Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
4. Царств
Параллельные места
Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады. Иерусалим Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды. Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді. Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Халдейлер әскері қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды. Алайда халдейлер әскері Седекиях патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын. Седекиях халдейлердің қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Ол Седекияхқа үкім шығарды. Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында түйреп өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық әміршілерін де түйреп өлтірді. Мұнан кейін Бабыл патшасы Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, оны Бабылға айдап әкетті. Өлген күніне дейін Седекияхты сондағы зынданға тастады. Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті. Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді. Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды түгелімен қиратып тастады. Ұландардың әміршісі Набузар-Адан халықтың кедейлерінің бірнешеуін, қалада қалып қойған басқаларды, қолөнершілер мен өзге шеберлердің қалғандарын және Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді тұтқындап, айдап әкетті. Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды. Халдейлер Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті. Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштерді, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды, табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті. Ұландардың әміршісі табақтарды, шоқ салынатын табаларды, тостағандарды, қазандарды, шам қойғыштарды, аяқтарды, сұйық тартуларды ұсынуға арналған тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да алып кетті. Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазанның және оның астындағы өгіз бейнелі он екі тұғырдың қоласы таразыға салып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды. Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, діңінің айналдыра ұзындығы он екі шынтақ еді. Бағаналардың іштері қуыс, қабырғаларының қалыңдығы төрт елі болды. Әр бағананың үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі бес шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді. Бағананың жақтарында тоқсан алты әрі иықтарында жалпы саны бір жүз анар тәрізді әшекей болды. Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады. Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің жетеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын. Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды. Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлімге бұйырды.Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті. Седекияхтың Яһуда еліне патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айында Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанып, қаланы қоршауға алды. Ақыры Седекияхтың он бірінші жылының төртінші айының тоғызыншы күні бабылдықтар қала қабырғасының бір жерін тесіп, қалаға басып кірді. Бабыл патшасының барлық әміршілері қаланың Ортаңғы қақпасындағы билік орнында жайғасты. Олар Нергал-Шаресер, Самғар-Небо, сарай қызметкерлерінің бастығы Сарсехим, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының өзге де көптеген лауазымды қызметкерлері еді. Яһуда патшасы Седекиях және барлық жасақшылар соларды көргенде қашып кетуге тырысты. Олар қаладан түн ішінде патша бағы арқылы екі қабырғаның арасындағы қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды. Алайда халдейлердің әскері олардың соңынан аттанып, Седекияхты Иерихонның маңындағы елсіз далада қуып жетті. Олар оны қолға түсіріп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасы Набуходоносордың алдына апарды. Ол Седекияхқа үкім шығарды. Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық лауазымды адамдарын да шауып өлтіртті. Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті. Седекиях Набуходоносор патшаға адал болуға Құдайдың атымен ант берген болса да, оған қарсы көтерілді. Тоңмойын қыңыр болып, жүрегін қасарыстырған Седекиях Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрудан бас тартты. Содан Құдай Өзінің таңдаған халқына қарсы Бабылдың халдей патшасын аттандырды. Сол патша семсерінің жүзімен елдің таңдаулыларын киелі үйдің өзінде өлтіріп, жас-кәрі демей, еркек болсын, әйел болсын, ешкімді аямай, халықтың көбін қырып тастады. Құдай олардың барлығын Бабыл патшасының қолына бере салған еді. Шетелдік патша Құдайдың киелі үйіндегі үлкенді-кішілі жиһаздар мен бұйымдардың бәрін, әрі ондағы қазынаны, сонымен қатар патша мен әміршілерінің қазыналарын түгелдей Бабылға алып кетті. Жауынгерлер Құдайдың киелі үйіне от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады. Олар қаладағы күллі сарайларды да өртеп, ондағы құнды нәрселердің барлығын құртты. Шетелдік патша семсерінен аман қалғандарды Бабылға жер аударды. Олар парсы патшалығы күшейген кезге дейін Бабыл патшасы мен оның ұрпақтарының құлдығында жүрді. Бабыл патшасы Набуходоносор өзінің бүкіл әскерімен және қол астындағы барлық патшалықтармен, халықтармен бірге Иерусалимге және оның айналасындағы қалаларға қарсы соғысып жатқан кезде, Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді: Сол кезде патшаның оң қолына «Иерусалимге бар» деген жеребе түседі. Ол соған аттанып келіп, қамал бұзатын құралдарын қалаға қарама-қарсы орналастырады. Сосын шабуылдап, қырып-жоюға бұйрық беріп, ұрандайды. Сондай-ақ, қала қақпаларын бұзатын құралдарын орнатып, тас-топырақтан үймектер жасап, мұнаралар тұрғызады.
Выбор основного перевода