Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Патшалығының тағына отырғанда, ол леуілік діни қызметкерлердің қолындағы осы Таурат заңы кітабының көшірмесін шиыршық кітапқа жаздырып алуға міндетті. Кітап үнемі оның қасында болуға тиіс. Патша Құдай Иесін құрметтеуді үйреніп, сол кітапта жазылған заң мен ережелердің барлығын мұқият орындауы үшін бұл кітапты өмір бойы оқитын болсын. Осылайша патша көкірегін көтеріп, өзін ұлттастарынан асқақтатпасын, әрі Жаратқан Иенің өсиеттерінен не оңға, не солға бұрылмасын! Сонда оның өзі де, артындағы ұрпақтары да Исраилге ұзақ уақыт билік жүргізетін болады. Енді осы Келісімнің шарттарын орындап сақтаңдар, сонда күллі іс-әрекеттеріңде табысты боласыңдар. Ендеше қайратты да өте батыл болып, қызметшім Мұса саған тапсырған барлық Таурат заңын сақтап берік ұстанатын бол! Сол заңды орындаудан оңға да, солға да тайқыма! Солай істесең, қайда барсаң да, табысты боласың. Сонымен Дәуіт: «Құдай Иенің жаңа киелі үйі және Исраилдің шалынып, өртелетін құрбандықтарын ұсынатын үстелі осы жерде салынсын!» — деп шешті. Содан Дәуіт Исраилде тұрып жатқан жат жұрттықтарды жинап алуға жарлық шығарды. Солардың арасынан Құдайдың киелі үйінің құрылысына қажетті тастарды шауып, өңдеп дайындайтын жұмысшыларды жинауға әмір етті. Қақпаның есіктеріне арналған шегелер әрі қапсырма шегелер жасау үшін Дәуіт көп мөлшерде темір дайындап қойды. Даярланған қоланың көп болғаны сонша, оның салмағын анықтау да мүмкін емес еді. Дәуіт сансыз көп самырсын бөренелерін де әзірлеп қойды, өйткені (Финикиядағы) Сидон мен Тир патшалықтары соларды өте көп мөлшерде алып келді. Дәуіт: «Ұлым Сүлеймен әлі де бұғанасы қатпаған жас. Ал Жаратқан Иеге арнап салынбақ киелі үй зәулім де сәулетті ғимарат болуға тиіс. Оның даңқы күллі халықтарға жайылатын болсын! Сондықтан оның құрылысына дайындық жасайын», — деп ойлады. Осылайша Дәуіт өмірінің соңына дейін құрылысқа қажет болатын заттардың мол қорын даярлап қойды. Содан Дәуіт баласы Сүлейменді шақырып алды. Оған Исраилдің сиынатын Құдайы — Жаратқан Иеге арнап киелі үй салуды тапсырып мынаны айтты:— Ұлым, менің Құдай Иеме бағыштап киелі үй тұрғызбақ ниетім болған еді. Бірақ Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: «Сен үлкен соғыстар жүргізіп, көптеген адамдардың қанын төктің. Менің көз алдымда соншама мол қан төккендіктен, Менің есіміме бағыштап киелі үй салуыңа болмайды! Бірақ сенің тыныштықта өмір сүретін ұлың болады. Мен оның жан-жағындағы барлық жауларын тыныштандырамын. Оның есімі — Сүлеймен. Сүлейменнің кезінде Мен Исраил еліне амандық пен тыныштық сыйлаймын. Менің есіміме арнап киелі үйді сол салады. Мен оған Әке, ал ол Менің рухани ұлым болады. Мен оның Исраил елінің үстінен патшалық құратын тағын мәңгілікке нығайтамын». Ал енді, ұлым, Құдайың Жаратқан Иеңнің айтқанына сай Оған арналған киелі үйді салу ісіңде табысқа жетуің үшін Жаратқан Ие саған жар бола көрсін! Оның Өзі саған ақыл-парасат сыйлай көрсін! Осылайша Ол сені Исраилдің басқарушысы еткенде, Құдай Иеңнің Таурат заңын сақтайсың. Сонда сен Жаратқан Иенің Мұса арқылы Исраил халқына берген ережелері мен шешімдерін мұқият орындауға тырыссаң, табысқа жетесің. Қайратты да батыл бол! Еш нәрседен қорқып, түңілме! Ал сен, ұлым Сүлеймен, әкең сиынған Құдайды жақыннан танып-біл! Оған шын жүрегіңнен және бар жан дүниеңмен қызмет ет! Себебі Жаратқан Ие күллі адамдардың жүрегінің түкпір-түкпірлерін тексеріп, олардың барлық ой-ниеттерін түсінеді. Егер Оған бет бұрып сиынатын болсаң, Оны табасың. Ал егер Құдай Иеден бас тартып, елемей кетсең, онда Ол да сенен біржола бас тартады.
Выбор основного перевода