Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Езекияның адалдықпен жасаған осындай күллі істерінен кейін, Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда еліне қарсы аттанып, оның қамалды қалаларын қоршап, күшпен тартып алмақ болды. Жаудың елге басып кіріп, астанасы Иерусалимге де қарсы соғыспақ болғанын көрген Езекия уәзірлерімен және қолбасшыларымен кеңесіп, қала сыртындағы су көздерін бітеп тастау туралы ақылдасты. Олар патшаны қолдады. Көптеген адамдар жиналып, Ассурдың патшалары өз әскерлеріне су таба алмай қиналсын деп, барлық бұлақ көздерін және сол жермен ағып жатқан жылғаны бітеп тастады. Езекия іске бар ынтасымен, жан сала кірісіп, қамалдың құлап қалған барлық қабырғаларын қайта тұрғызып, үстіне бірнеше күзет мұнарасын да салды. Оның сыртынан тағы бір қабырға тұрғызып, Иерусалимдегі «Дәуіттің шаһары» делінген көне қорғанның саты тәрізді беткейіне де бекіністер салғызды.Сонымен қатар патша көп етіп қару-жарақ пен қалқандар жасатып, халық үстінен әскери бастықтар тағайындады. Содан ол барлығын қала қақпасының жанындағы алаңға жинап, оларды былай деп жігерлендірді: «Қайратты да батыл болыңдар! Ассур патшасынан және оның ертіп алып келе жатқан қалың тобырынан абыржып қорықпаңдар! Бәрінен де құдіретті күш оның емес, біздің жақта! Жаудағының бары — білек күші ғана, ал бізге Құдайымыз Жаратқан Ие жар болып, біз үшін шайқасатын болады!» — Езекия патшаның бұл сөздерін естігенде халық жігерленді. Осыдан кейін Ассур патшасы Сеннахирим бүкіл әскерімен бірге Яһуда елінің Лахыш қаласына шабуыл жасады. Сол кезде ол Иерусалимге нөкерлерін жіберіп, Езекия патшаға және сол қалаға бас сауғалаған Яһуда халқының бәріне мынадай хабар жолдады: — Ассур патшасы Сеннахирим мынаны айтады: Сендер не нәрсеге арқа сүйеп, Иерусалимде қамалып отырып, тойтарыс бермексіңдер? Езекия сендерді: «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Ие бізді Ассур патшасының қолынан құтқарады!» деп алдап, аштық пен шөлден қырғынға ұшыратпақ болып отыр емес пе? Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалимнің халқына «Жалғыз (Иерусалимдегі) құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіп, шалынған құрбандықтарыңды тек соның үстінде ғана өртеп ұсыныңдар!» деп бұйырған осы Езекия емес пе еді? Расында менің әрі ата-бабамның басқа елдердің халықтарына не істегенімізді білмейсіңдер ме?! Сол халықтардың тәңірлері оларды менің қолымнан құтқара алды ма? Аталарым талқандаған елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз халқын менің қолымнан құтқара алды?! Ендеше сендер сиынатын Құдай да өздеріңді менің қолымнан құтқара алмайды! Сондықтан Езекияның еліктіруіне алданбаңдар, осындай қулықпен көздеріңді байлауына жол бермеңдер! Оған тіпті сенбеңдер! Ешбір елдің не патшалықтың тәңірі өз халқын менің және ата-бабамның қолынан сақтай алмады. Сендер сиынатын Құдайдың өздеріңді менің қолымнан құтқаруы одан бетер мүмкін емес! Сеннахиримнің жіберген нөкерлері Құдай Иеге және Оның қызметшісі Езекияға қарсы тағы да бірталай сөздер айтты. Мұның үстіне Сеннахирим Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге тіл тигізген сайқымазақ хаттарын жіберіп, онда: «Басқа елдердің тәңірлері өздеріне сиынған халықтарын менен сақтап қала алмағанындай, Езекияның Тәңірі де халқын менен қорғай алмайды!» деп жазды. Сеннахиримнің нөкерлері қаланы айналдыра қоршап тұрған қамал үстінде жиналған Иерусалим тұрғындарына қатты дауыспен яһудилердің тілінде айқайлап, қоқан-лоқы көрсетіп қорқыта бастады. Оларды үрейлендіріп, қаланы тезірек басып алмақ болды. Сол нөкерлер Иерусалимнің халқы сиынатын Құдайын жер бетіндегі басқа халықтардың адам қолынан шыққан тәңірсымақтарындай көріп, Оған тіл тигізді. Алайда Езекия патша және Амос ұлы Ишая пайғамбар осыған бола көктегі Құдайға жалбарына сиынды. Езекияның патшалық құрған он төртінші жылы Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда елінің (Иерусалимнен өзге) барлық қамалды қалаларына