Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Исраилдің барлық қауымына мынаны айтыңдар: әрбір отағасы осы айдың оны күні жанұясы үшін бір тоқтыдан арнап бөлек қойсын. Егер үй ішіндегі адамдардың саны бұл малдың етін толық жей алмайтындай аз болса, онда оны іргелес көршісімен бөліссін. Тоқтының үлкен-кішілігін оны қанша адамның жей алатындығына қарап анықтауларың керек. Таңдап алған малдарың қойдың не ешкінің еш мінсіз, бір жылдық еркек төлі болсын. Осы малды айдың он төртіне дейін бағып күтіп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күні кешке қарай Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын. Олар тоқтының қанынан біраз алып, құрбандық асын ішейін деп отырған үйлерінің есік жақтаулары мен маңдайшаларына жақсын. Сол түні олар тоқтының етін отқа қақтап, ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жеулері керек. Оны не шикілей, не суға пісіріп жеуші болмаңдар, тұтастай бас-аяқтарымен, ішкі ағзаларымен қоса қақтаңдар. Таң атқанша тоқтыдан ештеңе де артылып қалмасын. Егер қалып қойса, оны өртеп жіберу қажет. Сендер тамақтанып жатқанда белдерің буулы, аяқкиімдерің киюлі, таяқтарың қолдарыңда болсын, тамақты тездетіп жеңдер! Бұл — Маған, Жаратқан Иеге, арналған Құтқарылу асы. «Исраилдіктер Құтқарылу мейрамын белгіленген уақытта өткізсін. Оны осы бірінші айдың он төртінші күні кешке қарай белгіленген мезгілінде барлық ережелер мен шешімдерге сәйкес өткізсін». Сонда Мұса Исраил халқына Құтқарылу мейрамын өткізуді тапсырды. Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында қой-ешкілеріңнен не мүйізді ірі қара малдарыңнан Құдай Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамына арналған құрбандықты шалыңдар. Оның етін ашытқы салып пісірілген нанмен қосып жемеңдер. Жеті күн бойы етті ашымаған нанмен қосып жеңдер. Бұл нан — көрген қиындықтарыңды еске түсіретін нан, себебі Мысыр елін асығыс тастап шықтыңдар. Сендер Мысырдан көшіп шыққан күнді осы рәсімді орындау арқылы өмір бойы есте сақтайтын боласыңдар. Өздерің тұрып жатқан бүкіл ел көлемінде сол жеті күн бойы ешқандай ашытқы көрінбеуі керек.Сендер мейрамның алғашқы күнгі кешінде құрбандыққа шалған малдың ешбір еті таң атқанша қалып қоймасын! Құдайларың Жаратқан Ие сендерге беріп отырған елді мекендеріңнің барлығында бірдей Құтқарылу мейрамының құрбандығын шалуларыңа болмайды. Құрбандықты тек Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы ретінде таңдап алған орында ғана шалыңдар! Оны Мысыр елінен шыққан мезгілдерің — кеште күн батқанда шалуларың керек. Етті отқа қақтап пісіріп, Құдай Ие тағайындаған орында жеңдер. Ал келесі күні таңертең қонатын шатырларыңа қайтуларыңа болады. Алты күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Жетінші күні Құдайларың Жаратқан Иеге арналған салтанатты жиналыс өткізіңдер. Сол күні ешқандай жұмыс істемеңдер! Жосия Иерусалимде Жаратқан Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамын да өткізді. Соған арналған тоқтылар бірінші айдың он төртінші күні құрбандыққа шалынды. Патша діни қызметкерлерді міндеттеріне тағайындап, Жаратқан Иенің ғибадатханасындағы қызметтерін түгел атқаруға жігерлендірді. Бүкіл Исраил халқына тәлім беріп келген, Жаратқан Иенің