Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Параллельные места
Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, (оның ұлы) Еробоғам тағына отырып патша болды. Жоғастың мәйіті Самарияда Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды. Яһуда еліне Жоғас ұлы Амасиях патшалық құрған он бесінші жылы Жоғас ұлы Еробоғам Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол қырық бір жыл бойы билік жүргізді. Еробоғам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының ешқайсысынан бас тартпады. Жоғас ұлы Еробоғам Солтүстік Исраилдің (шығыстағы) шекарасын Лебо-Хаматтан бастап оңтүстіктегі Өлі теңізге дейін қалпына келтірді. Бұл Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің өз қызметшісі — ғат-хеферлік Аматтай ұлы Жүніс пайғамбар арқылы алдын ала айтқан сөзіне сәйкес болды. Себебі Жаратқан Ие Исраил халқының малай болсын, ерікті адам болсын, барлығының да басынан өткізіп жатқан ауыр азаптарына назар аударды. Оларға қол ұшын беретін ешкім болған жоқ. Жаратқан Ие Исраилдің есімін аспан астынан жоқ қылуды ұйғармағандықтан, елді Жоғас ұлы Еробоғам арқылы құтқарды. Еробоғамның қалған барлық іс-әрекеттері, оның қажыр-қайратпен жүргізген соғыстары және баяғыда Яһуданың қол астында болған Дамаск пен Хамат қалаларын Солтүстік Исраилге қалай қайтарғаны туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Еробоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Солтүстік Исраил патшаларының қабіріне қойылды. Оның ұлы Зәкәриях орнын басып патша болды. Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғамның патшалық құрған жиырма жетінші жылы Амасиях ұлы Ұзиях Яһуда елінің патшасы болды. Сол кезде Ұзияхтың жасы он алтыда еді. Ол Иерусалимде елу екі жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехолия болатын. Әкесі Амасиях (алғашқыда) істегендей, Ұзиях та Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Дегенмен биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық бұрынғыдай сол жерлерде хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді. Кейінірек Жаратқан Ие Ұзияхты (еркінсіп жасаған күнәсі үшін) жазалап алапес ауруын жіберді. Ұзиях өмірінің соңына дейін алапес болып ауырған күйі қала беріп, жеке үйде тұрды. Патшаның ұлы Жотам сарайдағы істерді басқарып, елдің халқына билік жүргізді. Ұзияхтың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Ұзиях көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы соларға жақын қабірге қойылды. Оның ұлы Жотам орнын басып патша болды. Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған он жетінші жылы Жотам ұлы Ахаз Яһуда елінің патшасы болды. Сол кезде оның жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады. Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді. Ахаз тіпті өз ұлын (жалған тәңірге арнап) құрбан етіп өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде исраилдіктердің алдынан елден қуып шыққан азғын халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді. Бұл уақытта Араманың патшасы Ресин және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах (Яһуда елінің астанасы) Иерусалимге өрлеп аттанып, оған қарсы шабуыл жасады. Олар қаланы қоршап алғанмен, Ахаз патшаны жеңе алмады. Сол кездері Арама патшасы Ресин (Ақаба шығанағындағы кеме тоқтайтын) Елат қаласын қайтадан иемденіп алып, қаладан яһудалықтарды толығымен аластатты. Едомдықтар сонда көшіп барып, күні бүгінге дейін тұрып жатыр. Содан Ахаз Ассур патшасы Тығылат-Пеләсерге елшілерін жіберіп, мынадай сәлемін жолдады: «Сіздің құлыңызбын, сізге балаңыздай мойынсұнамын! Осында аттанып келіп, мені Арама мен Солтүстік Исраилдің патшаларының қолынан құтқарсаңыз екен! Олар маған қарсы шабуыл жасауда!» — Ахаз, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінің және патшалық сарайдың қазына қоймаларынан табылған алтын-күмісті жинап алып, Ассур патшасына сыйлыққа жіберді. Сонда Ассур патшасы оның тілегін орындап Дамаскіге жорыққа аттанып, қаланы басып алды. Содан қаланың бүкіл халқын шығыстағы Кир аймағына жер аударып, Ресин патшаның өзін өлтіріп тастады. Бұдан кейін Ахаз патша Ассур патшасы Тығылат-Пеләсермен кездесуге Дамаск қаласына барды. Дамаскідегі (жалған тәңірге бағышталған) құрбандық үстелін көргенде, Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға құрбандық үстелінің бейнесін және оны тұрғызудың толық жобасын жіберді. Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның Дамаскіден жіберген күллі нұсқауларына сәйкес құрбандық үстелін жасатып, оны патша қайтып келерінің алдында бітіріп қойды. Дамаскіден қайта оралғаннан кейін патша жаңадан салынған құрбандық үстелін қарап шығып, жанына көтеріліп барды. Оның үстінде өзінің түгелдей өртелетін құрбандығы мен астық тартуын өртеп, сұйық тартуын және ризашылық білдіретін құрбандығының қанын төгіп (жалған тәңірлерге) ұсынды. Ал Жаратқан Иеге бағышталған қола құрбандық үстелін Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы өз орнынан, яғни жаңадан орнатқызған құрбандық үстелі мен Жаратқан Иенің киелі үйінің арасынан, алып тастап, оны жаңа құрбандық үстелінің солтүстік жағына қарай жылжытып қойды. Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға былай деп нұсқау берді: «Жаңадан салынған дәу құрбандық үстелінде таңертең шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар, кеште астық тартулары ұсынылсын! Онда патша мен халықтың өртелетін құрбандықтары мен астық тартулары және халықтың сұйық тартулары да ұсынылып, үстіне құрбандыққа шалынған барлық малдардың қаны төгілетін болсын! Ал қола құрбандық үстелі менің болашақ жайттарды болжап білуіме арналмақ». Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның осы нұсқауларының барлығын бұлжытпай орындады. Содан соң Ахаз жылжымалы қола тұғырлардың шеттерін кестіріп, үстіндегі қазандарды алдыртып тастады. Патша дәу қазанды да он екі бұқа мүсіні тәрізді қола тұғырдан алдыртып, оны тас төселген басқа негізге орнатты. Ассур патшасына жағыну үшін ол, сондай-ақ, киелі үйдің ауласындағы демалыс күнге арналған жабық жолды алып тастап, патшаның Жаратқан Иенің киелі үйіне апаратын сыртқы кіреберісін жауып қойды. Ахаздың қалған істері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды. Солтүстік Исраилге Ила ұлы Ошия патшалық құрған үшінші жылы Ахаз ұлы Езекия Яһуда елінің патшасы болды. Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Зәкәрия қызы Аби болатын. Езекия түп атасы Дәуіт істегендей Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Ол биіктеу жерлердегі табыну орындарын қиратып, жалған тәңірлерге бағышталған тас бағаналарды талқандап, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастады. Езекия, сондай-ақ, ежелде Мұса пайғамбар мыстан жасаған жыланды да күлпарша етіп талқандады. Өйткені сол уақытқа дейін Исраил халқы Нехуштан деп атаған сол мүсінге арнап хош иісті заттарды түтетіп келген еді. Езекия Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шынайы сенім артты. Езекиядан бұрын Яһуда елінің ол сияқты патшасы болған емес, одан кейін де болған жоқ. Езекия Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстанып, Оның жолынан таймады, әрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған күллі өсиеттерін мұқият орындай берді. Содан Жаратқан Ие онымен бірге жүріп жар болды. Езекия қандай іске кіріссе де, парасатпен шұғылданып, табысқа жетіп отырды. Ол тіпті Ассур патшасының билігіне қарсы шығып, оған қызмет етуден бас тартты. Езекия філістірлерге Газа мен оның маңайына дейін соққы беріп, олардың күзет мұнараларынан бастап, қамалды қалаларына дейін бүкіл елін басып алды. Езекияның патшалық құрған төртінші жылы, яғни Ила ұлы Ошияның Солтүстік Исраилге патшалық құрған жетінші жылы, Ассур патшасы Салманасар (Солтүстік Исраилдің астанасы) Самарияға қарсы аттанып, оны қоршап алды. Үш жылғы қоршаудан кейін жау Самарияға басып кірді. Бұл Езекияның патшалық құрған алтыншы, Ошияның тоғызыншы жылы болды. Ассур патшасы Солтүстік Исраилдің халқын Ассурға жер аударып әкетіп, оларды Халахқа, Хабор өзенінің бойындағы Ғозанға және Мидияның қалаларына қоныстандырды. Себебі Солтүстік Исраилдің халқы өз Құдайы Жаратқан Иенің айтқанына құлақ аспай, Онымен жасаған Келісімдерін бұзды. Олар Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса арқылы берген өсиеттеріне мойынсұнбай, соларды не тыңдамады да, не орындамады да. Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің (Иерусалимнен өзге) барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды. Сонда Яһуда патшасы Езекия Лахыш қаласында тұрған Ассур патшасына: «Мен дұрыс істемедім. Маған шабуыл жасаудан бас тарта көріңіз. Қанша айып талап етсеңіз, соншасын төлеймін», — деген сәлемін жіберді. Ассур патшасы Яһуда патшасы Езекиядан үш жүз ат басындай күміс және отыз ат басындай алтын беруін талап етті. Езекия оған Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайының қазына қоймаларындағы барлық күмісті беріп жіберді. Ол, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінде өзі бұрынырақ алтынмен қаптатқан есіктер мен жақтаулардағы алтынды да сыдырып алып, Ассур патшасына табыс етті. Ассур патшасы Лахыштан өзінің бас қолбасшысын, бас нөкерін және бас уәзірін қалың қолмен Иерусалимдегі Езекия патшаға жіберді. Олар қалаға өрлеп аттанып, Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың бойында, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жолда тоқтады. Ассурлық елшілер Езекия патшаны шақырды. Сонда патшаның сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшысы Себна және жылнамашысы Асаф ұлы Жоғах қаладан шығып, олардың алдына келді. Ассур патшасының бас уәзірі бұларға тіл қатып былай деді:— Езекияға мына сәлемді жеткізіңдер: Ұлы патша — Ассур патшасы мынаны айтады: Сен не нәрсеге арқа сүйейсің? «Менде соғысуға ақыл-кеңес пен күш-қуат бар» дейсің. Алайда мұның тек бос сөздер ғана. Маған қарсы бас көтеретіндей сен енді кімге сүйенесің?! Жотам патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотамның шешесінің аты-жөні Садық қызы Еруша болатын. Әкесі Ұзиях (алғашқыда) істегендей, Жотам да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Бірақ ол әкесі сияқты еркінсіп Жаратқан Иенің киелі үйіне кірген емес. Ал халық жексұрын қылықтарын бұрынғысынша жалғастыра берді. Жотам Жаратқан Иенің ғибадатханасының Жоғарғы қақпасын қайта салғызып, қала қамалының Опел төбесіндегі бөлігін жөндеп, нығайтып, көп жұмыстар істеді. Патша мұның үстіне Яһуда елінің таулы аймағында бірнеше қалалар салғызып, орманды жерлерінде қамалдар мен күзет мұнараларын тұрғызды. Бірде Ұзиях Аммон патшасына қарсы соғысып, жеңіске жетті. Сол жылы аммондықтар оған алым-салық ретінде жүз ат басындай күміс, он мың қаптан бидай мен арпа төледі. Екінші, үшінші жылы да олар осылай істеді. Жотам сиынған Құдайы Жаратқан Иеге адал болып, Оның жолымен жүргендіктен соншама күшті болды. Жотамның қалған іс-әрекеттері мен соғыстарының бәрі «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған. Жотам патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаз орнын басып патша болды. Ахаз патша болған кезде жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады. Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолдарымен жүріп, Бағал атты жалған тәңірдің қола мүсіндерін құйғызып жасатты. Ахаз Бен-Хенном аңғарында жалған тәңірлерге арнап құрбандықтар шалып, өртеп, тіпті өз ұлдарын құрбандыққа өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын күнәларын қайталады. Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді. Сол себепті Ахаздың Құдайы Жаратқан Ие Арама патшасының оны ойсырата жеңуіне жол берді. Содан арамалықтар оның өте көп адамын тұтқындап, Дамаскіге алып кетті.Ахаз Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахтан да күйрей жеңіліп, үлкен шығынға ұшырады. Соның әскері бір күннің ішінде Яһуданың батыл да мықты жүз жиырма мың жауынгерін жойды. Себебі олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеден бас тартқан еді. (Солтүстік Исраилдің) Ефрем руынан шыққан мықты жауынгер Зікіри яһудалық ханзада Мағасияхты, сарай басқарушысы Азыриқамды және патшаның бас уәзірі Елқанахты өлтірді. Солтүстік исраилдіктер өздерімен ұлттас яһудалықтардың екі жүз мың әйелдері мен ұл-қыздарын тұтқындап, көп олжалы болып, бәрін Самария қаласына алып кетті. Алайда (жеңімпаз) әскер Самарияға қайта оралғанда, Жаратқан Иенің Одед есімді пайғамбары қалада болды. Ол жауынгерлердің алдынан шығып, былай деді: «Ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Ие Яһуда халқына қаһарлы болғандықтан ғана оны қолдарыңа түсірді. Бірақ оларды аса қатыгездікпен қырғандарың туралы хабар көктегі Құдайға жетті. Енді сендер Яһуда мен Иерусалимнің халқын өздеріңе құл-күң еткілерің келіп отыр. Немене, Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы өздерің күнә жасамап па едіңдер?! Сондықтан сөзіме құлақ салып, тұтқынға алған ағайындарыңды қайтарыңдар! