Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Осылай Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы елді және киелі үйді арамдықтан тазартумен айналысып жүрді. Сол кезде патша Асалиях ұлы Шафанды, қала әкімі Мағасияхты және жылнамашы Жоғахаз ұлы Жоғахты Құдай Иесінің киелі үйін жөндеуге жіберді. Бұл үшеуі бас діни қызметкер Хелкияға барып, оған ғибадатхананың қақпаларын күзетіп тұрған леуіліктер жинаған күмісті тапсырды. Осы күмісті Манаса мен Ефрем руларының және Солтүстік Исраилдің елде қалған басқа адамдарының бәрі әрі бүкіл Яһуда, Бунямин және Иерусалимнің халқы Құдайдың киелі үйіне арнап әкелген болатын. Сол қаржы ғибадатханадағы жұмыстарды басқаратындарға табысталды. Бұлар одан ғимараттарды жөндеп, жаңартып жатқан жұмысшылардың жалақыларын төледі. Сондай-ақ, қаржының бір бөлігі ағаш ұсталары мен құрылысшыларға берілді. Олар соған қашалған тастар әрі үй төбесін керіп тұратын белағаштар жасауға бөренелер сатып алды. Бұл заттар Яһуданың бұрынғы патшалары күтусіз қалдырып кеткен ғибадатхана ғимараттарын қалпына келтіріп, төбелерін жабуға пайдаланылды. Жұмысшылар міндеттерін ұқыпты атқарды. Оларға төрт леуілік: Мерари ұрпақтарынан Яхат пен Абадиях, Қахат ұрпақтарынан Зәкәрия мен Мешулам басшылық етуге тағайындалды. Саз аспаптарында шебер ойнайтын күллі леуіліктер жүк тасушылардың жұмысына ырғақ беріп, әрбір тапсырманың орындалуын бақылап жүрді. Басқа леуіліктер хатшылар, топ басшылары және қақпа күзетшілері ретінде қызмет көрсетті. Леуіліктер Жаратқан Иенің киелі үйіне арналып ұсынылған күмісті қазына қоймасынан алып шыққан осы кезде бас діни қызметкер Хелкия Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған Таурат заңының кітабын тауып алды. Хелкия Шафан хатшыға: «Мен Жаратқан Иенің киелі үйінен Таурат заңының кітабын тауып алдым!» — деп хабарлап, кітапты оған табыстады. Шафан мұны патшаға алып барып: «Тақсыр, сіздің қызметшілеріңіз тапсырмаларыңыздың барлығын орындап жүр. Олар Жаратқан Иенің киелі үйінде сақталған күмісті шығарып, басқарушылар мен жұмысшыларға тапсырды, — деп баяндады. Шафан сөзін жалғастырып: — Діни қызметкер Хелкия маған бір шиыршық кітапты табыстады», — деді. Содан ол кітаптың біраз жерін патша алдында дауыстап оқып берді. Патша Таурат заңының сөздерін естігенде қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртты. Содан ол Хелкияға, Шафан ұлы Ахиқамға, Миқая ұлы Абыдонға, хатшысы Шафан және бас уәзірі Асаяхқа былай деп әмір етті: «Менің атымнан және Солтүстік Исраил мен Яһуданың жер аударылудан аман қалғандарының атынан барып, табылған кітапта жазылған сөздер жөнінде Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп келіңдер! Ата-бабаларымыз Оның сөздерін ұстанбады, осы кітапта тапсырылғанның бәрін істемеді. Сондықтан да Жаратқан Иенің бізге төгілген қаһары өте қатты!» Хелкия мен патшаның жіберген нөкерлері Олдама пайғамбарға барды. Олдама киім қоймасының басқарушысы Шаллумның әйелі еді. Шаллум Хасраның немересі, Тоқаттың ұлы болатын. Пайғамбар Иерусалимнің екінші ауданында тұратын. Елшілер оған болған жайт туралы айтып берді. Олдама оларға жауап беріп былай деді:— Исраилдің Құдай Иесінің хабары мынау, сіздерді маған жіберген адамға былай деңіздер: Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен осы жерге және оның тұрғындарына пәле жіберемін! Яһуда патшасының алдында оқылған жазбадағы қарғыстардың барлығын олардың бастарына түсіремін! Себебі олар Мені елемей тастап кетті, әрі бөгде тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп, өз қолдарымен жасаған тәңір мүсіндеріне табынып, әдейі ашуымды туғызды. Мен осы жерге лаулаған қаһарымды төгемін, ол енді еш сөнбейді! Дегенмен сіздерді Жаратқан Иенің еркін сұрап білуге жіберген Яһуда патшасына тағы былай деңіздер: Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие сіз жаңа естіген хабар туралы мынаны да айтады: «Сен Менің осы жерге және оның тұрғындарына шығарған үкіміме құлақ асып, жүрегіңді қасарыстырмадың, керісінше, Маған мойынсұндың. Қатты қайғырып, көйлегінің өңірін айыра жыртып, Менің алдымда көз жасыңды төктің. Сондықтан Мен саған құлақ салдым. — Сонымен Құдай Ие былай деп шешті: — Біліп қой, уақыты келгенде Мен сені ата-бабаларыңның қасына аттандырып, мәйітіңнің қабірге құрметпен қойылуына жағдай жасамақпын. Осылай сен Менің осы жерге және оның тұрғындарын жіберетін күллі пәлелерді көрмейсің».Елшілер патшаға қайтып келіп, осы хабарды жеткізді.
Выбор основного перевода