Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сонымен Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған ғибадатхананың және өзінің патша сарайының құрылысын бітіріп, ойға алғандарының бәрін де жүзеге асырып болды. Сол кезде Жаратқан Ие оған түнде аян беріп былай деді:— Сенің мінажатың құлағыма жетті. Мен осы жерді Өзіме құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынылатын киелі үй болсын деп таңдап алдым. Егер Мен болашақта не аспанды жаңбыр жауғызбай жауып тастасам, не шегірткелерге елдегі егістіктерді жалмауды бұйырсам, не халқымның арасына індет жіберсем, сонда Менің атыммен аталып жүрген халқым Маған бой ұсына сиынып, еркімді білгісі келсе және теріс жолдарынан қайтса, онда Мен оларға көктен құлақ саламын. Мен күнәларын кешіріп, олар тұрған елді сауықтырып, қайтадан амандық пен тыныштық сыйлаймын. Бұдан былай осы жерде айтылатын мінажаттарға көзім ашық, құлағым түрулі болады. Мен бұл орынды таңдап алып, есімім әрдайым орнықсын деп Өзіме бағыштадым. Оны ұдайы жүрегімде ұстап, көзімнен таса қылмаймын. Егер сен әкең Дәуіт сияқты көз алдымда адал жүріп, өзіңе берген өсиеттерімді орындап, ережелерім мен шешімдеріме бағынатын болсаң, онда Мен сенің патшалық тағыңды берік етемін. Өйткені әкең Дәуітпен Келісім жасап, оған былай деп уәде еттім: «Онда әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилге билік құратын болады». Алайда егер өзің және ұрпақтарың Менен теріс бұрылып, өздеріңе тапсырған ережелерім мен өсиеттерімді орындамай, басқа тәңірлерге құлшылық етіп, табынатын болсаңдар, онда Мен Исраилді Өзім табыстаған осы елден қуып шығамын, әрі өз есіміме бағыштаған бұл киелі үйді де қасымнан алып тастаймын. Осылайша Мен оны барлық басқа халықтар мысалға келтіріп, табалап мазақ ететіндей масқараға ұшыратамын. Осы киелі үй қазір салтанатты болып тұрғанмен, қиратылып, үйінді болып қалады. Сонда оның қасынан өткен-кеткен әркім аңтарыла жаны түршігіп: «Жаратқан Ие бұл ел мен мына киелі үйге неліктен осындай нәрсені істеді екен?» деп сұрайтын болады. Сонда жұрт: «Себебі олар ата-бабалары сиынған, соларды Мысырдан бастап алып шыққан Құдайы — Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, бөтен тәңірлерге бет бұрды да, соларға табынып, құлшылық ететін болды. Сондықтан Жаратқан Ие олардың бастарына осы бақытсыздықтың барлығын үйіп-төкті!» деп мысалдайтын болады. Сүлеймен он үш жыл бойы өзіне патшалық сарай салып, оны да бітірді. Сүлеймен Жаратқан Иеге арналған ғибадатхананы және өзінің патшалық сарайын жиырма жылда салып бітірді. Патша, сондай-ақ, Бағалат қаласын және астық сақтау үшін қойма қалаларын әрі соғыс күймелері мен атты әскерінің жылқыларына арналған барлық қалаларды да салғызды. Жалпы, ол Иерусалимде, Ливан тауларында және өзінің билігіне бағынатын барлық жерде саламын дегендерінің бәрін де жүзеге асырды.
Выбор основного перевода