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бастарыңа төніп тұр!» Сонда ефремдіктердің кейбір әкімдері: Жоханан ұлы Азариях, Мешілемот ұлы Барақиях, Шаллум ұлы Езекия және Хадылай ұлы Амаса соғыстан қайтып келе жатқандарға қарсы тұрып былай деді: «Тұтқындарды мұнда алып келмеулерің керек, Жаратқан Иенің алдында айыпты боламыз. Немене, күнәларымыз бен қылмыстарымызды одан әрі көбейте түскілерің келе ме? Онсыз да айыбымыз зор, Жаратқан Иенің лаулаған қаһары халқымыз Исраилдің басына төніп тұр!» Мұны естіген жауынгерлер тұтқындары мен олжаларын жаңағы әкімдер мен бүкіл халықтың жиналып тұрған жерінде қалдырып кетті. Содан соң аталып өткен әкімдер орындарынан тұрып, тұтқындарға барып, іштеріндегі жалаңаш келгендеріне қолға түскен олжа киімдерден беріп, аяқтарына аяқкиім кигізді. Оларға тамақ пен сусын үлестіріп, жараларын маймен сылап емдеді. Әлсізденіп қалғандарын есекке отырғызып, бәрін пальма ағаштары өсетін Иерихон қаласындағы елдестеріне апарып тастап, өздері Самарияға қайта оралды. Осы екі арада Ахаз патша Ассур патшасына елшілерін жіберіп, көмектесуін сұраған еді. Едомдықтар Яһуда еліне қайтадан басып кіріп, көптеген адамдарын тұтқындап алып кеткен болатын. Оның үстіне філістірлер Яһуданың төменгі қыраттары мен оңтүстік аймағының қалаларына шабуыл жасап, Бет-Шәміш, Аялон, Гедерот қалаларын және Сохо, Тимнах, Ғымзоны маңайларындағы қыстақтарымен қоса жаулап алып, сонда орнығып алған еді. Жаратқан Ие Яһуда елін патшасы Ахаздың кесірінен соншалықты масқара болуға душар етті. Себебі Ахаз Яһуда халқын Құдайға бағынбай, зұлымдық істеуге еліктіріп, өзі де Жаратқан Иеге орасан зор опасыздық жасаған болатын. Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер Яһудаға аттанып, көмек орнына зорлық-зомбылық көрсетті. Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінен, патшалық және әміршілердің сарайларынан құнды заттарды алып, алым-салық ретінде Ассур патшасына жіберген еді. Алайда онысынан түк шықпады. Жағдайы тым ауырласа да, Ахаз патша Жаратқан Иеге бұрынғыдан бетер опасыздық жасай түсті. Дамаскінің әскері оны күйрете жеңгендіктен, олардың сиынған тәңірлеріне арнап құрбандықтар шалды. Ахаз: «Араманың патшаларына бұл тәңірлер көмектесіп келеді. Енді соларға арнап құрбандық шалсам, мені де қолдайтын шығар»,— деп ойлады. Керісінше, олар оның өзінің де, бүкіл Исраилдің де күнәға батып, құрып кетулеріне түрткі болды. Ахаз Құдайдың киелі үйіндегі ыдыс-аяқтарды жинап, алып кетті. Сонымен қатар Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі үйдің есігін бекітіп те тастады. Патша Иерусалимнің әрбір көше бұрышында өз атынан құрбандық үстелдерін салғызып қойды. Бұған қоса Ахаз Яһуданың басқа қалаларындағы биіктеу жерлерде де бөтен тәңірлерге арнап хош иісті заттар түтетілетін табыну орындарын салғызып, ата-бабаларының Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды. Ахаздың қалған іс-әрекеттерінің бәрі басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраилдің патшаларының кітабында» баяндалған. Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Иерусалим қаласында Исраилдің патшаларының қабірлерінен бөлек мазарға қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды. Мұнда Амос ұлы Ишая пайғамбардың Яһуда елі мен астанасы Иерусалим туралы көрген көріністерінде Құдайдан алған хабарлары берілген. Пайғамбар оларды Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия патшалық құрған кездерде көрді. Мұнда Яһуданың Текоя қалашығындағы шопандармен жүрген Амос пайғамбардың айтқан сөздері берілген. Ол соларды Яһуда еліне Ұзиях, ал Солтүстік Исраилге Жоғас ұлы Еробоғам патшалық құрған заманда аян көргенде Құдайдан қабылдаған еді. Бұл жер сілкіністен екі жыл бұрын болды. Яһуда еліне Жотам, Ахаз және Езекияның патшалық құрған замандарында Жаратқан Ие морешеттік Михаға сөзін арнады. Көрген аяндарында Михаға ашылған хабарлар Самария мен Иерусалим туралы болды. Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: «Мен «Халқымеместі» енді «Өзхалқым» деймін, сүймегенімді «Сүйіктім» деп атаймын».
Выбор основного перевода