Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сүлеймен жыл сайын қабылдайтын алтынның мөлшері алты жүз алпыс алты ат басындай болды. Бұған қоса делдалдар мен саудагерлерден де кіріс түсіп жатты; арабтардың барлық патшалары және өз елінің әкімдері Сүлейменге алым-салық ретінде алтын мен күміс әкеліп отыратын. Сүлеймен патша екі жүз үлкен қалқан жасатып, оларды балғамен соғылып тегістелген алтынмен қаптатқызды. Әр қалқанға кеткен алтынның мөлшері алты жүз мысқалдай болды. Патша тағы үш жүз шағын қалқан жасатып, оларды да соғылған алтынмен қаптатқызды. Бұл қалқандардың әрқайсысы үшін үш жүз мысқалдай алтын жұмсалды. Патша қалқандардың барлығын «Ливан орманы сарайына» қойғызды. Патша піл сүйегімен безендіріліп, саф алтынмен қапталған үлкен тақ жасатты; оның алты баспалдағы және таққа бекітілген алтын табан тіреніші бар еді. Тақтың патша отыратын орнының екі жағында бір қол тұтқадан, әр тұтқаның жанында бір-бірден арыстан мүсіндері тұрды. Алты баспалдақтың үстінде әр жағында бір-бірден, барлығы он екі арыстанның мүсіні тұрды. Мұндай тақ ешбір патшалықта бұрын-соңды жасалып көрмеген еді. Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал «Ливан орманы сарайындағы» ыдыстары саф алтыннан жасалды. Өйткені Сүлейменнің заманында күміс құнсыз зат деп саналатын. Себебі патша өзінің үлкен сауда кемелерін (Тир патшасы) Хирамның теңізшілерінің басқаруымен үш жылда бір рет алыс сапарға жіберіп, олар алтын, күміс, піл сүйегі, маймылдар және тауыс құстарын алып келетін. Осылайша Сүлеймен патша жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түсті. Жердің барлық патшалары Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауға құштар болды. Олардың бәрі оған жыл сайын сый-тартуларын: күміс пен алтын бұйымдарды, киім-кешек, қару-жарақ, хош иісті заттар, жылқы, қашырларды алып келіп отырды. Патшаның аттары мен соғыс күймелеріне арналған төрт мың қорасы болды; жылқыларының жалпы саны он екі мың еді. Оларды соғыс күймелерінің арнайы қалаларында және өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады. Сүлеймен солтүстіктегі Евфрат өзенінен бастап, філістір еліне және Мысырдың шекарасына дейінгі барлық патшаларды өзіне қаратты. Патша Иерусалимде күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе етті, әрі шетелден әкелінетін қымбат самырсындарды өз елінің төменгі қыраттарында көптеп өсетін тұт ағаштары іспетті мол етті. Оның қызметкерлері Сүлейменге жылқыларды Мысырдан және басқа көптеген елдерден алып келді.
Выбор основного перевода