Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді. Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда. Дененің «шамы» — көз. Көзің кіршіксіз таза болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі. Ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады. Сонымен, егер өміріңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ! Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар! Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой! Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?! Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады? Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген. Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндірмей ме, сенімі аздарым-ай! Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді. Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Ертеңгі күннің өз уайымдары болады. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік. Содан Иса шәкірттеріне қарап былай деді:— Сендерге шындығын айтамын: байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын! Бұдан кейін Иса оларға мына астарлы әңгімені айтып берді:— Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді. Ол ішінен: «Не істесем екен? Астығымды жинап қоятын жерім жоқ, — деп ойланады. — Былай істеймін: қамбаларымды бұзып, үлкейтіп қайтадан саламын. Соларға бүкіл астығым мен мал-мүлкімді жинап қоямын. Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін». Бірақ Құдай оған: «Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тергенің кімге қалады?» — дейді. Өзі үшін байлық жинап, ал Құдаймен қарым-қатынасында бай болмаған адамның ақыры осындай. Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар. «Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің «тәңірі» (әзәзіл шайтан) олардың ой-саналарын соқыр қылып қойған. Содан олар Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын көре алмайды. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді. Иса Мәсіх бізді қазіргі зұлым дүниенің құлдығынан құтқару үшін Құдай Әкеміздің еркі бойынша күнәларымыздың құнын өтеп жанын құрбан етті. Сол кезде сендер осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің, яғни Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер. Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құрып кетуге апаратын көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп-тамыры. Кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті. Осы дүниелік мал-мүлікке бай сенушілерге мынаны ескерт: олар менмен болмасын және сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол адамдар рақатын көрсін деп игіліктердің бәрін сыйлайды.
Выбор основного перевода