Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Ей, опасыздар, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан құз-шатқалдардың қуыстарына қашып барып, жердің ой-шұңқырларына жасырынуға тырысыңдар! Менменнің көзі төмен түсіп, адамзаттың асқақтығы талқандалатын күн туады! Сонда жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады. Әлемнің Иесінің сот жүргізетін сол күні күллі мақтаншақтар мен тәкаппарлар, өзін-өзі дәріптеуші әркім де масқараланып төмендетіледі! Сонда Ливан тауындағы зәулім самырсындар, Башан тауындағы күллі емендер шабылады, тіпті асқар биік тау-төбелер, заңғар мұнаралар мен мықты қамалдардың бәрі де тегістеліп, жермен-жексен болады. Қандай да алып сауда кемесі мен көз тартатын әшекейлі бейне болмасын, барлығы да құртылады. Сол күні адамның өркөкіректігі басылып, пенденің менмендігіне шек қойылып, жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады! Ал сол пайдасыз жалған тәңірлер мүлдем ғайып болып жоғалады. Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде Оған мойынсұнбағандар құз-шатқалдардың қуыстарына әрі жердің ой-шұқырларына қашып барып, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан жасырынып қалуға тырысады. Сол күн туғанда күнәкарлар табыну үшін өздері жасап алған алтын, күміс тәңір мүсіндерін лақтырып, көртышқандар мен жарқанаттарға қалдырып кетеді. Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде олар құз-шатқалдардың ішіндегі үңгірлер мен қуыстарға қашып кіріп, Оның қорқынышты қаһарынан әрі айбынды ұлылығынан тығылып қалмақ болады. Ендеше пендеге арқа сүйеулеріңді доғарыңдар! Онда тұрған не бар? Ол алған деміндей өткінші ғой. Қымбатты бауырластарымыз, болашақ уақыттар мен мезгілдер туралы сендерге жазудың қажеті жоқ. Иеміздің қайта оралатын күні ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін өздерің анық білесіңдер. Жұрт «Бәрі тыныш, қауіпсіз» деп жүргенде, апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкім қашып құтыла алмайды. Мұнан соң қарағанымда, көктің ашылғанын және сонда тұрған ақ боз атты көрдім; оның үстінде Отырған «Адал да Ақиқат» деп аталады. Ол әділдікпен үкім кесіп, соғысқа шығады. Атқа мінгеннің көздері оттай жалындап, басына киген әлденеше патшалық тәждері болды. Оның киімінде Өзінен басқа ешкім де мағынасын біле алмайтын бір Есім жазылған еді, ал жамылғысы қанға батқан екен. Оның бір атағы: «Құдай Сөзі». Ақ боз атқа мініп, кіршіксіз таза ақ бәтес жамылғы киген көктің әскерлері Оның соңынан еріп жүрді. Аттылының аузынан шығып тұрған, халықтарды шауып тастайтын өткір семсері бар екен. Ол халықтарға қатаңдықпен билік жүргізетін болады. Жүзімді қысып таптағанда шырынының ағып шығатыны сияқты, Ол құдіреті шексіз Құдайдың қаһарлы ашуын Оған мойынсұнбағандардың үстеріне төккізеді. Аттылының жамылғысының екі жанында: «Патшалардың Патшасы, иелердің Иесі» деген атағы да жазылған. Содан кейін мен күннің бетінде тұрған періштені көрдім. Ол аспанның биігінде ұшып бара жатқан барлық жыртқыш құстарға зор дауыспен: «Құдайдың «үлкен кешкі асына» жиналып келіңдер! Патшалардың, қолбасылар мен жауынгерлердің, аттар мен үстіндегілердің, құл-азат, үлкенді-кішілі күллі адамдардың өліктерінің етін жеңдер!» — деп айқай салды. Сонда мен айуанды, дүниенің патшаларын және олардың әскерлерін көрдім. Олар ақ боз ат үстінде Отырғанмен және Оның әскерімен шайқасуға жиналған екен. Алайда айуан және оған қызмет етіп кереметтер көрсеткен жалған пайғамбар екеуі де кенеттен тұтқынға алынды. Сол бір таңғажайып кереметтер арқылы жалған пайғамбар айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсініне құлшылық еткендерді еліктіріп, алдап жүрген болатын. Айуан мен жалған пайғамбар екеуі де күкірт жанып жатқан, мәңгі сөнбейтін отты көлге (яғни тозақ отына) тірідей лақтырылды. Ал басқалары ат үстінде Отырғанның аузынан шығып тұрған семсерімен өлтіріліп, барлық жыртқыш құстар олардың өліктерінің етін жеп тойынды.
Выбор основного перевода