Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
2. Паралипоменон
Параллельные места
Сүлеймен жыл сайын қабылдайтын алтынның мөлшері алты жүз алпыс алты ат басындай болды. Бұған қоса делдалдар мен саудагерлерден, арабтардың барлық патшаларынан және елдің әкімдерінен де алтын түсіп жатты. Сүлеймен патша екі жүз үлкен қалқан жасатып, оларды балғамен соғылып тегістелген алтынмен қаптатқызды. Әр қалқанға кеткен алтынның мөлшері алты жүз мысқалдай болды. Патша тағы үш жүз шағын қалқан жасатып, оларды да соғылған алтынмен қаптатқызды. Бұл қалқандардың әрқайсысы үшін үш жүз мысқалдай алтын жұмсалды. Патша қалқандардың барлығын «Ливан орманы сарайына» қойғызды. Патша піл сүйегімен безендіріліп, саф алтынмен қапталған үлкен тақ жасатты; оның алты баспалдағы болды, арқалығының жоғарғы жағы дөңгелек еді. Тақтың патша отыратын орнының екі жағында бір қол тұтқадан, әр тұтқаның жанында бір-бірден арыстан мүсіндері тұрды. Алты баспалдақтың үстінде әр жағында бір-бірден, барлығы он екі арыстанның мүсіні тұрды. Мұндай тақ ешбір патшалықта бұрын-соңды жасалып көрмеген еді. Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал «Ливан орманы сарайындағы» ыдыстары саф алтыннан жасалды. Ешбір ыдыс күмістен жасалмады, өйткені Сүлейменнің заманында күміс құнсыз зат деп саналатын. Себебі патша өзінің үлкен сауда кемелерін (Тир патшасы) Хирамның кемелерімен бірге әр үш жылда бір рет алыс сапарға жіберіп, олар алтын, күміс, піл сүйегін, маймылдар және тауыс құстарын алып келетін. Осылайша Сүлеймен патша жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түсті. Жердің барлық адамдары Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауға құштар болды. Олардың бәрі оған жыл сайын сый-тартуларын: күміс пен алтын бұйымдарды, киім-кешек, қару-жарақ, хош иісті заттар, жылқы, қашырларды алып келіп отырды. Сүлеймен соғыс күймелері мен аттарды да жинап, жасақтады. Оның бір мың төрт жүз күймесі мен он екі мың жылқысы болды. Оларды күймелеріне дайындалған арнайы қалаларында және Иерусалимде өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады. Патша Иерусалимде күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе, әрі шетелден әкелінетін самырсындарды өз еліндегі төменгі қыраттарда өсетін тұт ағаштарындай мол етті. Сүлеймен жылқыларын Мысыр мен Қуадан алдыртты. Патшаның саудагерлері оларды белгілі бағаға Қуа елінен сатып алатын.
Выбор основного перевода