Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Бір күні Құдайдың жіберген адамы Елиге келіп, Оның хабарын жеткізіп былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенің арғы атаң Һарон мен оның отбасы Мысырда перғауынның қол астында жүрген кезде-ақ Мен оларға Өзімнің кім екенімді аян еттім. Исраилдің барлық руларының ішінен арғы атаңды Менің діни қызметкерім болуға таңдап алдым. Оны Маған бағышталып шалынған құрбандықтарды арнайы үстелде өртеуге, хош иісті заттарды түтетуге және алдымда жеңсіз сырт киімді киіп жүруге тағайындадым. Сонда Мен арғы атаң Һароннан тараған сендерге исраилдіктердің Маған арнап өртейтін барлық құрбандықтарынан тиісті үлестерін белгілеп қойған жоқ па едім? Ал енді, Менің жер бетіндегі тұрағыма әкеліп ұсынуға өсиеттеген құрбандықтарым мен сый-тартуларыма сендер неге ашкөздікпен қарап, оларды қорлайсыңдар? Неге сен ұлдарыңды Менен артық көресің? Халқым Исраилдің Маған арнап шалған құрбандықтарының ең жақсы бөліктерін алып, тойып жеп, семіресіңдер! Сондықтан да Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: Бұрын Мен өзіңнің ұрпақтарыңды және әкеңнің басқа да үрім-бұтағын мәңгі бақи діни қызметкерлерім болуға бұйырған едім. Бірақ қазір Мен, Жаратқан Ие, былай деп шештім: Енді бұлай болмайды! Себебі Мені сыйлағандарды Мен де сыйлаймын, ал Мені менсінбегендер масқара болады. Біліп қой, болашақта Мен өзіңнің де, әкеңнің де ұрпақтарының жасын ұлғайтпай, жас кездерінде-ақ өлімге душар етемін. Жер бетіндегі тұрағымның қайғылы жағдайға ұшырауына куә боласың. Мен басқа исраилдіктерге игілік сыйлағанда, сендердің үй іштеріңде бірде-бір қария қалмайды. Егер Мен бір адамыңа құрбандық үстелімнің алдында қызмет етуге жол берсем, сол туралы да көздің жасын көл етіп, қатты қайғыратын боласыңдар. Ұрпақтарыңның бәрі де дүниеден ерте кетпек. Сенің ұлдарың Опни мен Пінехес екеуі бір-ақ күнде өледі. Бұл саған айтылғанның бәрінің түгелдей жүзеге асатынын білдіретін белгі болмақ. Содан кейін Мен қызметін адал орындайтын өзге бір діни қызметкерді белгілеймін. Ол Менің еркіме сай әрекет жасап, міндетін Өзім тағайындайтын патшаның алдында атқаратын болады. Мен оның әулетін діни қызметкерлерім болуға бекітемін. Ал өзіңнің ұрпақтарыңнан тірі қалған әркім соған барып, бір күміс теңге немесе бір кесек нан сұрап келіп: «Өтінемін, нанымды тауып жей алуым үшін маған діни қызметкер атқаратын кез келген жұмысты тапсыра көріңізші!» деп жалынатын болады».
Выбор основного перевода