Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Пайғамбарлар жалған сөйлеп, діни қызметкерлер өз беттерімен өктемдік жүргізеді. Бұл Менің халқыма тіптен ұнайды! Бірақ ақыр соңы жеткенде сендер не істемексіңдер?!» Әлемнің Иесі халыққа мынаны айтады: «Сол (жалған) пайғамбарлар сендерге хабарларын жеткізгенде оларға құлақ аспаңдар! Олар сендерді алдап босқа үміттендіріп жүр. Сендерге айтып жүрген сөздері — Жаратқан Иенің айтқандары емес, өз қиялдарынан шыққан сөздер. «Мен бұл пайғамбарларды жіберген жоқпын, әйтсе де олар хабарларын жеткізуге асығады. Мен оларға сөйлеген де жоқпын, ал олар бәрібір пайғамбарлық сөздер айтқансиды. Менің атымнан өтірік хабар жеткізетін пайғамбарлардың не айтатынын да естідім. Олар: «Мен мынадай түс көрдім!» «Ал мен анадай түс көрдім!» — деседі. Өтірік айтып, өз қиялдарын жариялайтын сол жалған пайғамбарлардың жан дүниелерінде осындай нәрсе қашанға дейін бола бермекші? Сондықтан сендерге «Бабыл патшасына бағынып қызмет етпейсіңдер!» деп болжайтын өз пайғамбарларыңа, бал ашушы, түс көруші не аруақ шақырушы сәуегейлерің мен сиқыршыларыңа сенбеңдер! Жаратқан Ие: Мен оларды жіберген жоқпын, — деп отыр. — Олар Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр! Сондықтан Мен сендерді елден аластатамын, солай өздерің де, сендерге болжамдарын айтып жүрген пайғамбарларың да құрисыңдар! Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны да айтады: Өз араларыңдағы пайғамбарларың мен сәуегейлеріңнің алдағандарына алданып қалмаңдар! Олардың көріп жүрген түстеріне сенбеңдер! Олар сендерге Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр. Мен оларды хабар айтуға жіберген емеспін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. Өйткені Исраил халқының арасында бұдан былай өтірік аяндар мен жағымпаз болжаулар айтылмайтын болады. Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар. Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін ғаламат кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады.
Выбор основного перевода