Выбор основного перевода
Открыть комментарий или сравнить с другим переводом
Выбор книги основного перевода
Параллельные места
Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:— Тезірек төмен түс! Сен Мысырдан бастап алып шыққан халқың азғындыққа салынды! Олар Мен өздеріне өсиет еткен жолдан лезде тайып шығып, алтыннан құйылған жас бұқа мүсінін жасап алды. Соған иіліп құлшылық етіп, құрбандық шалып, «Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы!» десті. Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді:— Мен бұл халықты назарымда ұстап келемін, оның тоң мойын қыңыр екеніне көзім жетті. Енді Мені тоқтатуға тырыспа! Қаһарым лаулап, оларды құртып жібермекпін. Содан кейін өзіңнен үлкен бір халықты жаратамын. Мұса екі тас тақташаны қолына ұстап, кері бұрылып, таудың басынан төмен түсіп кетті. Тақташалардың екі бетінде: алдыңғы және артқы жақтарында Келісімнің ережелері жазылған еді. Тас тақташаларды жасау да, беттеріндегі сөздерді ойып жазу да Құдайдың ісі болатын. (Мұсаны жарты жолда қарсы алған) Ешуа халықтың қатты дауыстаған у-шуын естіп: «Ел қонысындағы бұл шу соғыс кезінде шығатын айқай ғой!» — деді. Ал Мұса: «Бұл жеңістің қуанышты үні емес, жеңілістің зарлайтын үні де емес. Қайта, мен айтылған ән-жырларды естіп тұрмын», — деп жауап қайырды. Олар ел қонысына таяп, Мұса жас бұқа мүсінін әрі би билеген халықты көргенде қаһары лаулады. Содан ол тау етегінде тұрып, қолындағы тас тақташаларды жерге лақтырып жіберіп, быт-шытын шығарды.
Выбор основного перевода