Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Мұны естігеннен кейін Иса оңаша болу үшін қайықпен елсіз бір жерге жөнелді. Ал бұл туралы біліп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяу Оның соңынан ілесті. Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды. Кеш түсе шәкірттері Ұстазының қасына келіп:— Бұл — құлазыған дала, ал күн кеш болып кетті. Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады. Бірақ Иса:— Кетулері қажет емес, оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттер: — Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар, — деді. Иса: — Соларды Маған алып келіңдер! — деп, халыққа көгалдың үстіне жайғасып отыруды бұйырды. Мұнан кейін Иса бес күлше мен екі балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар халыққа үлестірді. Барлығы да жеп тойды.Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды. Ал балалар мен әйелдерді есептемегеннің өзінде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді. Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көріп, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлар сияқты бейшара еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді. Біршама уақыт өткеннен кейін шәкірттері Исаның қасына келіп:— Бұл — құлазыған дала, ал кеш түсіп барады. Адамдарды таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады. Бірақ Иса:— Оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттері:— Онда біз барып, екі жүз күндік жалақыға нан сатып алып, бұларды тамақтандырайық па? — деп сұрады. Ал Иса оларға:— Қанша нандарың бар? Барып, қарап келіңдер! — деп тапсырды. Біліп келген олар:— Бес күлше нан мен екі кепкен балық бар екен, — деді. Сонда Иса шәкірттеріне адамдарды топ-топқа бөліп, көгалдың үстіне жайғастыруды тапсырды. Сонымен жұрт жүзден, елуден топтасып жайғасты. Иса бес күлше мен екі кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды халыққа тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, екі балықты да бәріне бөліп, үлестірді. Барлығы да жеп тойды. Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда он екі себет толды. Ал тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді. Ал халық мұны біліп алып, Оның соңынан ілесті. Иса оларды жылы қабылдап, Құдайдың Патшалығы туралы уағыз айтты және айығуға мұқтаждарды ауруларынан сауықтырды. Күн кеш бола бастағанда он екі елшісі Исаның қасына келіп:— Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, жатар орын мен жейтін тамақ тапсын. Мұнда құлазыған даладамыз ғой! — деген ұсыныс жасады. Бірақ Иса:— Оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттері:— Бізде бес күлше нан мен екі кепкен балықтан өзге ештеңе жоқ. Әлде мына адамдардың бәріне тамақ сатып алуға барайық па? — деп сұрады. Себебі сол жерде бес мыңдай ер адам болатын. Ал Иса шәкірттеріне:— Оларды шамамен елу-елуден топқа бөліп, жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. Шәкірттері бәрін солай етіп отырғызды. Иса бес күлше нан мен екі кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Оларды халыққа тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді. Барлығы да жеп тойды. Соңында олар нан мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды. Біраз уақыт өткеннен кейін Иса Ғалилея көлінің шығыс бетіне жөнелді. Сол көл Тіберия көлі деп те аталады. Исаның ауруларға жасаған кереметтерін көргендіктен көп халық Оған ерді. Ол тауға шығып, сол жерде шәкірттерімен отырды. Бұл яһуди халқының Құтқарылу мейрамының қарсаңы болатын. Иса басын көтеріп қарағанда, қарақұрым халықтың Өзіне қарай ағылып келе жатқанын көрді. Содан Иса Філіпке:— Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз? — деді. Иса осы сөзін оны сынау үшін айтты, себебі не істемекші болғанын Өзі біліп тұрды. Філіп Оған:— Бізде тіптен екі жүз күндік жалақыға келетін нан болып, әркім бір жапырақтан ғана жегеннің өзінде бәріне бірдей жетпес еді, — деп жауап берді. Сонда басқа бір шәкірті, Шимон Петірдің інісі Әндір, Исаға былай деді: — Осында бір бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екі кепкен балығы бар. Бірақ олар осынша көп кісіге не болады? — Ал Иса:— Адамдарды жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. Сол жерде шөп қалың болып, бес мыңдай ер адам жайғаса алды. Иса күлшелерді алып, шүкірлік етті де, жайғасқандарға үлестірді; кепкен балықтардан да жұртқа қалағандарынша берді. Бәрі жеп тойған соң, Иса шәкірттеріне: «Босқа ысырап болмас үшін нанның қалдықтарын жинап алыңдар», — деді. Олар жұрт жеген бес күлше арпа нанының қалдықтарын жинап, он екі себетті толтырды.
Выбор основного перевода