеп, қожайындарыңның кірісі болсын деп өнімін жинап отырыңдар! Бірақ иелеріңнің немересі Мепібосеттің өзі тамағын менің дастарқанымнан ішіп-жейтін болады, — деп бұйырды. Сибаның он бес ұлы мен жиырма қызметшісі бар болатын. Дәуіт Маханайымға жеткенде, аммондықтардың Рабба қаласынан Нахаш ұлы Шоби, Лодыбардан Әмиел ұлы Махыр, Рогелимнен ғилақадтық Барзилай келді. Олар: «Елсіз далада жүргенде осы адамдар ашығып, шаршап-шалдығып, шөлдеп қалды ғой!» — деп ойлап, көрпе-көпшік пен ыдыс-аяқ әкелді. Олар, сондай-ақ, Дәуіт пен оның қасындағыларға ішіп-жеуге бидай, арпа, ұн, қуырылған дәнді дақылдар, бұршақ, жасымық, бал, айран, қой-ешкілер және сиыр сүтінен жасалған ірімшік алып келді. Ғилақадтық Барзилай Рогелимнен ылдилап келген екен. Ол патшаны Иорданның арғы жағына дейін шығарып салу үшін онымен бірге өзеннен өтпекші болды. Барзилай тым қартайған сексен жастағы аса дәулетті адам еді. Патша Маханайымда тұрған кезде Барзилай оны барлық қажеттерімен қамтамасыз етіп тұрған еді. Енді патша оны:— Маған еріп өзеннен өтіңіз. Мен сізді Иерусалимге өз қасыма алып, бағып-қағайын, — деп шақырды. Бірақ Барзилай былай деп жауап берді:— Азғана ғұмырым қалғанда, патшаға еріп Иерусалимге өрлеп барып маған не бар? Жасым қазір сексенде. Ненің жағымды, ненің жағымсыз екенін айырудан, ішкен-жегенімнің дәмін сезуден де қалдым. Тіпті әнші жігіттер мен қыздардың салған әндерін ести алмайтын халге жеттім. Ендеше мен патша иемді әуреге салмай-ақ қояйын. Алдыңыздағы қызметшіңіз сізді Иорданның арғы жағына біразға дейін жолға шығарып салмақшы еді. Ал патшам неге маған осыншама зор сый көрсетуге тиіс? Өзімнің қаламда, әке-шешемнің қабірінің жанында көз жұма алуым үшін қызметшіңіздің қайтуына рұқсат берсеңіз екен! Ал мынау — (ұлым) Қимхам, сол сіздің қызметшіңіз болсын. Ол патша иемнің қасында жүріп, арғы бетке өтсін. Нені дұрыс деп тапқаныңыздың бәрін соған істеңіз. — Патша Барзилайға:— Қимхам менімен бірге арғы бетке өтсін. Сізге ұнамдыны соған істейтін боламын. Ал өзіңіз нені қаласаңыз да, бәрін орындаймын, — деп сөз берді.
Выбор основного перевода