қарсы аттанып, оларды басып алды. Сол кезде Ассур патшасы Лахыштан өзінің бас уәзірін қалың қолмен Иерусалимдегі Езекия патшаға жіберді. Бас уәзір Жоғарғы тоғанға қарай аққан арықтың бойында, мата ағартушы шеберлердің даласына апаратын жолда тоқтады. Сонда Яһуда патшасының сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, хатшысы Себна және жылнамашысы Асаф ұлы Жоғах қаладан шығып, оның алдына келді. Ассур патшасының бас уәзірі бұларға тіл қатып былай деді:— Езекияға мына сәлемді жеткізіңдер: Ассур елінің ұлы патшасы мынаны айтады: Сен не нәрсеге арқа сүйейсің? «Менде соғысуға ақыл-кеңес пен күш-қуат бар» дейсің. Алайда мұның тек бос сөздер ғана. Маған қарсы бас көтеретіндей сен енді кімге сүйенесің?! Біліп ал, сен сүйеніп келген Мысыр сынық қамыс іспетті. Егер адам сынық қамысқа сүйенсе, сол оның қолына кіріп, алақанын тесіп шықпай ма? Сол сияқты, Мысыр патшасы перғауын да өзіне сүйенгендердің бәріне осылай істейді. Ал егер маған «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Иеге сеніп отырмыз» десеңдер, мынаны ойлаңдар: Езекия Оны қатты ренжітті емес пе? Ол Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалим халқына «Тек (Иерусалимдегі) осы құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіңдер!» деп бұйырған жоқ па?! Ал енді, менің тақсыр ием — Ассур патшасымен келісім жасаңдар: мен сендерге екі мың ат беремін, егер де араларыңнан соншама атқа мінер жігіт шығара алсаңдар! Сендер тіпті Мысырға, оның соғыс күймелері мен атты әскеріне сүйене отырып та, тақсыр иемнің нөкерлерінің арасынан ең кіші деген әкіміне де қарсы тұра алмайсыңдар! Мұның үстіне мені осы жерді талқандауға Жаратқан Иенің еркінсіз келді дейсіңдер ме? Маған: «Сол елге өрлеп барып, оны құртып жібер!» деген — Жаратқан Иенің Өзі! Сонда Елиәкім, Себна және Жоғах Ассур патшасының бас уәзірінен:— Біздей құлдарыңызға арамейше сөйлей беріңіз, біз оны да түсінеміз. Яһудилердің тілінде сөйлемей-ақ қойыңыз. Әйтпесе қамал басындағы халық естіп қояр, — деп өтінді. Бірақ бас уәзір жауап қайырып:— Тақсыр ием мені осы сөздерді тек сендердің иелерің мен өздеріңе ғана айту үшін жіберді дейсіңдер ме? Мені мына қабырғаның үстінде отырған адамдарға да жіберді емес пе? Олар әлі де сендермен бірге өз нәжістері мен зәрлерін ішіп-жейтін болады! — деді. Содан бас уәзір отырған орнынан тұрып, бар даусымен айқайлап яһудилердің тілінде былай деді:— Ұлы патша — Ассур патшасының сөзін тыңдаңдар! Патша мынаны айтады: Езекияның еліктіруіне алданбаңдар! Ол сендерді менің қолымнан құтқарып қала алмайды. Езекияның «Бізді Жаратқан Ие шүбәсіз құтқарады, осы қала Ассур патшасының қолына түспейді» деп сендерді Жаратқан Иеге нандыруына жол бермеңдер! Езекияны тыңдамаңдар! Өйткені Ассур патшасы мынаны айтады: Менімен бітім жасап, қаладан шығып келіңдер! Сонда әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының жемісін жеп, өз құдығынан су ішетін болады. Кейін мен мұнда қайтып келіп, сендерді осы елдерің сияқты басқа бір елге көшіремін. Онда нан мен жүзім шырыны, егіндіктер мен жүзімдіктер мол болады. Тек Езекия «Жаратқан Ие бізді құтқарады» деп сендерді еліктірмесін! Әлде басқа халықтардың қандай да бір тәңірі өз елін Ассур патшасының қолынан құтқара алып па еді?! Хамат пен Арпадтың тәңірлері қайда? Сепар-Уаймның тәңірлері қайда? Әлде бірде-бір тәңір Самарияны менің қолымнан аман алып қала алды ма? Осы елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз елін менің қолымнан құтқарып қалған еді? Ендеше Жаратқан Ие Иерусалимді менің қолымнан құтқарып алмақшы ма?! Ал халық еш жауап қайтармай, үндемей тұра берді. Себебі Езекия патша: «Оған жауап қайырмаңдар!» деген жарлық шығарған болатын. Мұнан кейін сарай басқарушысы Хелкия ұлы Елиәкім, бас хатшы Себна және жылнамашы Асаф ұлы Жоғах Езекияға қайта оралды. Олар қатты күйзеліп үстеріндегі көйлектерінің өңірін айыра жыртып, патшаға Ассур патшасының бас уәзірінің сөздерін жеткізді.
Выбор основного перевода