қызметіне бағышталып, тазару рәсімінен өткен леуіліктерге патша мына нұсқауларды берді: «Киелі Келісім сандығын Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлеймен салған киелі үйде қалдырып, оны (ежелдегідей) иықтарыңда көтеріп алып жүрмейсіңдер ғой. Сондықтан Құдайларың Жаратқан Иеге және Оның халқы Исраилге былайша қызмет ете беріңдер: топтарыңа бөлінген отбасыларың Дәуіт патша мен оның ұлы Сүлейменнің леуіліктерге қалдырып кеткен жазбаларына сай міндеттеріңді кезекпен атқаруға даяр болыңдар. Ғибадатханада халықтың руларының әр әулеті үшін бір-бір леуілік топ қызмет етуге дайын тұрсын. Қазір Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды шалу керек. Сендер Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіп, Оның Мұса арқылы жіберген ережелеріне сәйкес құрбандық тоқтыларды елдестерің үшін дайындаңдар!» — деді. Жосия халыққа Құтқарылу мейрамына арнап отыз мың тоқты-текешік, сонымен қатар үш мың мүйізді ірі қара малды сыйлады. Мұның бәрі өзінің жеке малы болатын. Патшаның әміршілері де өз еріктерімен халыққа, діни қызметкерлер мен леуіліктерге құрбандық малын атады. Құдайдың киелі үйінің басқарушылары Хелкия, Зәкәрия және Ехиел де діни қызметкерлерге екі мың алты жүз тоқты мен үш жүз мүйізді ірі қара мал берді. Сол сияқты, леуіліктердің басшылары: Қонаниях және оның бауырлары Шемаях пен Нетанел, Хашабиях, Еиел, Жозабад та мейрамға арнап леуіліктерге бес мың тоқты мен бес жүз мүйізді ірі қара мал атады. Мейрамдық ғибадатқа осындай дайындық жасалды. Патшаның нұсқауына сай діни қызметкерлер өз орындарында, леуіліктер де топтары бойынша әзір тұрды. Тоқтылар құрбандыққа шалынды. Діни қызметкерлер қанын құрбандық үстеліне бүркіп, леуіліктер терілерін сыдырды. Олар Мұса арқылы табысталған Таурат кітабында жазылған нұсқау бойынша Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалынып, өртелетін малды рулардың әулеттеріне үлестірді. Мүйізді ірі қарамен де осылай істелінді. Содан олар Құдайдың ережесіне сәйкес Құтқарылу мейрамының құрбандықтарын отқа қуырды, ал Жаратқан Иеге бағышталған құрбандықтардың етін үлкенді-кішілі қазандарда асып, тездетіп халыққа үлестіріп отырды. Мұны бітіргеннен кейін леуіліктер өздері және діни қызметкерлер үшін мейрам асын дайындады. Себебі Һароннан тараған діни қызметкерлер түгелдей өртелетін құрбандықтарды және өзге құрбандықтардың майлы бөліктерін қас қарайғанға дейін өртеумен болды. Сондықтан да леуіліктер өздерімен қатар оларға да қамқорлық жасады. Асафтан тараған леуілік әнші-күйшілер ежелде өздері үшін Дәуіт патша, Асаф, Хеман және патша жанындағы Едутун пайғамбар белгілеген орындарында тұрды. Ғибадатхананың барлық қақпаларындағы күзетшілерге қызметтерінен сұранып кетудің қажеті болмады. Леуілік бауырластары оларға да Құтқарылу мейрамының асын дайындап қойған еді. Осылайша сол күні Жаратқан Иеге арналған ғибадат рәсімдері түгелдей орындалды. Жосия патшаның бұйрығына сәйкес, халық Құтқарылу мейрамын тойлады да, құрбандықтарын шалып, Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінде өртеп ұсынды. Сол жерде болған күллі исраилдіктер Құтқарылу мейрамын мерекелеп, оған жалғастыра жеті күн бойы Ашымаған нан мейрамын да өткізді.
Выбор основного перевода